Саясат • 03 Тамыз, 2022

ОСК отырысында үш мәселе қаралды

246 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлады ОСК-нің баспасөз қызметі.

ОСК отырысында үш мәселе қаралды

Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды:

1) «Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы»;

2) «2022 жылғы 24 тамызға тағайын­далған Абай, Жетісу және Ұлытау облыс­тарынан Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы»;

3) «2022 жылғы 24 тамызға тағайын­далған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сай­лауды өткізу кезінде Қазақстан Респуб­ликасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы».

Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әб­діров отырысты аша отырып, Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысымен қысқаша таныстырып өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойын­ша Абай, Жетісу және Ұлытау облыс­тарының аумақтық сайлау ко­миссия­ларының төрағалары Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының депу­таттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы баян­дады.

  • Барлығы 6 мандатқа үш өңірден 33 кандидат ұсынылды. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған, оның ішінде Жетісу облысында 2 кандидатты осы облыстың Алакөл және Кербұлақ аудандық мәслихаттары ұсын­ды. Жетісу облысында бір кандидат тір­келгенге дейін өз өтініші бойынша канди­датурасын алып тастады.
  • Қызмет салалары бойынша: ұсы­нылған 31 кандидаттың 10-ы коммерция­лық құрылымдардың қызметкерлері; 12-сі әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 8-і мемлекеттік кәсіп­орындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері; 1-еуі саяси партия мен ҮЕҰ қызмет етеді.
  • Партияға қатыстылығы бойынша: 24-і Аmanat партиясының мүшелері; 1-еуі «Ақ жол» ҚДП мүшесі; 2-еуі партия­сыз; 4-еуі партияға қатыстылығын көр­сет­пеген.
  • Гендерлік құрамы бойынша: 10 әйел және 21 ер адам.

Барлық кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі тексерілді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 73-бабына сәйкес кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:

1) депутаттыққа кандидат болып да­уыс­қа түсу ниеті (келісімі) туралы өтініш;

2) кандидатты қолдап, таңдау­шы­лардың қойған қолдарын тексеру нәти­желері туралы облыстық сайлау комис­сиясының хаттамасы;

3) кандидат туралы өмірбаяндық деректер;

4) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндет­те­мелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;

5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат.

Ұсынылған 31 кандидаттың: 10-ы тіркеуге қажетті барлық құжатты ұсын­бағаны; 3-еуі өздерін қолдауға қажетті қол санын ұсынбағаны анықталды.

  • 2022 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша барлығы 18 кандидат тіркелген (әр облыстан 6 адамнан).
  • Қызмет салалары бойынша: 11-і әкімдер мен мәслихаттар аппарат­тарының қызметкерлері; 4-еуі коммер­ция­лық құ­рылымдардың қызметкерлері; 3-еуі мем­лекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері.
  • Партияға қатыстылығы бойынша: 14-і Аmanat партиясының мүшелері; 4-еуі партияға қатыстылығын көрсетпеген.
  • Гендерлік құрамы бойынша: 5 әйел және 13 ер адам.

Абай, Жетісу және Ұлытау об­лыстары­нан Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенатының депутаттығына кан­дидаттарды тіркеу 3 тамызда сағат 18.00-де аяқталды.

Екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады.

Баяндамаға сәйкес, «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сайлау туралы» Консти­туциялық заңның 12-бабының 6) тар­мақшасына сәйкес Қазақстан Респуб­ликасы Орталық сайлау комиссиясы өз өкілеттіктеріне сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, сондай-ақ олардың қорғалу дәрежесін белгілейді, сондай-ақ Парламент депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді.

Сайлау бюллетенінің қорғалу дәре­жесі әрбір сайлау науқаны үшін дербес түрде белгіленеді. Офсеттік бас­па тәсілімен басылған қорғаудың поли­гра­фиялық әдістерін, басып шығару түсін, қарпін және басқаларын көздейді.

Сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіле отырып, барлық тіркелген кандидат және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі.

