Экономика • 27 Шілде, 2022

Арнайы аймақтардың аптығы басылды ма?

204 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы экономикалық аймақтардың айдарынан жел есіп тұрды. Ай сайын түрлі өндіріс ашылып, жыл сайын жүздеген жоба пысықталып жататын. Қазір арнайы экономикалық аймақтардың аптығы басылған секілді. Әйтеуір, бұрынғыдай белсенділік байқалмайды. Ел индустриясын ұшпаққа шығаруға тиіс арнайы аймақтардың қазіргі жай-күйі қалай? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Арнайы аймақтардың аптығы басылды ма?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Соны жобалар сиремесе дейсің

Өздеріңіз білетіндей, арнайы эконо­микалық аймақ дегеніміз – бәсекеге қабілетті өндірістер құру мақса­тында отандық және шетелдік инвестицияларды, технологияларды, құзыреттерді тарту үшін жасақталған дайын өндірістік алаң. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың дерегінше, бүгінде республикада 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Негізінен олар экономиканың әлеуеті зор нақты салаларына бейімделген.

Арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына арнайы құқықтық режім қарастырылған. Соған сәйкес арнайы аймақтағы компаниялар салықтық міндеттемелерден (корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы, әлеуметтік салық, жер салығы, арнайы аймақ аумағында тауарды өткізуге арналған қосылған құн салығы), кедендік баждан босатылған. Оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар дайын өндірістік алаң ұсынылады. Квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тартуға мүмкіндік берілген.

Қазіргі таңда отандық арнайы экономикалық аймақтардың инвес­тициялық портфелінде 1,2 трлн теңгеге жүзеге асырылған 315 жоба бар. Осы жобалардың нәтижесінде 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жобалар экономиканың барлық базалық салаларын қамтиды және қосылған құны жоғары әрі өнімдік күрделілігі бар тауарларды өндіруге бағытталған. Өткен жылы арнайы аймақтарда 28 жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында бірқатар маңызды жобалар бар.

– Мәселен, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында аллюмосиликатты микросфера өндірісі қолға алынды. Оның бірінші кезеңі өткен жылдың 20 сәуірінде іске қосылды. Өндіріске қажетті шикізат ретінде ГРЭС пен жылу-электр орталығынан шығатын күлдің жеңіл фракциялары, ценосфералар қолданылады. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында этил/метил трет-бутил эфир және ұнтақ полипропилен өндірісі іске қосылды. Қазіргі таңда фабрикада 130 жұмыс орны ашылды. Жоба құны – 11 млрд теңге, өндірістік қуаттылығы – жылына 80 мың тонна. Компания өнімінің 90 пайызы ішкі нарықта сатылады. Кәсіпорын осы жылдың бірінші жартыжылдығында 1,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның 502 млн теңге болатын өнімі шетелге экспортталды. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында көлемді-блоктық үй құрылысы зауыты пайдалануға берілді. Бұл – темір­бетон бұйымдарын – модульдерді өн­дірудің автоматтандырылған процесі. Жобаны іске асыру құрылыс процесін оңтайландыруға, оны уақыт пен ресурс­тар және шикізатты пайдалану бойынша тиімді етуге мүмкіндік береді. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында геомембран және геосинтетикалық өнімдер өндірісі қатарға қосылды. Өнімдер тек бастапқы шикізат пен ең озық технологияларды қолдана отырып, заманауи автоматтандырылған өндіріс желілерінде шығарылады. Жобаның өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаны, тәулігіне 15 тоннадан астам геомембрананы құрайды, – дейді І.Оспанов.

Ел экономикасы үшін маңызды жобалардың бірі QYZYLJAR арнайы экономикалық аймағында іске қосылды. Ол – CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру зауыты. Өндірістің технологиялық процесі Tucano комбайндарын, Xerion тракторларын және KERIO дестелегіштерін құрас­тыруды көздейді. Өндірістің жылдық қуаты 420 бірлік техниканы құрайды. Арнайы бекітілген жол картасына сәйкес, алдағы уақытта CLAAS әлемдік брендінің жаһандық тізбегіне одан әрі бойлау мақсатында жиынтықтауыштарды өндіру бойынша отандық кәсіпорындардың техникалық аудиті жүзеге асырылатын болады.

– Бұдан басқа, жалпы құны 4,3 трлн теңге болатын 256 жоба іске асыру кезеңінде тұр. Олар ойдағыдай іске қо­сылса, 24 мыңнан астам жұмыс орны құ­рылмақ. Олардың арасында биыл жыл соңына дейін іске қосылатын ірі өндірістер бар. Мәселен, интеграцияланған алғашқы газ-химия кешенінің құрылысын айтуға болады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Жоба өнеркәсіптік салаларды әртараптандыру үшін полимерлер өндірісіне бағытталған. Ірі жобалардың қатарында «Ақтау теңіз порты» ар­найы эко­номикалық аймағында сорғы штан­галары мен муфталарды өндіру зауыты бар. Жобаның құны – 14,2 млрд теңге. 50 жұмыс орны ашылады. Зауыт 300 мың сорғы штангасын және олар­ға 350 мың муфтаны шығаратын бола­ды. «Астана – жаңа қала» арнайы эконо­ми­калық аймағында медициналық маска­лар мен респираторлар өндірісі іске қосылады. Бірінші кезеңде өндіріс қуаты жылына FFP2 және FFP3 клас­ты респираторлардың 2,5 млн бірлігін құрамақ. Екінші кезеңде қуаттылық жылына 10 млн бірлікке жетпек. Респи­ра­торлардан бөлек газтұтқыштар мен сүзгілер, сондай-ақ эвакуациялауға арнал­ған өздігінен тотықтырылатын мас­калар өндірісі де қолға алынады. Өнімнің 50 пайызын Ресей мен Орталық Азия ел­деріне экспорттау жоспарланып отыр, – деп толықтырды Индустриялық даму комитетінің төрағасы.

Мән берер мәселе көп

Кез келген арнайы экономикалық аймақ жұмысының тиімділігі инфра­құ­ры­лымның дайындығына байланысты екені белгілі. Бүгінгі таңда инфрақұрылым жүр­гізуге 393,5 млрд теңге бөлінді. Атал­ған қаражат есебінен инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылымның база­лық түрлері жүргізіліп, дайын өндірістік үй-жайлар салынды. Ілияс Оспановтың айтуынша, әзірше инфрақұрылымның аяқталуының орташа көрсеткіші 70 пайызды құрап отыр. Оның ішінде «Оңтүстік», «Инновациялық технологиялар паркі» және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтарында тиісті жұмыстар толығымен аяқталған. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі төмен арнайы экономикалық аймақтар негізінен жаңадан құрылған. Олар – Turkistan, «Астана – Технополис» арнайы аймақтары. Ал қалған арнайы экономикалық аймақтар базалық ин­фра­құрылым объектілерімен қамтамасыз етілген.

– Бүгінгі таңда отандық арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермейтін бір­қатар мәселе бар. Бірінші мәселе – арнайы аймақтардағы инфрақұрылым құры­лысының аяқталмауы. Оны шешу үшін арнайы аймақ құрамынан инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарды алып тастау ұсынылып отыр. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға және басталған объектілерді салуды аяқтауға қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвестициялық жеңілдіктерді қол­дан­байтын қызметтің басым түрлеріне жатпайтын инвесторларға жер учаскесін беруді көздейтін құрамдастырылған режімді енгізу ұсынылады. Екінші мәселе – арнайы экономикалық аймақтардың нақты профилі жоқ. Сондықтан кейбір арнайы аймақтарда бейінді емес қызмет түрлерін қысқарту ұсынылады. Мысалы, «Ақтау теңіз портынан» IT-саланы, «Астана – Технополистен» денсаулық сақтауды, «Астана – жаңа қаладан» құ­рылыс сияқты кейбір бейінді емес қызмет түрлерін қысқарту ұсынылып отыр. Бұл арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін үлкен әлеуметтік-экономикалық тиімділігі бар өнеркәсіптік жобаларға шоғырландыруға мүмкіндік береді, – дейді І.Оспанов.

Қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе – қызметтің басым түрлерін кеңейту рәсімдеріне көп уақыт керек. Кей­бір әлеуетті инвесторлар арнайы аймақ ұсынатын қызмет түрлерінің тіз­бе­сіне сәйкес келмеуіне байланыс­ты арнайы экономикалық аймаққа орналаса алмайды. Елдің заңнамасында белгілі бір жоба үшін қызмет түрлерін ке­ңейту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл про­цедуралық түрде бір жылға дейін созылуы мүмкін. Мұндай жағдайда бюрократиялық кідірістерге байланысты инвесторды жоғалту қаупі туындайды. Ол үшін келісудің кейбір элементтерін алып тастау арқылы мерзімдерді қысқарту ұсынылып отыр.

