Табысы таразыға түсе ме?
Өз міндетіңді мінсіз орындап, жұмысыңа тура барып, тура қайтсаң, ешкім соқтықпайды. «Антикор» былай тұрсын, учаскелік полиция қызметкері де себепсіз маңайына жоламас еді. Бүлдіретін өздері. Халықтың игілігіне бөлінген қаражатқа қызығады да тұрады. Үйі мен көлігі, есепшотында біраз қаражаты бола тұра неге жемқорлықтың жетегінде кетеді деп кейисің кейде. Көз тоймайды деген рас екен-ау. Топырақ тойдыратыны шындық. Павлодарда жүргендер Нұр-Сұлтан қаласынан үй алғысы келеді, елордалық шенділер шетелде алып сарайым болса деп армандайды. Жигули мінген мемлекеттік қызметшіні көрдіңіз бе? Әйтпесе, шаһардың о шетінен бұ шетіне жұмысқа дейін құны арзан көлік те апарады емес пе? Қайсын тізгіндесең де кептелісте тұрасың ғой. Мұны айтып отырғанымыз бекер емес. Қарапайым халықтың санасында шенеуніктің қымбат көлігі мен үйі халықтың қаражатына алынды деген пікір қалыптасқан. Кінәлі тағы өздері.
Ендігі жерде елімізде мемлекеттік қызметшілердің табысы мен шығыны бақылауға алынуы мүмкін. Мәжіліске түскен заң жобасында шенеуніктердің табысы мен шығыны арасында айырмашылық байқалса, оларға санкция салынатыны көрсетілген. Яғни айырмашылық 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асса, оған сол айырмашылықтың 90 пайызына тең болатын айыппұл салынады. Ал шығын мен кіріс арасындағы табыс мемлекеттік қызметшінің жылдық табысынан асып кетсе, қызметінен босатылады. Бақылау мемлекеттік қызметкердің декларациясына ғана емес, туыстары мен отбасы мүшелерінің шығынына да жүргізілетінін атап өткен жөн.
Жоғарыда Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы байланысты бекер тілге тиек еткеніміз жоқ. Жақында Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалиноваға қатысты сот үкімі шықты. Ол Әлихан Бөкейхановтың мүсінін дайындауға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін миллион теңге көлемінде пара алған. Сотта айыпталушы қаражатты Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер алу мақсатында алғашқы жарнаны төлеуге ниеті болғанын жасырмады.
Антикордан темір торға дейін...
Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алқа отырысында агенттік төрағасы Олжас Бектенов жартыжылдықтың қорытындысын жариялады. Бәріміздің аңдығанымыз статистикалық көрсеткіштер. Пара алу оқиғалары азайды ма деп алаңдаймыз ғой баяғы. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, елімізде 6 айдың ішінде 1300-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Көп иә? Жымысқы әрекетке барған 800-ден астам тұлғаның 140-ы түрлі деңгейдегі басшылар екен. Сотқа 592 іс жолданып, 357 жемқор сотталған.
Белгілі болғандай, әзірге шелек жалағандардан гөрі айран ішкендермен күрес күшейтіліп жатқан көрінеді. Нақтыласақ, экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және оларды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты істерді тергеу ерекше бақылауда тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 430 млрд теңге немесе шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына активтер қайтарылыпты.
– Заңсыз шетелге шығарылған қаражат пен мүлікті елге қайтару мақсатында халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек. Таяуда Еуропа Кеңесінің тарапынан Қазақстанға еуропалық Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру хаты келді. Енді Конвенцияға қосылу үшін қажетті процедураларды қолға алатын боламыз. Бұл конвенция шетелден коррупционерлер мен ұрланған активтерді қайтару жолындағы мүмкіншіліктерімізді кеңейтеді. Еуропа Кеңесінің Коррупцияға қарсы мемлекеттер тобының мүшесі болу – еліміз үшін өте маңызды қадам. ГРЕКО-ның толыққанды қатысушы ретінде алғашқы монтирингтік раундтар шеңберінде бізге берілген 27 ұсынымын орындап жатырмыз, – деген еді О.Бектенов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін жиі еске салады. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл ретте, Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударады. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданғанын атап өткен жөн. Кейінгі үш жылда 200-ге жуық судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылуда.
– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деген еді Президент жыл басында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары батыл әрекет етпей, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.
Анығы сол, қай жерде ақша көп, сол жерде парақорлықтың исі шығады. Елімізде көбіне ауыл шаруашылығы, кеден, құрылыс, білім беру, коммуналдық бағыт, денсаулық сақтау салаларында сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркеледі. Бір ғана агроөнеркәсіп кешенінің айналасында дау-дамай, айғай-шу толастар емес. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің көп анықталатыны жасырын емес. Кейінгі 5 жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлген. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда.
«Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек», деген болатын Президент.
Кінә һәм күнә
Соңғы кезде мемлекеттік қызметшілерді темір тордың ар жағына «серуендетіп», жаза басқан бұрынғы әріптестерінің уақытша қоныс тепкен орнын көрсету дәстүрі пайда болды. Ойлансын, сабақ болсын деген мақсат қой. Себебі енді ғана мемлекеттік қызметші мәртебесін иеленіп, алғашқы сатыға қадам басқан жастар жетерлік. Ара-тұра имандылық жайлы сөз қозғау да артық етпейді. Сонымен ислам сыбайлас жемқорлық жайында не дейді?
Шариғаттағы жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған. Асыл дінімізде жемқорлық үлкен күнәлар қатарына жатады. Жалпы, Ислам шариғатында кез-келген мәселенің үкімі – Құран аяттары мен хадиснама деректеріне жүгіне отырып шығарылады. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәида сүресі, 42-аят): «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шексіз Алла турашылдарды сүйеді», деген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені – өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер. Ал тәпсірнама деректеріндегі Сағид Бин Жубайр: «Мұнда жемқорлық турасында айтылған», деп түсінік берген. Енді бір аят жолында Алла Тағала (Бақара сүресі,188-аят): «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар», делінген. Мұндағы аят жолында мағынасы ашық келген. Мінеки, Алла Тағаланың сыбайлас жемқорлыққа тыйым салғанына бірден-бір дәйек аталған аяттар болмақ. Сол сияқты парақордың тапқан табысы арам екендігін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінен анық көруге болады. Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Лауазымдық қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық – арам жолмен табылған жалақысы», деген екен. Тәпсір дереккөздерінде Абдулла Ибн Омар (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген», деп тұжырымдайды (Ат-Тирмизи). Сондай-ақ параны талап етіп, оны қабыл алып, сондай-ақ қолдау көрсеткен пара алушы мен беруші арасындағы тасымалдаушы дәнекердің ісі де қарғысқа ұшырағандардың әрекетіне жатады. Демек, сыбайлас жемқорлық барысында пара беруші мен алушы арасында делдал болуға да тыйым салынған.
Тарихы тереңде
Сыбайлас жемқорлық індеті заманмен бірге ілесіп, мол қаражат қайда болса, сол жерге тамыр жайып келеді. Кеселмен күресу сонау ежелгі заманда пайда болған. Сазға жазылған сына жазудың арқасында қазіргі уақытқа дейін жеткен тарихи мәліметтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресуші бірінші билеуші б.з.д. 2400 жылда өмір сүрген шумерлік ел басшысы екен. Ол жемқорлық үшін өте қатал жаза енгізген. Өкінішке қарай, деректерде оң нәтижеге жеткен-жетпегені туралы айтылмаған.
1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясына сәйкес, сыбайлас жемқорлық – президентке сенімсіздік жариялануға себеп болатын екі қылмыстың бірі. Тарихта сыбайлас жемқорлықпен сәтті күрестердің көптеген мысалдары мәлім. Солардың біріне тоқталсақ. Франция. XVIII ғасырдың аяғы. Якобиндік диктатура құрдымға кеткеннен кейін мемлекет тарихындағы ең сыбайластық тәртіп Директория орнады. Жаңа билік басқарған жылдары Франция құлдырады. Кейін билікке бірінші консул болып сыбайлас жемқорлықпен батыл күрес бастаған Наполеон келді. Бұл күрес қатігездікке емес, жазаның бұлтартпастығына сүйенген. Бірнеше ай ішінде Наполеон керемет жетістіктерге жетті, сонымен қатар Директория кезінде ұрланған ақшаларды қазынаға қайтарды.
Қазіргі уақытта сингапурлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес моделі үздіктердің қатарында. Сингапур тәуелсіздік алған сәтінде 1965 жылы сыбайлас жемқорлығы ең жоғарғы көрсеткішті ел болған: шенеуіктерге парасыз бір шешімді қабылдауға да рұқсат берілмейтін. Індеттің тамырына балта шабу үшін заңдар қатаң болды және сот жүйесінің тәуелсіздігі жоғарылады. Бар-жоғы бірнеше жылдан соң осы сияқты іс-шаралар кешенінің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі жедел төмендеді. Қазіргі уақытта Сингапур әлемде сыбайлас жемқорлық көрсеткіші ең төмен мемлекеттердің алғашқы ондығына енеді.
Қазақстан – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары секілді қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесін тұншықтырып, өзге маңызды салалардың дамуына нұқсан келтіруде. Шын мәнінде адал қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың арқасында ғана еліміздің экономикалық дамуы тұрақты болатыны анық.
Қорыта айтсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті әркім өз отбасынан бастау керек. Мемлекеттік қызметшілердің пара алғанына таңданамыз-ау. Кейде өзіміз де ұсақ та болсын жымысқы әрекеттерге жол беретініміз жасырын емес. Жол ережесін бұзып, жол-патрульдік қызметкері тоқтатса: «Жаназаға асығып бара жатыр едік» деп ақталамыз. Баламыз жақсы мектепке қабылдану үшін таныс директорларды іздейміз. Ауылдасың немесе руласың үлкен қызметке тағайындалса, «бір көмегі тиер» деп балаша мәз боламыз. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезектен құтылу үшін айла тапқың келіп тұрады. Осы сияқты ұсақ дүниелер сыбайлас жемқорлыққа апаратын жол. Ендеше, ұрпағымыз жемқорлықтан ада елде өмір сүрсін десек, онымен күресті ең әуелі өзімізден бастағанымыз жөн.