Қазақ даласын қобыздың мұңды үнімен тербеген өнер иесі пайдаланған аспаптың түпнұсқасы бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. «Қобызшы, әйгілі күйші-композитор Ықылас Дүкенұлының өзі жасап, күй шертіп, пайдаланған музыкалық аспабы бүгінде біздің музейдің құнды жәдігері саналады.
Аталған қобызды Ықыластың ұрпақтары 1916 жылдан бүгінгі күнге дейін қастерлеп, отбасының киелі мұрасы ретінде сақтап келген. Олар келтірген дерекке сенсек, Ықылас Дүкенұлы қобызын осыдан 140 жылдан астам уақыт бұрын жасаған екен. Қорқыт пен Қойлыбайдан кейін қазақ даласын сазбен тербеген әйгілі қобызшы Ықылас екені мәлім. Ықылас Дүкенұлының шөбере келіні Алтын Ақынбаева музей қорына 2008 жылы өткізген жәдігердің біз үшін орны бөлек», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.
Оның айтуынша, музейге келген жұртшылық Ықыластың қобызына айрықша назар аударады екен. Тіпті қолына ұстап суретке түскісі келетіндер де аз емес.
Жамбыл облысы