– Жер учаскесін сатып алудың да өз қиындығы бар. Заңнамаға сәйкес арнайы аймақтың жер учаскелерін қаты­сушылар арнайы экономикалық аймақтың қолданылу мерзімі өткеннен ке­йін ғана сатып ала алады. Бұл жағдай ин­вестордың ертеңгі күнге деген сенім­-
сіздігін тудырады және өз өндірісінің барлық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бермейді. Біз индустриялық аймақтардың қатысушыларымен ұқсас жағдайлар бо­йынша барлық объектілер пайдалануға берілгеннен кейін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Жоғарыда аталған ұсыныстар осы жылдың 27 маусымында бекітілген арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасында қамтылған. Жол картасы барлық жаңа тәсілдерді іске асыру үшін басты стратегиялық құжатқа айналады. Бұдан басқа, арнайы аймақтардың қызметін жетілдіру үшін біршама жұмыс атқарылды. Мәселен, арнайы экономикалық аймақтағы қызмет түрлерінің тізбесі нақты инвестициялық жобаларға арналған 74 позицияға, сондай-ақ арнайы аймақ қатысушылары сатып алатын қосылған құн салығы салынбайтын тауарлардың тізбесі 100 мыңға дейін кеңейтілді, – дейді комитет төрағасы.

Шетел инвесторы шекеден қарамайды

Арнайы экономикалық және ин­дустриялық аймақтарды дамыту жө­ніндегі бірыңғай үйлестіру орталығы QazIndustry АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазовтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтарда экономикалық қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын 818 қатысушы тіркелген. Жобаларды іске асыру есебінен осы күнге дейін 5,5 трлн теңге инвестиция салынған. Оның ішінде өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға 2,2 трлн теңге бағытталған.

– 2018 жылдан бастап инвестиция тартудың оң динамикасы байқалады. Арнайы аймақта өндірілген тауар өнді­рісінің көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша жыл сайын оң динамика байқалады және 2020 жылдан бері жалпы көрсеткіш 1 трлн теңгеден асып отыр. Арнайы аймақ тауар номенклатурасы өндірістің барлық саласында орта және жоғары технологиялық тауарлармен ұсынылған. Мұндағы қатысушылар жолға қойылған өндірістік өзара іс-қимылдарымен ерекшеленеді. Олардың есебінен аймақтарда кластерлік тәсілдерді жоғары дамыту әлеуеті бар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында соңғы
буынды логистикалық кластер құрылды. «Астана – жаңа қала» аймағында бұрын Қазақстанда болмаған темір жол жасау, машина кластері жасақталды. «Оңтүстікте» тоқыма өнеркәсібі жандандырылды. «Павлодарда» мұнай-химия кластерінің негізі қаланды. Жалпы аймақтарда
300-ге жуық өнім түрі шығарылады, – дейді Марат Бопазов.

Оның пікірінше, отандық арнайы экономикалық аймақтар шетелдік инвесторлар үшін де тартымды. Елімізде олардың қатысуымен 70 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 17 мың жұмыс орны құрылды.

– Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 386,9 млрд теңгеге жетті. Арнайы экономикалық аймақтарда Alstom, «Трансмашхолдинг», Eurocopter, Paramount Group және басқа да шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Арнайы аймақтарда өндірілген тауарлардың экспорт көлемі 378,8 млрд теңгені құрады. Экспорт географиясы ТМД елдерінен де, Еуродақ мемлекеттері мен Қытайды да қамтиды. Мысалы, «Павлодар» арнайы аймағында өндірілетін қыздырылған мұнай коксы Ресей мен Қытай нарықтарына, «Ақтау теңіз порты» арнайы аймағында өндірілетін болат құбырлар Францияға экспортталады. «Оңтүстік» шығаратын тоқыма өнеркәсібі өнімдері Канадаға, Түркияға, Ресейге және Орталық Азия елдеріне жеткізіледі. Төленген салық міндеттемелерінің көлемі шамамен 300 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымын жүргізуге жұмсалған мемлекеттік қаражатты толық қайтару қамтамасыз етілді. Оның қатысушылары жұмсалған 1 теңге үшін мемлекетке инвестициялық салықтар мен қаражат есебінен 6,2 теңге қайтарды.  Арнайы аймақтарда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Жоспарланған жобаларды іске асыру есебінен қосымша 22 мың жұмыс орны ашылды. Тұтастай алғанда, арнайы аймақтардың экономикалық тиімділігі байқалып отыр, – дейді «QazIndustry» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.