Қазақстан • 04 Тамыз, 2022

Шетелдік тәжірибеге сүйенеді

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының маңызды бағыттарының бірі – сайлау жүйесін жаңарту. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бүгінде құзырлы органдар сол бағытта жұмыс істеп жатыр.

Шетелдік тәжірибеге сүйенеді

Жуырда Әділет министрлігі заң шығару департаменті дирек­торының орынбасары Бауыр­жан Тұрғанбаев «Сайлау туралы» Констициялық заңға ұсы­ныл­ған түзетулер туралы пікір біл­дірді. Естеріңізге салсақ, Консти­туциялық заңнамаға өзгерістер енгі­зу аясында Сайлау туралы заң­ға бақылаушылардың жұмы­сын ұйымдастыруға түзетулер енгі­зу мәселесі талқыланып жатыр. Яғни сайлау процесін бақы­лау­мен айналысатын қоғамдық бір­лес­тіктерді аккредиттеу көзде­ліп отыр. Сондай-ақ осы іспен ай­налысатын мемлекеттік емес ұйымдардың шетелден қаржы­ландыруына тыйым салынбақ.

 – Әділет министрлігі заң жобасын әзірледі. Қазіргі таңда ол «Ашық НҚА» порталында қо­ғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Түрлі пікірлер түсіп жатыр. Оларға жауап беріп, талдау жасап отырмыз. Бақылаушыларды аккредиттеуге келсек, қолданыстағы заңнама бойынша Сайлау туралы конституциялық заңда шет мем­лекеттер мен халықаралық ұйым­дардың бақылаушыларын аккредитациялау көзделген. Оларды Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсы­нымы бойынша аккредитация­дан өткізеді. Бірыңғай құқықтық реттеу үшін заң жобасы арқылы ұлттық бақылаушыларды да аккре­ди­ттеу ұсынылып отыр, – дейді Бауыржан Тұрғанбаев.

Мұндай талаптар халық­аралық тәжіри­беде бар екен. Мы­салы, Норвегияда, Гру­зияда, Арменияда, Болгарияда сайлау­ды бақылаушыларды аккре­дит­теу қағидаты Венеция комис­сиясының, сондай-ақ Демо­кра­тиялық сайлау кеңесінің құ­жат­тарында көрініс тапқан. Ма­ман­дар шетелдік қаржыландыруы бар ұйымдардың елдегі сайлау про­­цесіне араласуына қазіргі заң­на­­мада тыйым салынғанын еске салады.

«Мысалы, қолданыстағы «Сая­си партиялар туралы» заңда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар партия мүшесі бола алмайтыны айқындалған. Сон­дай-ақ саяси партияларды шетелдік заңды тұлғалар мен шетел азаматтарының қаржы­лан­дыруына тыйым салынған. АҚШ-тың, Еуропа елдерінің заңнамасында дәл осындай тыйымдар бар. Егер саяси партия шетелдік заңды тұлғадан немесе шетел азаматынан қаржы алса, бірден таратылатыны айтылған. Жалпы, сайлау процесін қаржы­ландырудың қағидаты БҰҰ құжаттарында көрсетілген. Ұсы­нылып отырған нормалардың ха­лықаралық тәжірибеде бар екенін ескеріп, заңның бәріне бірдей қолдану үшін осындай тыйым енгізбекшіміз. Бұл түзетулер еш­кімнің құқығын шектемейді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келеді», деді ведомство өкілі.

Сайлау – халықтың ашық не­месе жасырын дауыс беру арқы­лы өзі өмір сүретін ортаны бас­қарушы, халықтың атынан өкіл­дік етуші тұлғаны таңдау және оған өкілеттілік беру үдерісі. Ал өкілеттік алған тұл­ғалар мем­лекеттік маңызды мәсе­ле­лерде халықтың атынан өкілдік етіп, оның мүддесін қорғауға міндетті.

Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының 3-бабында «Мем­лекеттік биліктің бірден-бір бас­тауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық рефе­рендум және еркін сайлау арқы­лы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мем­­ле­кет­­тік органдарға береді» деп жа­зыл­ған. Сайлау арқылы ха­­лық­тың мемлекетті басқару са­ла­сы­на араласуы әлемдегі көп­теген ха­лық­аралық шарттармен бе­кі­тілген.

Атап айтқанда, 1948 жылғы 10 желтоқ­санда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған «Адам құқығының жалпыға ортақ деклара­циясының» 21-бабында «Әрбір адам өз мем­лекетін басқаруға тікелей және еркін таңдалған өкілдері ар­қылы араласуға құқылы» деп жазыл­ған. Сонымен қатар Адам құ­қықтары және негізгі бос­тан­дық­тарын қорғау туралы конвен­ция, Адам және халықтардың құқық­тары туралы Африка хартиясы, Азаматтық және саяси құқық­тар туралы халықаралық пакт және тағы басқа көптеген мемле­кет ратификациялаған халық­аралық құқықтық келісім­шарт­тар адамдардың сайлау құ­қығына қатысты таңдау құқығын мойындайды.