Руханият • 07 Тамыз, 2022

Идеология

1262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпы, бізде ұлттық идеология бар ма? Әрине, жоқ деп айта алмаймыз, бар. Бірақ иә, бірақ... Жә, алдымен, аз-кем идеология деген сөзге тоқталайық. Қазақ совет энциклопедиясының 4-томында: «идеология – таптың, әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін, қоғамдық сана, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялардың жиынтығы» деген анықтама берген. Бұл терминді алғаш француз философы және экономисі Де Гресси (1754-1836) қолданып, ол «идеологияның элементтері» атты төрт томдық еңбек жазған. Оның пікірінше, идеология туралы ғылым, ол барлық табиғат және қоғам туралы ғылымдардың, саясат, этика және т.б. әлеуметтік құбылыстардың негізіне жатуға тиіс.

Идеология

Қазақы қарапайым ұғыммен айтсақ, санаға сіңген дүниенің бәрі – идеология. Ал бүгінде санамызға не сіңбей жатыр... Жемқорлық, байлық, ұрлық-қарлық, алдау-арбау, кісі ақысын жеу... Осы жағымсыз әдет кейінге жастардың санасына сіңіп кетпесе екен деп алаңдайсыз.

Кеңес Одағы кезінде идеология қуатты қару болды. Оған олар алдымен зиялы қауымды, өнер адамдарын тартты. Мәселен, бір үлкен ауқымды іс-шараны қолға алғанда, оны халыққа жеткізу үшін көркем шығармалар, музыкалық туындылар жаздырды. Соның нәтижесінде, жақсы дүниелер де өмірге келді.

Белгілі жазушы, марқұм Дидахмет Әшімханұлы ағамыздың ертеректе «Түркістан» газетінен «Санадағы шырмауық» атты мақаласын оқыдым. Сонда қаламгер: «Тәуелсіздік алған­нан бергі жылдарда біздің арамызда ең көп талқыға түсіп жүрген сөз­дердің бірі – осы идеология. Оны біреулер бар дейді, біреулер жоқ дейді. «Жоқ» деген әрине, бос сөз. Идеология бар, бар болғанда қандай? Және Кеңес Одағында негізінен бір-ақ идеология, коммунистік идеология жүрсе, бүгінде біздің арамызда идеологияның бірнеше түрі өмір сүріп жатқандай» дейді де, елімізде өріс алған түрлі идеологияларға нақты анықтама береді.

Шын мәнінде, идеологиясыз мемлекет болмайды. Негізінен, халықты бағыттап, жетелеп отыратын мемлекеттік идеологияның орны бөлек. Ол мақсатты-жоспарлы түрде іске асады. Өйткені оның барлығы бір тәртіпке бағынады. Тәртіп бар жерде жүйелі жұмыс жүреді. Ал ұлттық идеологияның тізгіні қашаннан ұлт зиялыларының қолында болған. Бізде халыққа сыйлы, беделді, сөзі өтімді зиялы азаматтар жетерлік. Осындайда өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңында қазақ телеарнасына соны өзгеріс әкелген айтулы сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Сағат Әшімбаев ағамыз жүргізген «Парыз бен қарыз» атты бағдарламасы есіме түседі. Мен сол кезде бала болсам да, осы бағдарламаны ата-анаммен бірге көрдім. Сонда Сағат аға халқымыздың тарихы, тілі, діні, руханияты, мәдениеті туралы рухтанып сөйлейтін. Сол рухты сөздерімен ол кісі қаншама көрерменнің санасын оятып, ұлттық идеологияның дәнін септі. Бізге бүгін дәл осындай ұлт мәселесін ешнәрседен ірікпей, бүкпей айтатын парасатты тұлғалар мен ба­йыпты бағдарламалар қажет екендігін сезінеміз.