Өнер • 27 Шілде, 2022

Дәуірлер тоғысы

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алқаракөк аспанның күңгірт күмбезіне, тал түстегі күн көзімен шағылысқан көгілдір сағымға, көк бұлтқа шомылған ағаштардың ұшар басында қадалып отырып жер мен көктің тәңір берген ғажайып бояуын көкейіне қондырған. Өмірдің оған берген осынау еншісіне еш баға жетпейтін секілді. Шексіздік… мүмкін дәуірлердің бір нүктеде тоғысуы.

Дәуірлер тоғысы

Суреткердің ішкі әлеміне үңілсеңіз, сіз де сағымға оранасыз. Көз алдыңызда жылдар жүйтки жөнеледі. Сіз уақытқа ілесе алмайсыз, мәңгілік қан­ша қуаласаңыз да жеткізбейтін елес... Шеберханадағы мың бояу­­дың әрқайсысы өзге ға­лам­шардың түр-түсін, кес­кін-келбетін бедерлеп тұрған­дай. Автор – жалғыз, кейіпкер көп, яки ғасырдың еркіне бағындырған қылқалам шеберіне даралық ­инстинг берілген.

Бұл – Тілеужан Батанов. Ға­жайып суретші һәм скульп­тор. Оның абстракцияға толы картиналары  кез келген интерьерге, тіпті беймәлім тарихи оқиғаларға сыйып кетеді. Оның абстракционизмге әуестігі сонша, қолтаңбасында арт-деко мен минимализмнің эстетикалық бастауы тұр.  Егер сіз үйіңізді безендіру үшін кескіндеме сатып алғыңыз келсе, абстракция кез келген заманауи стиль үшін ең жақсы таңдау болып қала бермек. Бұл реализмнен қашудың амалы емес, қайта оны биікке көтеру. Мұны суретші жақсы түйсінген.

Мәселен, суреткердің біз ұсынған картинасына назар салыңызшы. Қыран құс, қыш ыдыстар, атты адам, шам, дома­ланған дүние бәрі-бәрі алыстан мұнартады, олар әр дәуірдің белгілері, бірақ кенепке кенеттен қонбаған. Автордың ойлау өрісі аспанды тұтастай бір жарықтың шеңберіне байлап, өткен мен бүгінгінің арасына шекара қоймайды. Шығарма­ның ерекшелігі де осында.

Иә, бір қарағанда туындыдан реалистік мәнер көре алмаймыз. Кенепке құдды футуризм мен кубизм рухы қонған секілді. Интерьері өте бай, де­рекс­із де емес. Абстракция­ны өзінің сәнділігімен және де­корының көптігімен тарихи стиль­ге сәйкес келтірілген. Мұн­­­да шексіздік­тен бөлек, мез­гіл­­дердің үйлесімі, ескілікке көз­­қарас, болашаққа деген байлам бар. Суреткердің картинаға атау қоя алмағаны содан да болар. Бүтін дүниені бір сөзбен сипаттау мүмкін бе?!