Аймақтар • 04 Тамыз, 2022

Құтқарушыға лайықты марапат

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өкініштісі, суға түсу мау­сымы басталғалы Шығыс Қазақ­стан мен Абай облысында 18 адам суға кеткен. ТЖД құтқару­шылары 11 адамды ажалдан ара­шаласа, жуықта Ұлттық ұлан әскери қызметкері Тілек Құмарбеков Үлбі өзеніне батып бара жатқан 6 жасар баланы аман алып қалған. Оның бұл ерлігін басшылығы бағалап, алғыстарын айтты.

Құтқарушыға лайықты марапат

Ефрейтор Тілек Құмарбеков Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының құқығымен «Қоғамдық тәртіпті сақ­тағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Ағысы қатты адуынды өзенге қойып кете салу оңай емес. Қол созым жерде болса бір сәрі, жүзіп барып, баланы жағаға шығаруға да жүрек керек. Мұндайда екінің бірі өз өмірін қатерге тіге бермейді.

Оқиға қалай болған дейсіз ғой. Баяндайық. Шіліңгір шілденің аяқ тұсы. Үлбіге шомылып жүріп, батып бара жатқан баланы көріп қалған 3477 әскери бөлімінің ефрейторы Тілек Құмарбеков дереу көмекке асығады. Баланың қолынан ұстап, әупірімдеп жағаға шығарып үлгергені сол еді, кенет өзі су жұтып, тұншыға бастайды. Баланы құтқарып үлгергенімен өзі өзенге батып бара жатқанын көрген жағадағылар көмекке келіп, Тілектің өзін өзеннен шығарып алады. Су жұтқан ол есінен танып қалады. Жа­ға­жайдағылар жедел жәр­дем ша­қы­­рып, медициналық кө­мек­­ке жүгі­неді. Сөйтіп, екеуі де аман қала­ды.

Міне, Т.Құмарбековті қалай ғана бейбіт күннің батыры демейміз?! Осыған орай Өскемендегі 3477 әскери бөлімінде батырдың қайсарлығын жеке құрам алдында ұлықтап, салтанатты іс-шара өтті. Жиынға бөлім басшылығымен қатар Тілектің ата-анасы да қатысты.

– Қадірменді офицер мырзалар, әскери бөлімнің басшылығы! Балам­ның батыл әрекетін батырлыққа балап, жоғары баға беріп, құрметтеп жат­қандарыңызға үлкен алғыс айт­қым келеді, – деді батыр жігіттің әкесі Амантай Құмарбекұлы.

Айта кетсек, маусымда тағы осы 3477 әскери бөлімінің жауынгері, сержант Ризабек Қанапиянов көрші үйді өрт шарпығанын байқап, үй ішінен қарияны аман-есен алып шыққан еді. Ризабектің ерлігі де елеусіз қалған жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы