Егемен Қазақстан • 01 Тамыз, 2022

Тандем

246 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Сөз етпек болып отырған кейіпкерімізбен менің ең алғаш қашан, қалай танысқаным нақты есімде жоқ. Кейіпкеріміз деп отырғаным – әріптес іні, 18 жыл «Егемен Қазақстанда» тізе қосып жұмыс істеген азамат Еркін Қыдыр. Оның өзінің айтуы бойынша 80-жылдардың басында ол стажер студент, мен газет қызметкері «Лениншіл жастың» дәлізінде кездесіп, сәлемдесіп жүріппіз. Иә, бұл ҚазМУ-дың 3-4-курсында оқитын журфак қыз-жігіттерінің жастар басылымына тоқсан сайын топталып келіп, өндірістік тәжірибеден толассыз өтіп-кетіп жататын кезі-тін. Міне, солардың қатарында Еркін де болған екен. Атап айтқанда редакциядағы Жарылқап Бейсенбаев басқаратын адамгершілік және тәрбие бөлімінде үйренуші шәкірт міндетін атқарыпты. Одан жоғарыда аталған факультетте диплом қорғау... Университетті бітіру... Жолдамамен Шымкентке аттану... Сондағы облыстық газетке қызметке тұру...

Тандем

Мен ол кезде мұның біреуін де білген емеспін. Оның аты-жөнінен тек 90-жылдардың басында аға газеттің Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі меншікті тілшісі қызметіне кіріскендегі жазған мақалалары арқылы бір-ақ ха­бардар болдым. Ал кез­десіп, танысқанымыз 1996 жыл­дың жазынан басталды. Бұл Ақ­парат министрлігінің маусым айындағы соңғы аптаның жек­сенбісін журналистер күні деп белгілеген кез еді. Соған бай­ланысты Алматыдағы газет-жур­нал, радио және телевизия қыз­мет­керлері арасында футболдан С.Бердіқұлов атындағы турнир өтетін болды. Министрліктің ұй­ғарымы бойынша оны ұйым­дас­тырып, өткізуге бақылау жасау «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне жаңадан келген Еркін Қыдырға жүктеліпті. Осы­­ған байланысты ол алдағы іс-шараға қатысуға ынта біл­дірген БАҚ редакциялары өкіл­де­рін жинап алып, апта сайын­ жиналыс өткізіп тұрды. Сұрайтыны – командалардың жа­сақталу жағдайы, олардағы ойын­шы­лар­дың алаңға киіп шығатын спорт­тық формалармен қамтылу деңгейі. Ал талабы – дайындық иелерінің жұмыстан кейінгі жат­тығудан қалмауы. Қараймыз: өңі жылы, биязы жігіт. Мінезі жұм­сақ, кішіпейіл. Күтпеген жерден сөз тауып, елді ду күлдіретін әзілі да жоқ емес. Осы қасиетіне қарап оны жатсынбадық. Бір­ден іш тартып, тез тіл табысып кеттік. Сөйтіп, қолдан келген көмегімізді аямауға тырыстық. Соның нәтижесінде турнир де ың-шыңсыз өтіп, тиісті ведом­ствоның бұл іс-шараны жоғары бағалағаны бар.

Өстіп жүргенде астана Алма­ты­дан Ақмолаға көшетін бол­ды. Бұл 1997 жылдың аяқ кезі еді. Осыған байланысты бас­талған аласапыранда БАҚ саласы да оңтайлану, қысқару үде­рістерін бастарынан өткере бастады. Сөйтіп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей заман туды. Сонда не істерін білмеген көп әріптестеріміздің ойында бір ғана үміт болды. Ол – елордаға бет алған үлкен көшке ілігу-тін. Сондай ниет маған да тыным бермей жүрді. Бұған: «Астанада қалалық газет ашылғалы жатыр. Соған министрлік бас редактордың орынбасарын іздестіруде. Бар­ған қызметкерлерге әкімдік үй де береміз деп отыр», деген жанашыр жан Сауытбек Абдрахмановтың сөзі қамшы болған еді. Содан не керек: «Тәуе­кел!» деп Арқаға аттан­дым. Пойыздан түскен бойда әкімдік­ке, одан «Ақмола ақшамы» га­зе­тіне келіп, жұмысты бастадым. Ұжым мүшелері әр жақ­тан жиналыпты. Тату болдық. Энтузиазммен еңбек еттік. Сөй­тіп, газетті  жұтындырып, ел оқи­тындай қызықты етіп шыға­рып жаттық. Бірақ қала әкімі Жақ­сыбек Әділбековтен хабар жоқ. «Үй беремін», деген сөзін жұтқан сияқты. «Қой, – дедім арада сегіз ай өткен соң. – Жағдай осылай бола берсе, жылдың соңына қарай еңбек демалысын алайын да Алматыма кетейін. Содан бұл жерге қайта оралмай-ақ қояйын».

Осындай оймен жүргенде қараша өтті. Желтоқсан туды. Міне, сол уақытта «Ақмола ақ­ша­мына» мені іздеп Еркіннің кел­месі бар ма?! Мүлдем күтпеген нәрсе. Тосын жағдай. Өйткені ол кезде сан сапалақ жұмыстар­мен ию-қию тірлік кешіп жатқан бұл қалада біреуді біреу іздеу, амандықты біліп, хал сұрасу деген ілуде ғана бір кездесетін жағдай болатын. Осындай жал­ғызсырап әрі құлазып жүр­ген сәтте Еркіннің келуі... Қуа­­нып, арқа-жарқа болдық та қал­­­дық. Амандық-саулық сұ­рас­­­қан соң айтқаны: енді екі-үш айда «Егемен Қазақстан» газе­тінің ұжымы да Алматыдан Аста­наға қоныс аудармақшы екен. Кейін «Ақмола ақшамы» редак­циясындағы екеуміздің сол кездесуіміз туралы Еркіннің «Өмір сүру формуласы» атты ма­қаласында былай деп жазғаны бар: «Егеменнің» болашақ офи­сіндегі жөндеу жұмысынан қо­лым қалт еткенде Жанболат аға­ны іздеп, қалалық газетке бар­­дым. Көрдім. Әңгімелестім. Отырған кеңсе, ондағы бөлме көзге өте қораш екен. Үстел, орын­­­дық, шкаф... Бәрі ескі. Аға­мызға құрқылтайдың ұясындай кабинет беріліпті. Онда әріптесі Талғат Батырхан екеуі қысылып-қымтырылып отыр. Қалай дегенде де бұлардың бәрі қала­ның бас газеті деген атқа сай келіп тұрған жоқ. Бірақ Жәкеңнің жү­зінен ол олқылықтарға ренжіп не көңіл күйін жүдетіп отырға­ны көрінбейді. Оны сөз етуге уақыты да, құлқы да жоқ сияқты. Айтатыны – жұмыс. Тілге тиек ететіні – газет. Әңгімелейтіні – баспахана».

Содан бір апта өткен соң... Иә, сондай уақыт аралығы шамасында біз «Егемен Қазақстанда» өзгеріс болыпты деген хабар естідік. Ұзынқұлақтың айтуынша Уәлихан Қалижанов басқа жұмысқа ауысыпты да көптен бері бірінші орынбасар болып келе жатқан Ержұман Смайыл бас редакторлыққа тағайындалыпты. Ал Еркін әнеугүні бізді іздеп, амандасуға келген Еркін Қыдыр бір саты жоғарылап, Ержұман ағамыздың бұрынғы қызметін атқаратын болған. «Е, жарайды»,  дедік те қойдық бұл жаңалыққа. Өйткені Алматыдағы «Егемен» қайда, біз қайда?.. Жан-жаққа бұрылып қарайтын шама жоқ. Қарбалас тірлік. Бірақ содан көп ұзамай маған да бір хабардың келіп жеткені!.. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ұйғарымымен мен жоғарыдағы газет бас редакторының орынбасары қызметін атқаруға баратын болыппын.

«Министрлік «Ақмола ақша­мы» басылымындағы жасаған жұмысыңызға риза, – деді атал­ған ведомстводағы департамент директоры Анатолий Гурский. – Қалалық газет үлкен жолға түс­ті. Енді онда сіз істейтін ештеңе қалған жоқ. Сондықтан ертең­нен бастап Алматыдағы «Егемен Қазақстанға» бет алғаныңыз дұ­рыс». Анатолий Степановичтің мына сөзін естігенде менің көз алдыма осы жақын уақытта­ғы өте таныс өмір суреті елес беріп өткендей болды. Ол аға газет өкілі Еркіннің «Ақмола ақшамына» мені іздеп келуі, әңгімелесіп, ұзақ отырып қайтуы еді. «Демек сонда ол мұнда тегін соқпаған екен ғой. Министрлік, редакция жүктеген тапсырмамен таяудағы болып қалуы мүмкін ауыс-түйіске кадр іздеп, соны барлап қайтқан сапары-ау шамасы», деген ой келген сонда маған. Бұл  рас та еді. Оның кейін белгілі болғаны бар.

...Міне, содан бастап мен Еркінмен аға газетте 18 жылға жуық жұмыс істедім. Екі адамның бір мекемеде бұлай еңбек етуі ұзақ уақыт. Иә, өте үлкен мерзім. Сондағы риза болатыным – күн, ай, жылдар бойғы қауырт, қат-қабат жұмыс үдерісінде ортақ тіл табысып, түсіністікпен еңбек еткеніміз. Қуанатыным – санаға салмақ түсіретін небір қиын, күрделі психологиялық арпалыс сәттерінде де «әй» дес­пей, адамгершілік атты алтын ар­қау­дан ажырамағанымыз.

...«Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғам болып құ­рыл­ды. Оның басшылығына Сауытбек Абдрахманов келді. Ал­ғашқы басқосудағы әңгімеден аңғарғанымыз, алдағы қолға алатын істердің көп екені еді. Олар: жарнама мәселесімен мық­тап айналы­сып, аймақтардан ақылы негіздегі беттерді көптеп ұйымдастыру, газеттің өтпелі кезеңдегі төмен түсіп  кеткен тиражын көтеріп, «Қазпоштаның» баспахана­дан кейін қолға алатын тасымал шы­ғынын азайтудың жолын та­бу. Мұның сыртында 1958 жылғы Тың игеру кезін­де салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмей, апатты жағдай­да тұрған редакция ғимара­тын жаңадан салу жоспары да кезек күтіп тұрған мәселе еді. Міне, осы жұмыстарды бастау, жү­йе­лі жүргізіп, тиянақты аяқтау үшін акционерлік қоғамның пре­зиденті мен екі орынбасары және бас редактор арасында тәртіп пен реттілікке негізделген ынты­мақ атты ұғымның түзу сызығы қажет-тін. Қуаныштысы, аз ғана уақыт  аралығында оған қол жет­кізіліп, ойластырылған жайттар жүзеге аса бастады. Соның нәтижесінде газет тиражы өсті. Сөз етіліп отырған уақыттағы жанданған жұмыстар қатарына сондай-ақ жарнаманы да қосуға болады. Бұрын редакцияға оны мүдделі мекемелер ғана әкеліп, өз өнім­дерін елге ақылы негізде таныстырып жататын. Енді зауыт, фир­маларға агент деп аталатын газет қызметкері барып, қосым­ша қаржының жаңа мүмкіндік кө­зін тапты. Осының бәрі акцио­нер­лік қоғам президенті мен оның екі орынбасарының және бас редактордың түсіністікке то­лы жұмысының нәтижесі еді. Өркениетті елдерде мұны тандем дейді. Әу баста бұл техни­ка саласындағы машиналар механизмінің жұмысына байланысты айтылатын болған. Оның мәні мынада. Кәдімгі «К-700» тракторы бар емес пе? Міне, соның өн бойын ұстап тұрар не­гізгі белтемір – өзекке үлкенді-кішілі бірнеше деталь орналасқан ғой. Мотор от алғанда олар біріне бірі дем бере бірігіп отырып қи­мылдайды. Сөйтеді де бәрі күш қоса үйлесімді жұмыс ырғағына қол жеткізеді. Біздің сөз етіп отырған мәселеміздегі ұғымда да ол солай. Сондай мағынаға ие. Табиғи тілмен айтқанда, тандем – белгілі бір жағдайға байланысты істі қолға алғанда ой, көзқарас, мақсаттың бәрі өзара үйлесім тауып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып жетістікке жету.

Осы арада оқырмандар тарапынан: «Ал сол табысқа жет­кізген ортақ істе мақаланың басынан бері сөз етіп келе жатқан кейіпкеріміз нендей еңбегімен ерекшеленіп, қандай қарым-қабілетімен ұжым есінде қалды?» деген сұрақ тууы мүмкін. Айта­йық. 2006 жылы «Егемен Қазақ­стан» газеті орналасқан екі қа­батты ғимарат қабырғалары үш-төрт жерден жарылып, нағыз апаттық деңгейге жетті. Сол кезде акционерлік қоғам президенті Сәукең, Сауытбек Абдрахманов Ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты ертіп әкеліп, орын алған жағдайды көрсеткенде, ведомство басшысы шошып кетті. Бір аптадан соң Парламент мінбесінен табылған ол Сәукең екеуі кезек-кезек сөйлегенде, де­путаттардың министр мен газет басшысының жаңа кеңсе салу жөніндегі ұсынысын қолдамауға әдділері қалмады. Сөйтіп, жыл аяқталуға үш ай қалғанда бюджет жоспарына енді де, 2007 жылы басталатын құрылысты жүргізу акционерлік қоғам пре­зидентінің орынбасары Еркін Қыдырға жүктелді. Міне, осы жерде оның бұрын жұрт мүлде байқамаған бөлек қыры ашылды. Бұл қазіргі заманға ауадай қажет бейімділік – менеджерлік қасиет еді. Соның арқасында 15-ке жуық ұйымдастыру жұ­мы­сы мақсаткершілікпен өте тез әрі оңтайлы жүргізілді. Сөй­тіп, 2007 жылдың жазында бас­талған жұмыс тоқтаусыз жүр­ді де отырды. Ғимараттың ірге­тасы құйылып, қабырғалары қа­ла­нып, шатыры жабыла бас­та­ғанда, оның астындағы кең де биік жертөлеге үлкенді-кіші­лі қо­рап, жәшіктер әкелініп кір­гізіле бастады. Кейін білсек, бұл «Егемен Қазақстанның» жаңа кеңсесіне қажет үстелдер мен орын­дықтар, диван және компьютер кешендері екен. «Офис дайын болғанда сатып алсақ, он­да кеш қалып, қымбатшылық­қа ұрынамыз. Ол кезде баға бір орнында тұрмай, екі-үш есе өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан қазір қамтып қалғанымыз дұрыс», деп түсіндіргені бар мұны сол кез­де Еркін.

Тоғыз қабат еңселі офистің негізгі жұмыстары бітіп, онда тек енді сырлау мен әрлеу сияқты ұсақ-түйек тірліктер қалғанда, акционерлік қоғам басшылығы алдына Еркін тарапынан тағы бір ұсыныстың түскені!.. Ба­сында бұған түсінбедік. Ке­йін байқап қарасақ, ақылға қо­ным­ды шаруа. Мемлекеттің жүр­гізіліп жатқан құрылысқа деп бөлген қаржысынан біраз ақша үнемделіп қалған ғой. «Соны үкіметке қайтармай, осы ғи­маратқа қатысы бар деген дәлелдемемен жапсарластырып, шағын отбасылық жатақхана салып жіберсек қайтеді? Сол кезде біздегі тұрғын үй мәселесі айтарлықтай шешімін тауып қа­лар еді», деді ол. Акционерлік қоғам басшысының бұған айтқан жауабы: «Тәуекел!» деген бір ауыз сөз болды. Сол-ақ екен, редакция қызметкерлері жаңа ғимараттың дайын болып қалған астыңғы қабатына көшіріле бас­тады дейсіз. Ал олар отырған бұ­рынғы ескі кеңсе үйі сүріліп, аз ғана мерзім ішінде ол жерден 18 шағын отбасылық жатақхана бой көтеріп шыға келді.

