Туризм • 03 Тамыз, 2022

Туристер саны көбейіп келеді

1095 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр Қазақстанға келген туристер саны рекордтық деңгейге жеткен. Яғни пандемия салтанат құрған жылдан кейін елімізге 6,9 миллион адам келген екен. Сала мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш биыл бұдан да жақсара түспек.

Туристер саны көбейіп келеді

Мәселен, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркін­баевтың мәліметі бойынша туристік дестинацияларға келушілер саны биыл күрт арт­қан. Атап айтқанда, Щучинск-Бурабай курорт аймағына келу­шілердің саны осы жылдың 7 айында 550 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 2 есеге өскен. Жыл соңына дейін Бурабайға келетін туристер саны 1 миллионнан асады деген болжам бар.

Сондай-ақ былтырғы жылдың сәйкес кезе­ңімен салыстырғанда, «Шымбұлақ» тау курортына кел­ген туристердің саны екі есеге өскен. І жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келу­шілер саны 50%-ға артқан. Биыл ұлттық парктерге 2 млн-ға жуық адам барады деп болжануда.

«EQonaq статистикалық де­рек­теріне сәйкес апта сайын Қа­зақ­станға кемінде 11 мың ше­­тел­дік турист келеді. Шетел­діктерді орналастыру орын­дарында тіркеу бойынша көш­басшылар: Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Маңғыстау облысы. Биылғы наурыздан бастап өсім 136%-ды құрады», деді вице-министр.

Шетелдік келушілер санының өсуі халық­аралық әуе қатынасын қалпына келтірумен, визасыз режімді енгізумен және оны ырықтан­дырумен тікелей байланысты.

Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 2021 жылы өз позициясын жақсартып, 117 елдің арасында 66-орынға ие болды. Ал 2019 жылғы көрсеткіште Қазақстан 140 елдің ішінде 80-орында тұрған болатын.

Сонымен қатар еліміз «Баға бойынша бәсе­кеге қабілеттілік» санатында бірінші орында тұрса, «Туризм маусымы» бойынша 26-орынға, «Табиғи ресурстар» санатында – 33-орынға, «ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра объектілерінің саны» бойынша 42-орынға жоғарылаған.