Қоғам • 08 Тамыз, 2022

Кедергісіз орта керек

1423 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қоғам қатыгез болып барады» деп байбалам салғанменен, жақсылап зер салсаң, жарқын жақтары да жалт ететіні бар. Бұрындары арбаға танылған мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркеп қарайтын едік. Қазір ыстық ықылас танытатындар қатары көбейді. Десе де, әлі күнге мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жиі бұзылатынын жасырып қайтеміз.

Кедергісіз орта керек

Әлеуметтік қызметкерлердің әккі әрекеті

Жақында құқық қорғау органдары ресми ақпарат ұсынды. Көз жүгіртсек, прокурорлар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының сақталуын тексеру барысында 1,8 мыңнан астам заң бұзушылық­ты анықтаған. Олардың 11 мыңнан аста­мының құқықтары қорғалды. Атап айт­сақ, прокурорлық қадағалау шаралары бойынша жеті аудандық және қалалық әкімдіктердің қаулылары осы санаттағы адамдар үшін жұмыс орындарының квотасын ұлғайту арқылы өзгертілді.

Қостанай облысында прокуратураның араласуынан кейін психоневрологиялық интернатта тұратын мүгедектігі бар адамға тиесілі пәтерге үшінші тұлғаның меншік құқығын тану туралы сот шешімінің күші жойылды.

Алматы қаласының прокуратурасы «Жанұя» мамандандырылған кешенінің 23 тәрбиеленушісіне асыраушысынан айырылу және мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақының 5-10 жылдан кейін ғана тағайындалғанын анықтады. Қадағалау актісі бойынша кінәлі тұлғалар есебінен балаларға 10,6 млн теңге өтелді.

Ақтөбе облысының прокурорлары мүгедектігі бар 40 студентке мемлекеттік сти­пендия төлеуді қамтамасыз етті.Жал­пы, прокуратура органдарының тексеру нәтижелерінің негізінде аталған салада 12 сотқа дейінгі тергеу басталған. Мысалы, Қызылорда облысында әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығының қызметкерлері өздерінің дәрменсіз қамқоршыларының дербес және биометриялық деректерін пайдалана отырып, өздеріне ақша қара­­жаттарын, зейнетақылар мен жәрдем­ақы­ларды аударып отырған. Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы тарапынан Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жалпы, тексеру нәтижесінде барлығы 336 қадағалау актісі енгізілді, 130 тұлға тәр­тіптік жауапкершілікке, 65 тұлға әкім­шілік жауапкершілікке, 2 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жергілікті жерлердегі уәкілетті орган­дар прокурорлар анықтаған бұзушылық­тар­ды жою және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылдауға кірісті.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар­дың құқығын қорғауды мақсат еткен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлес­тіктер аз емес. Айтпағымыз, олар көтерген мәселелер атқарушы билік органдарының назарында болса екен. Заң бұзушылықтар тексеріс кезінде ғана анықталмай, дер кезінде шешімін тапса игі.

Жұбату бір бөлек, жұмыс беру бір басқа...

Мүгедектігі бар адамдардың құқығы дегенде бірден олардың материалдық, тұрмыстық жағдайы ойға оралады. Мем­лекет тарапынан берілетін көмек көп жағ­дайда жәрдемақы беру мен зейнетақы таға­йындаумен ғана шектеледі. Баспана беру жол­дары нақты шешілмеген деп мұ­ңын шағады мүмкіндігі шектеулі жандар.

Екібастұз қаласындағы «Өмір» оңалту шығармашылық орталығының қызмет­­кері Әділхан Жүнісовтің айтуынша, мүм­кін­дігі шектеулі жандарда мәселе көп.

– Көбіне пандусқа байланысты шағым болады. Әр мекемеде пандус, дабыл қоны­рауы болуы керек. Лифт болуы шарт. Лифт болмаған жағдайда бірінші қабаттан жұмыс істеуге ыңғайлы жеке кабинет берілуге тиіс. Әжетхана мәселесі де қиындық туғызады. Көптеген мекемеде дәретханалар талапқа сай емес. Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жандарды қатарға қосқысы келмейді. Себебі алдымен барлық ыңғайлы жағдай жасалуға тиіс. Жұмыс уақытынан бір сағат бұрын босатылуы керек. Жеті күн еңбек демалысының ақшасы төленуі қа­жет. Тағысын тағы. Басшылар осындай «кедергілерден» аттап өткісі келеді. Мүгедектігі бар адамдар өздерін қоғамдық қаты­настардың толыққанды мүшесі ретінде сезіну үшін оларға көшеде жүруі, үйге кіруі үшін пандус жолын жасаумен немесе зейнетақы тағайындаумен ғана шектелмей, өмірге ынталандыру үшін кәсіппен айналысуына, білім алуына, спортпен шұғылдануына, емханада емделуіне мемлекет тарапынан кепілдендіріліп, қолдарына арнайы карта берілуге тиіс. Заң нормаларында мүгедектігі бар адамдар мәртебесі туралы арнайы жеңілдіктер нақты бекітілуі керек, – дейді Ә.Жүнісов.