...2016 жылғы наурызда ак­ционерлік қоғам президенті ­Сә­кең Мәжіліс депутаттығы сайла­­уы­на түсетін болды. Осы­ған бай­ланысты газетке бір ай бас­­­шылық ету вице-президент – бас редактор маған жүктелді. Содан бастап редакцияда күбір-сыбыр әңгіме басталды дейсіз. Ол: «Сәкең депутаттыққа өт­се, «Егеменге» кім келеді?» де­ген сөз. Мен оған онша назар аудар­­ған жоқпын. Бар ойым: «Сайлау өткенше газеттен ши шықпа-
са, ұжымдағы мо­ральдық-пси­­хо­­­логиялық ахуал қа­­­­лыпты бол­са, сөйтіп тап­сы­­рылған міндетті абыроймен аяқтап, жұмысты аман-есен өткізіп берсем», деген бір ғана мақсат еді. Сондай күн­­дер­­дің бірінде қабылдау бөл­­месіндегі хатшы қыздан әлде­бір нәрселерді іздеттіріп жат­қан Еркін: «Жоғары жақ сіз екеу­міздің құжаттарымызды сұратып жатыр», деді. Мына ха­барды естіген мен оған: «Ол қа­ғаздарды жібермей тұра тұр», дедім. Сөйт­тім де бөлмеге келіп, ұзақ ойландым. Ойланғаным – ешнәрсеге құлқымның жоқтығы еді. Оның себебі, біріншіден, сол кезде жасым 65-ке келіп, зейнеттен асқантынмын. Егер жаңа орынға деген ыңғайымды сезіп, білген жұрт болса: «Алпыстан асса да қызметке тоймайтын нет­кен жан бұл өзі?» деп кінәла­май ма. Екінші, есептеп көрсем газет-журнал редакцияларында үзіліссіз жұмыс істегеніме 44 жыл болыпты. Әбден қажып-шар­шағанымды несіне жасы­райын. Соның салдарынан ден­саулық та сыр бере бастаған-тын. Үшіншіден, ойланып отырып, өзімді Сәукеңмен салыстырдым. Ол өз уақытында Орталық Ко­митет, Президент аппараты, Үкіметте қызмет істеп, министр де болған адам. «Егеменнің» бір шаруасымен жоғары жаққа барғанда, сол жердегі алдынан шыққан кешегі қызметкерлері «бет көрсе, жүз ұялады» деген­дей, өтінішіне сергек қарап, сөзін жерге тастамағанын талай көргенбіз. Ал мен... «Айнал­дыр­ғаным – ала қағаздың беті», деп Сұлтанмахмұт Торай­ғы­­ров айтқандай, өмір бойы көрге­­нім – газет, барғаным – баспа­ха­на. Кәсіби маман болғаным­мен, билікпен онша байланы­сым жоқ. Ал оның ертең тираж­дың құлауына, редакция қызмет­кер­лері жалақысының кешігуіне және тағы басқа жағдайларға әкеліп соғары анық.

Осыларды ой елегінен өткі­зіп болған соң Президент ап­паратындағы үлкен куратордың қабылдау бөлмесіне қоңырау шалдым. Телефонды көтерген Перизаттан бүкіл идеологияға жауапты жас басшысына қосу­ды өтіндім. «Сәлеметсіз бе, аға?» деді арғы жақтағы дауыс. Мен жоғарыдағы жағдайды айт­­тым. «Бұл сіздің соңғы шешіміңіз бе? – деді ол. «Иә!» «Жақсы. Ес­кереміз!». Телефондағы осы әң­гімеден ке­йін Еркінге кірдім. Болған жайдан қысқаша хабардар еткен соң: «Жоғары жаққа бір ғана құжат жібер. Ол – сенің қағаздарың», дедім. Көп ұзамай жақсы хабар келді. Бұл сайлау науқанынан үш күннен соң болған оқиға еді. Бір аптадан кейін Мәжіліс депутаттығының мандатын алып, ұжыммен қош­тасуға келген Сәукеңнің, жи­нал­ғандар алдында: «Түу, Жәке-ай... Хантәңірі шыңына шы­ғуға бір адым  қалғанда, кері бұ­рылғаныңыз қызық болды», дегені бар.

...Қазір Еркін «Астана ақша­мында» бас редактор болып қыз­мет істеп жүр. Жұмысы жақсы. Төңірегіне сыйлы. Баяғыдай елгезек. Кішіпейіл. Жұртқа қамқор жан. Басқа ұжымда жүрсе де «егеменқазақстандықтардың» үлкен-кішісі дегенде шығарда жа­ны басқа. Біздің жыртысымызды жыртады да жүреді. Рахмет, әріптес іні! Азамат. Аман жүр!

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері