![Имантау-Шалқар курорттық аймағы экологиялық туризмді дамыту орнына айналады](/media/2022/07/27/bcf107cea71dc2bdf3a393cc68076e2b.jpg)
«Қазақстанның әр өңірінде болашақта экологиялық және танымдық туризм орталықтары бола алатын ерекше орындар бар. Соның бірі еліміздің солтүстігінде – «Көкшетау» ұлттық паркі аумағында орналасқан Имантау-Шалқар курортты аймағы, ол туристік ағындардың 5 есе өсу әлеуетіне ие, яғни жылына 280 мың туриске дейін қабылдай алады», деп атап өтті министр Дәурен Абаев.
Өз кезегінде турбизнес өкілдері Шалқар көлінің бойындағы жолды жөндеуге және инженерлік инфрақұрылым құрылысына рұқсат беруді сұрайды. Курорттық аймақ «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында орналасқан және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағында.
«Көл аумағын сапалы дамыту үшін әкімдікпен бірлесіп туристік инфрақұрылымды жабдықтауға мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Бұл жұмыс басталып та кетті», деді ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев.
Министр Д.Абаев сондай-ақ Шалқар және Имантау көлдерінің бойындағы туристік базаларды аралап, ашық аспан астындағы мұражай құрылысының жобасымен танысты, «Шалқар Су» санаторийінің қалпына келтірілу жұмыстарының барысын көрді.