Аймақтар • 01 Тамыз, 2022

Шығынға батқан шаруалардың мәселесін кім шешеді?

1278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаз мезгілі келісімен егістіктегі егінін оруға кірісетін шаруалардың айтатын өзекті мәселесі де аз емес. Олардың бірі техникасын жаңартудың жолын таба алмай дал болса, енді бірі суармалы алқабына су жеткізе алмай сарсаңға түседі. Мәселен, Сарысу ауданына қарасты Ұйым елді мекенінің шаруалары шығынға баттық деп шулап жүр.

Шығынға батқан шаруалардың мәселесін кім шешеді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, сарысулық шаруалардың салы суға кетіп отыр. Анығырақ айтсақ, Сарыөзек каналынан келетін суға жарымаған жұрт «Мәселеміз қашан оңынан шешімін табады?» дегенді айтудан жалыққан емес. Жүгерісі мен жоңышқасын жинайтын уақыт жақындағанда егістігі күйіп кеткен ел: «билік біздің мәселеге назар аударатын күн туар ма екен?» дейді. Расында да Ұйымдағы түйінді түбегейлі шешуге жергілікті атқарушы билік қауқарлы ма? Шаруалар қашанғы шығынға бата бермек?

Біз Байқадам ауылының тұрғыны «Бауыржан» шаруа қожалығының жетек­шісі Бақытжан Сарымолдаевты әңгімеге тартқан едік. Ол Ұйым елді мекеніндегі жеріне жүгері мен жоңышқа еккен. Алайда су тапшылығынан айтарлықтай шығынға батқан.

«Канал деп айтып жатқанымен, бұл негізі арық қой. Шаруа болғандықтан бәріміз де егістік алқапқа үмітпен қарай­мыз. Бұл каналды жөндеуге бір емес, бірнеше рет қаржы бөлінді дегенді есті­генбіз. Алайда мәселенің оңынан шешілгенін көргеніміз жоқ. Ал жергілікті атқарушы биліктің тізгінін ұстағандар: «Мердігерлердің кепілдік мерзімі біткен жоқ. Шаруаны реттейміз», деп уәде бер­геннен әрі аса алмай жүр. Табысын дала төсінен емген шаруалар шығынға бату­дай-ақ батып жатыр. Уақытында жергілікті депутат арқылы облыс басшы­сына, басқа да құзырлы органдарға хат жолдағанбыз. Олар жұмыс тобы құрыл­ғанын айтқан болатын. Алайда нәтижені көрген біз жоқ. Бұл мәселе тезірек шешімін таппаса, шығынға батқанымыз батқан», дейді ол жағдайды түсіндіріп.

Шаруалардың айтуынша, дәл осы каналды жөнге келтіруге 2016 жылы 44 миллион теңге қаржы бөлінген көрінеді. Алайда сол кезде атқарылған жұмыс сапасы көңіл көншітпеген. Одан кейін 2020 жылы қайтадан қомақты қаражат қарастырылған дейді олар. Әйткенмен, шаруалар күткендей су тапшылығы шешімін таппаған. Тұрғындар мердігер әкімдікке, әкімдік мердігерге кінә артқан­нан түк өнбейтінін айтып отыр.

«Жалпы, бұл мәселеден көп адам хабардар. Естуімше, күзге қарай тағы да 131 миллион қаражат қарастырылып, канал деп жүрген арығымыздың қалған бөлігі жөнделетін секілді. Сол арқылы алдында атқарылған жұмыстарды да жауып кетпекші ме? Бұл жағы бізге беймәлім. Айталық, 1 мың литр су керек жерге 300 литр ғана су келіп жатыр. Оны қайда жеткіземіз? Жоңышқа мен жүгерінің бір бөлігін әупірімдеп суарғаныммен, көп бөлігі жарамсыз болып қалды. Біздің үнімізді естіп, мұңымызға құлақ түретіндер табылса, дәл осы мәселеге назар аударуы керек. Егер барлық өнімді ойдағыдай жинап алғанымда, несиемнің бір бөлігінен құтылатын едім, одан басқа да ірілі-ұсақты қарыздар жабылатын еді. Жоңышқамның басым бөлігі күйіп кетті. Ал көктемнен бері енді суарып біткен екінші бөлігін екінші ораққа дайындап қойдым. Жалпы, алты гектар жерге 29 маусым күні су алсам, өткенде ғана толықтай бітірдім. Бір сөзбен айтқанда, бір ай уақыт кетті. Жаңағы айтқан 300 литр су бір емес, бірнеше шаруа қожа­лығына бөлінеді. Сонда қалай суарып жатқанымызды көз алдыңызға елестете беріңіз», дейді Бақытжан Сарымолдаев мәселенің мәнісіне үңіліп.

Расында да, бір емес бірнеше мәрте бюд­жет қаражаты жұмсалған канал жұ­мы­сының сын көтермейтіні ойландырмай қоймайды. Жергілікті атқарушы биліктің тізгінін ұстағандар жобалық-сметалық құжат жасалғанын алға тартып отыр.

Ұйым елді мекеніндегі жұртшылық осылайша судың зардабын тартып келеді. Бұған дейін шаруалардың зарын тыңдаған аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей: «Ұзындығы сегіз шақырымды құрайтын Сарыөзек каналының 2,5 шақырымы жөнделсе, ар жағында 4,5 шақырымы қалады. Оған 131 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалған. Қаражат бөлінсе, мәселе шешімін табады», деген болатын. Алайда, қаражат нақты бөлінеді дегенді естімедік. «Бөлініп жатса...» дегенге саяды әңгіменің бәрі. Ал күзде қаржы нақты қарастырыла ма, жоқ па? Ол жағын кім білсін».

Егістік алқабын суара алмай шығынға батқан шаруаларды бір ғана мәселе мазалайды. Олар: «Жергілікті атқарушы би­ліктегілер күзде қаржы бөлінуі ық­тимал дегенді айтты. Шынымен қара­жат бөлініп, жұмыс басталса, барлық жұмыстың лайықты атқарылуын бірге қадағалауымыз керек», дейді.

Шынында да, Сарыөзек каналындағы суға таласқан халықтың талабы орынды. Аз суды бөліп алғандықтан олар көп шығынға батып отыр. Ауыл шаруашы­лы­ғы саласы ел экономикасының локомо­тиві екенін ескерсек, саланың дамуы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сан мәрте тапсырма бергенін пайымдасақ, жергілікті атқарушы биліктің де жедел қимылдағаны абзал.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы