Табиғи сүзгі ретіндегі Көкжиде құмдарының артықшылығы сол, мұндағы су қорының құрамы және сапасы жағынан еліміздің батыс облыстарын, соның ішінде Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларын толық қамтамасыз ете алады. Кеңес өкіметінде осы аумақты өндірістік мақсатта пайдалануға тыйым салынып, Көкжиденің Орқаш бөлігіндегі құмына қарағайлар отырғызылып, табиғи қорық ретінде қорғалды. Қазір бұл іс жайына қалды. Өйткені соңғы жиырма жылдан бері мұнай өндіретін алты компания Көкжиде құмдарынан тоқтаусыз мұнай алып жатыр. Жұртшылықтың алаңдаушылығы да осыған байланысты.
Құмды алқапта «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «RAMCO Oil» ЖШС және «Aral Petroleum Capital» ЖШС мұнай өндіреді.
Құмды алқапта ең көп ұңғыма орнатқан «КМК-Мұнай» компаниясы (108 ұңғыма) мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-і (38 ұңғыма). Экологтер мұнай тоқтаусыз алынғанда құм белдеуінде мұнайдың бір көкжиектен екінші көкжиекке ағуы бірегей су кен орнының біржола жоғалуына әкеледі деген де қауіп айтып отыр.
Ақтөбе облыстық экология департаментінің мамандары соңғы рет жүргізген мониторинг қорытындысында жыл сайын жер асты суларының мұнай өнімдерімен ластануы артып келе жатқанын анықтады.
Көкжиденің астында тұщы су қоры белдеуі жатса, беткі бөліктерін мұнай таситын ауыр көліктер таптап тастаған. Мұнай ұңғымалары аумағы қатты ластанған, консервацияланған ұңғылардың бекітілуін ешкім қадағалап жатқан жоқ. Осы төңіректегі Темір және Ембі өзендерінің арналары тұрмыстық қалдықтармен ластанған, өзен арналарының саязданған кез келген тұсын ауыр техникалар өткел еткен.
Көкжиде кен орнының жер асты сулары кен орнын сақтау үшін жергілікті атқарушы органдар мұнай компанияларының қызметіне тыйым салу туралы ұсынысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдады. Жоғарыда көрсетілген ұсыныстар негізінде аталған ведомство Көкжиде жерасты суларының бірегей кен орнын сақтау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Көкжиде құм сілемінің жерасты суларының сапасын зерттеу үшін мониторингтік ұңғымалар санын 17-ден 108 бірлікке ұлғайтып, жерасты сулары қорына қайта бағалау жүргізді.
2019 жылы облыстық экология департаменті «КМК Мұнай» АҚ және «Фирма Ада Ойл» ЖШС ұңғыларына бақылау жүргізуі нәтижесінде жер асты суларындағы мұнай қалдықтары шекті рұқсат етілген мөлшерден бірнеше рет асқанын анықтады. Соның ішінде «КМК Мұнай» АҚ-ға қарасты 4 бақылау ұңғысы жанынан алынған сынамада тұщы судағы мұнай қалдықтары рұқсат етілген шекті мөлшерден сегіз есе артқан. Осы сияқты «Фирма Ада Ойл» ЖШС-нің 5 ұңғымасында да 7,8 есеге ұлғайған. Тұщы су қорының қақ ортасына қондырылған мұнай ұңғыларының экожүйені бүлдіріп жатқанын осыдан-ақ көруге болады.
Министрлік жерасты сулары шекарасында жер қойнауын пайдаланушы – «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС қызметтерін кезең-кезеңімен тоқтатуға ұсынысты Энергетика министрлігіне жолдады. Сонымен қатар Экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға өтемақы ретінде басқа жақтан жаңа кен орындарын беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Қазіргі кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Энергетика министрлігінің жауабын күтіп отыр. Бірақ энергетиктердің жауабы ұзаққа созылып барады.
Осы сұрақты бір ай бұрын Ақтөбе облысына келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке қойған едік. Министр Көкжиде кенішінде бұрғылау жұмыстарын тоқтатуға байланысты жауап берді.
«Көкжиде жерасты су қорын сақтап қалу үшін Энергетика министрлігімен бірлесе Жол картасы бекітілді. Осы Жол картасы бойынша 8 мұнай компаниясының ұңғылары жерасты су қоймасы шекарасына кіретін болса тоқтатылатыны анықталды. Әзірше тоқтатылған жоқ. Өйткені су белдеуіндегі ұңғылардағы мұнай қалдықтары шекті рұқсат етілген мөлшерден аспайтынын сараптама нәтижесі көрсетті. Бірақ суда мұнай қалдықтары бар. Бұл мәселе Энергетика министрлігімен бірлесе шешіліп жатыр. Жақын арада жұмысқа кірісеміз», деді министр.
Алдағы уақытта елімізде тұщы су қоры азаяды деген қауіп бар. Сондықтан да болашақта жерасты тұщы су қорын сақтау, ысырапсыз пайдалануды тоқтату өте маңызды екендігін жұрттың бәрі түсінеді, бірақ әрекет аз. Қазір де жұртшылық ауыз су тапшылығын сезіне бастады. Бүгінде Ақтөбе қаласының тұрғындары мен өндірістік нысандары тәулігіне 90 мың текше метр суды тұтынады. Бір адамның суды тәуліктік тұтыну шегі –120 литрге тең. Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны 600 мың адам деп есептесек, су тұтыну мөлшері тәулігіне 64,8 мың текше метрді құрайды. Қала төңірегіндегі су алатын белдеулерде су азайып барады. Көкжиденің сапалы суын қалаға құбыр арқылы тарту жобасы да күн тәртібінде тұр. Жақын уақытта мұнай компанияларының құм белдеуіндегі бей-берекетсіз жұмыстарына тоқтам болмаса, алдағы уақытта стратегиялық су қорынан айырылатын түріміз бар.
Құм – сүзгі. Жерасты суларының негізгі көзі болып табылады. Жергілікті атқарушы органдар «Көкжиде-Құмжарған» ерекше қорғалатын табиғи аумақ құруға ықыласты. Табиғи қорық құрылса, оның аумағын өндірістік мақсатта пайдаланып жатқан мұнай компанияларының бей-берекетсіз әрекетіне тыйым салынса, осы жердегі сиректеу қарағай тоғайы мен аң-құстарына да қорған болатын еді. Алайда Мұғалжар қыраттарының көне сілемдерінің бір тұсындағы экожүйені сақтау жөніндегі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Ақтөбе облысы