Сайлау туралы Конституциялық заң­ның 37-бабына сәйкес сайлау бюл­ле­теньдері сайлау округін­дегі сай­лау­шылардың (облыс таңдау­шы­ла­ры­ның) жалпы санының 1 пайызы резер­вімен дайындалады.

Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес сайлау бюллетеньдері орналасқан үй-жайға мөр басылады және ішкі істер органдарының күзетіне тапсырылады.

Сайлау туралы Конституциялық Заңның 24, 25, 26-баптарына сәйкес Пар­ламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімдерін облыстық мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссиясы жасайды.

Таңдаушылар тізіміне облыс аума­ғында орналасқан мәслихаттардың барлық депутаттары енгізіледі.

Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылардың тізімі танысу үшін сайлаудан кемінде жеті күн бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ облыс мәслихатының интернет-ресурсында орналастырылады.

Таңдаушыларға сайлау комис­сия­сының үй-жайында тізімдермен танысу, сондай-ақ оларға енгізілген таң­даушылар туралы деректердің дұрыс­тығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сүйене отырып, «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жө­ніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы» қаулы қабылданды.

Қаулыға сәйкес, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының сайлау комиссияларына 2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік таңдаушыларының санына тең мөлшерде, таңдаушылардың жалпы санының 1 пайыз резервімен да­йын­дау тапсырылды. Сондай-ақ қаулы­мен сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленді.

Отырыстың үшінші мәселесі бо­йынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов баяндама жасады.

Баяндамашы Ортсайлауком мүше­лерінің қарауына «2022 жылғы 24 та­мызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы» қаулы жобасын шығарды.

Қаулыға сәйкес, сайлау процесіне қатысушыларды Парламент Сенатының депутатын сайлау барысы туралы же­дел хабардар ету және Орталық сайлау комиссиясының сайтына таңдау­шы­лардың келуі туралы, дауыс берудің алдын ала нәтижелері туралы нақты уақыт режімінде ақпарат беру мақсатында 2022 жылғы 24 тамызда, яғни дауыс беру күні ОСК интернет-ресурсының қосымша функционалын пайдалану ұсынылады.

Функционалдың пайдаланылуы «Қа­зақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 50-1-бабының 7-тармағының: «элек­трондық сайлау жүйесін осы Консти­ту­циялық заңда регламенттелмеген бөлі­гінде пайдалану тәртібін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді» деп көрсетілген  ережесіне негізделген.

Бұл жүйе дербес деректер және оларды қорғау, ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнама талаптарын сақтай отырып іске асырылды.

Ықтимал кибер-шабуылдарға және сырттан рұқсатсыз кіру әрекеттеріне қарсы тұру мақсатында интернет-ресурс пайдаланушыларының қорғалған байланысын қамтамасыз ететін деректермен алмасу хаттамасы (SSL сертификаты) орнатылған.

Ортсайлауком интернет-ресурсының функционалы таңдаушыларды элек­трондық тіркеуге және оларды ОСК интер­нет-ресурсында көрсете отырып, дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шы­ғаруға арналған.

Дауыс беру күні сайлау өткізу барысын жариялау мақсатында Орталық сайлау комиссиясы сайтының басты бетінде таңдаушылардың келу диаграммасы мен дауыс берудің алдын ала қорытындылары көрсетілетін ақпараттық хабарламалар болады.

Орталық сайлау комиссиясының тәжірибесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды электрондық сүйемелдеу 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда және 2017 жылғы 28 маусымда және 2020 жылғы 12 тамызда өткізілген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын кезекті сайлауда, 2018 жылғы 5 қазанда және 2019 жылғы 24 мау­сымда Шымкент қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда сәтті түрде қолданылды. 2022 жылғы 22 сәуірде өткізілген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Алматы облысынан сайланған, кейіннен шығып қалған депутатының орнына сайлау кезінде де қолданылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров алдағы уақытта Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенаты депутаттарын сайлау заңнамаға сәйкес, транспаренттік және бәсекелестік жағдайында өткізілуге тиіс екенін атап өтті.