Тағы бір мәселе – дүкендердің дені тротуарға шығып кеткен. Ол жерге пандус салу мүмкін емес. Пандус салар болса, тротуардың жартысын жауып тастайды, дейді мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Мұқтаж жандарға мемлекеттен бері­летін мүгедектер арбаларына қатысты айтылар сын көп. Сапасы нашар, қолда­нуға ыңғайсыз. Көлемі де сәйкес келмей жатады. Өкініштісі сол, арбаға қол жеткізгеннен кейін шарт бойынша 5 жыл бойы мүгедектігі бар адамдарға арналған басқа арбаны сұратуға қақысы жоқ. Әрине, сапасы жақсы арба көп. Бірақ бағасы 500 мың теңгеден кем түспейді. Мұндай ақшаға арба сатып алуға әркімнің жағдайы жете бермейді. Мемлекет те мұндай қымбат арбаларды сатып алуға құлықсыз.

Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 705 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар екен. 2021 жылғы дерекке сүйенсек, соңғы бес жылда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 7,5 пайызға артқан. Мемлекет тарапынан олардың құқығын қорғау бағытында түрлі заңнама қабылданған. Десе де, мүгедектігі бар жандар қоғамның көзқарасы әлі де «сұсты» деп есептейді.

– Көп жағдайда мүгедек жандарға мүсіркеп қарайды. Егер қолайлы жағдай жасалса мүгедектігі барлар да өз жұмысын істеп, елге пайдасын тигізер еді. Ешкімге алақан жаймауы үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі де өзекті болып отыр. Адам болған соң бір-бірімізге көңіл бөліп, қолдауымыз керек. Бірақ масылдыққа да үйретпеген жөн. Ең алдымен, кәсіпке баулып, аяғынан тік тұрып кетуіне жағдай жасаған дұрыс. Көмек жасай берсең, елдің бәрі оңай дүниені қиындықсыз ала берсем дейді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарды азын-аулақ ақшамен алдарқатқаннан, өз бетінше табыс табуына жағдай жасау маңызды, – дейді Ә.Жүнісов.

Заңнамадағы өзекті өзгерістер

Биыл маусым айында Палата оты­ры­сында сенаторлар мүгедектігі бар адам­­­дардың өмір сүру сапасын жақсар­туға арналған заңда қабылдаған болатын. Қа­был­данған заңға сәйкес есту қабі­леті төмен адамдар сотта ымдау тілі мама­ны­ның қызметтерін тегін пайдалана алады. Сондай-ақ сурдотехникалық және тифло­техникалық құралдарды пай­дала­ну­ға мүмкіндік туады. Ал мүгедектігі бар бала­ларды жалғыз өзі тәрбиелеп отыр­ған, не қамқорлығында кәмелетке тол­ған мүгедектігі бар жандар бар аза­мат­тар­ға өтеусіз заң көмегі көрсетіледі. Ха­лық­ты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға министрлердің, аудан, қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі.

Заң жобасымен таныстырған сенатор Ақмарал Әлназарова бүгінде елімізде 98 мыңнан астам мүгедектігі бар бала бар екенін айтып: «Олардың жыл сайын­ тек 6,7 пайызы ғана санаторийлерде оңал­тудан өтеді. Қалғандары үшін бұл қызмет қолжетімсіз. Себебі қолданыстағы заңнамада санаториялық-курорттық ем алу кезінде ата-анасының немесе қамқор­шысының алып жүру шығындарын өтеу көзделмеген», деп атап өтті. Осыған орай құжатта санаториялық-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасына, яғни заңды өкіліне бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құнын өтеу (70%) жолдары қарастырылып отыр. «Бұл бас­тама шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаториялық-курорттық ем-дом алуға жол ашады және 2025 жылға қарай сауықтыру шараларын алушылардың саны шамамен 3 есеге артады», деді сенатор.

Тағы бір айта кетерлігі, заң жобасын­да мүгедектікті сырттай анықтау және тө­тенше жағдай кезінде мүгедектік мер­зімін автоматты түрде ұзарту ұсы­нылған. Сонымен қатар III топтағы мү­ге­дектігі бар адамдар құқықтық және тех­­никалық мәмілелер жасау кезінде жеке нотариустардың қызметтеріне ақы төлеуден босатылып, нотариустардың тегін қызметіне ие I және II топтағы азаматтар қатарына қосылады. Сондай-ақ автобус парктері арбаға арналған пандустары бар автобустардың белгілі бір мөлшерін сатып алуға міндеттеледі.

«Заң мүгедектігі бар адамдарды қор­ғау және қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселені шешуге арналған. Сондай-ақ бұл бағыттағы әлеуметтік саясатты іске асыру тетікте­рін одан әрі жетілдіруді көздейді. Кедергі­сіз орта қалыптастыруға арналған ереже­лер ­де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақыт­та бұл заң мүгедектігі бар адамдар­дың құқығын тиімді қамтамасыз етуге тың серпін береді деп сенеміз. Сенатор­лар аталған бағытты үнемі назарда ұс­тап, тиісті заңнамалық жұмысты әрі қа­рай жалғастыра береді», деді Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев.