Жазғы ойындардың ашылу салтанатына қарақұрым халық жиналды. «Бесарыс» көгалдағы хоккей стадионында ине шаншар орын болған жоқ. Беташар сөзді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Жасөспірімдер тәрбиесі – бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі. Оларды бұқаралық спортқа тарту арқылы ерік-жігерін шыңдау, мінез-құлқын тәрбиелеу, рухын бекемдеу – біздің ортақ міндетіміз. Осы орайда бүгінгі басталып отырған жазғы ойындардың маңызы зор. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, әрдайым Көк туымызды жоғары ұстап, абырой биігінен көрініңіздер. Барша спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін», деді Б.Исабаев.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, волейбол мен асық ату «Жастар» спорт сарайында, грек-рим күресі, еркін күрес, қазақ күресі «Өркен» спорт кешенінде, дзюдо «Жастар 2» спорт кешенінде, шағын футбол «Болашақ» стадионында, көгалдағы хоккей «Бесарыс» стадионында, баскетбол 3х3-тен І.Жансүгіров атындағы университеттің спорт кешенінде, үстел теннисі «Жетісу» теннис орталығында, тоғызқұмалақ Жастарға қызмет көрсету орталығында, армрестлинг Өтенай ауылдық округінің мәдениет үйінде өтеді. Жазғы ойындар 3 тамызға дейін жалғасады.
Еске салсақ, төрт жылда бір рет жалауын желбірететін бұл дода осыған дейін 2018 жылы Сыр өңірінде өткен болатын.
Аймақтағы жас спортшылардың жетістіктеріне қысқаша тоқталсақ, жыл басынан бері халықаралық және республикалық жарыстарда облыс қоржынына түрлі дәрежедегі 900 медаль түсті. Жалпы, облыс аумағында кәсіпқой клубтардан «Жетісу» футбол клубы, «Жастар» ойындық спорт түрлері клубы және «Олимп» регби клубы бар. Бұл ретте «Бесарыс» көгалдағы хоккей командасы былтыр ел чемпионатында ерлер арасында 1-орын, әйелдер арасында 2-орын иеленген. Сонымен қатар биыл Тайландта өткен Азия Кубогында әйелдер командасы 1 және ерлер арасында 2-орын иеленіп, 2023 жылы Африка елінде өтетін әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.
Спортшылар ішінде тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Арсен Есентайды, шахматтан Азия чемпионы, әлем чемпионы Елназ Қалиахметті, дзюдодан ІІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бекарыс Сәдуақасты, велоспорттан Евгений Федоровты, сол сияқты 2022 жылдың басынан каратэ шотоканнан І Азия чемпионатының жеңімпаздары Сайлау Миратты, Михайл Пушкинді, жүлдегерлер – Рамазан Ибегенді, Салауат Рахымовты, Аргүл Мәжитованы, Ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен қыздар арасында Азия чемпионатының күміс медаль иегері Надежда Лиді мақтанышпен айтамыз.
Жетісу облысы