Облыс әкімдігі цифрландыру басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, өңірдегі жұмыстар «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. Аталған ұлттық жоба негізінен 44 көрсеткішті қамтитын болады. Оның 16-сын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүзеге асыру қажеттігі туындаса, 12 көрсеткіш өңірдің даму жоспарына енгізіліпті.
«2020 жылы Тараз қаласында қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Аталған жүйе 100% қоғамдық көліктерге қойылған. 394 стационарлық терминал мен 423 мобильді терминалдары да орнатылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бірыңғай және 50351 оқушы карталары іске қосылды.
«TulparCard» Е-билеттендіру жүйесі бойынша 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 1 405 679 055 теңгеге 17 964 825 сапар жасалды, оның ішінде қолма-қол ақшасыз 17 679 928 сапар жасалды, бұл барлық сапарлардың 98 пайызын құрайды.
«Ақылды аялдамалар» жобасына тоқталсақ, бүгінгі таңда Тараз қаласының аялдамаларында 10 жарықдиодты цифрлық табло орнатылды. Онлайн табло арқылы аялдаманың атауын, қоғамдық көлік нөмірін және басқа маңызды ақпараттарды көруге болады.
Қала тұрғындарының өтінішіне сәйкес «Smart City» жобасының аясында «Ақылды аялдамалар» бойынша 2022 жылы 30 аялдамаға цифрлық таблоны орнату мақсатында Тараз қаласы әкімдігіне хат жолданды, мәселе пысықталуда», дейді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының айтуынша, салада атқарылған жұмыстар аз емес. Әйтсе де, алдағы уақытта қолға алатын шаруа да жеткілікті. Өңірдегі өзекті мәселелердің қатарына кейбір елді мекендерді мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де қосылып отыр.
«2021 жылы облыста 86 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетімен қамтамасыз етілген болатын. Сондай-ақ 274 елді мекенде төмен жылдамдықты интернет бар. 2022 жылға арналған жоспар бойынша 156 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетімен қамтамасыз етілетін болады.
Осы жылы сапалы мобильді байланыспен және интернетпен 70 елді мекенді қамтамасыз ету жоспарлануда. Оның ішінде «Кар-Тел» ЖШС 22 елді мекен, «Kcell» АҚ тарапынан 48 елді мекен қамтылмақ.
Бүгінгі таңда «Кар-Тел» ЖШС жоспарға сәйкес 7 елді мекенде жаңа базалық станса салып, 4G мобильді байланысын орнатты. Сонымен қатар 2022 жылы 91 ауылды 2G ден 3G/4G-ге ауыстыру жоспарлануда. Оның ішінде «Кар-Тел» ЖШС 38 елді мекенді, «Kcell» АҚ 53 елді мекенді жоспарға енгізген», дейді ол.
Р.Ноқрабековтің айтуынша, өңірде 11 елді мекенде мүлде мобильді интернет жоқ. Осы бір өзекті мәселені шешу үшін алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ.
«Мобильді интернет 11 елді мекенде жоқ. Олардың қатарында Шу ауданындағы – Алайғыр, Құлақшын, Сарысу ауданындағы – Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Үлкен Қамқалы, Кіші Көкдала, Шағалалы, Ақтам, Меркі ауданындағы – Құмарық, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылдары бар. Аталған ауылдарда мобильді интернет мүлде жоқ.
Өңірдің шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерді ұялы байланыс мобильді интернетпен қамтамасыз ететін базалық стансаларға арналған антенна-діңгектің жоқтығына байланысты тұрғындарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі туындап отыр», дейді басқарма басшысы мәселеге тереңнен үңіліп.
Оның айтуынша, саладағы ең өзекті мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Жамбыл облысы