Қаржы пирамидасының басты ұйымдастырушысы – Ойыл ауданының тұрғыны Жанболат Есіркепов. Ол алаяқтық әрекеттерін 2017 жылдың 13 ақпанында Ақтөбе қаласында «CRYPTOINVEST» ЖШС тіркеуден бастайды. Серіктестік жарғысында электронды ақшаларды пайдалануды үйрету деп жазылады. Алайда адамдардың электронды ақшаға деген қызығушылығын туғыза алмаған Ж.Есіркепов компанияны «Выгодный займ» деген атпен 2018 жылдың 17 сәуірінде қайта тіркеуден өткізеді. Жұмысын шағын несие беретін микроқаржы ұйымы ретінде бастап, Ақтөбе қаласында бірнеше ғимаратты жалға алады.
Жұртшылыққа несие беруге бастапқы қаржы жинау үшін Жанболат Есіркепов жеке адамдардың көліктерін нарықтағы бағадан 20-30 %-ға қымбатқа сатып аламын деп хабарландыру береді. Көлікті «тез арада жоғары бағамен сатып беремін» деген хабарландыруларға сенген жұрт компания кеңсесіне келіп, сенімхат негізінде мүліктерін табыстайды. Бұл жерде саудаланатын көлік бағасының 30 пайызы бірден беріліп, қалғаны 3-4 айдан соң толық өтеледі деп уәде етіледі. Есіркеповтің «менеджерлері» көлікті иесінің сенімхатымен нарықтағы бағасынан 20 пайыз арзанға сатады. Одан түскен қаражат шағын несие ретінде жұртқа ұсынылады.
Ол енді салымшылар санын көбейту мақсатында өз қатарына сыбайластар іздейді. Ең алдымен, туған бауыры Елтаевты «Выгодный займ» ЖШС директоры етіп тағайындайды. Одан кейін таныстары Кенжебаев және Насыровты әріптес болуға шақырып, әрқайсысына міндеттер жүктейді. Алаяқтар тобына 2018 жылдың күзінде банкте жеке тұлғалардың берешектерін қайтару бойынша жұмыс істеген Тамбашев қосылады. Ол көлік не жылжымайтын мүліктерін қымбатқа сатуға келген салымшылармен серіктестік директоры арасындағы шарт жобасын әзірлейді. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері осы шартпен тұрғындардың көлік құралдары мен жылжымайтын мүліктерін қымбатқа сатып алып, арзанға сатумен айналысады. Түскен ақшаның бір бөлігі алдыңғы салымшыларға төленеді.
Жанболат Есіркепов 2019 жылдың ақпан-шілде айларында Алматы, Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Орал, Қарағанды қалаларында «Гарант 24 Ломбард», «Эстет Ломбард», «Выгодный займ» ЖШС филиалдарын ашады. Ұйымдасқан қылмыстық топқа қосылған Сексенбаев, Қуанышұлы және Қадырбергенов басқа қалалардағы филиалдарындағы қызметкерлерді «оқытумен» айналысады. Өңірлік филиалдарға банк қызметкерлері, желілік маркетингте тәжірибесі бар адамдар, IT мамандары көптеп тартылады. Алаяқтар қатарындағы IT мамандары салымшылардың ортақ мәліметтер базасын құрастырады, онда өңірлік компаниялар кассирлері мен менеджерлері салымшының жеке мәліметтерін, әкелген қаражат сомасы мен төлеген күнін, берілетін сыйақы мөлшерлемесін тіркейді. Салымшылардың жеке мәліметтерін қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ғана көре алған.
Ж.Есіркепов тобының алаяқтары 300 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін қаржы әкелген салымшыларға ай сайын 30-40 пайыз мөлшерінде сыйақы беруге уәде етеді. Сегіз қаладағы инкассаторлар өздерінің филиал басшыларын танымаса да, Ақтөбе қаласындағы ұйымдастырушылармен тікелей байланыста болған. Осындай күрделі алаяқтық жолмен үш жылға жуық емін-еркін аңқау жұртты пайдаланып келген қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары Ақтөбе қаласының тұрғындары болып шықты. Олар бірнеше компанияны әділет органдарында еш кедергісіз тіркеген және қайта тіркеуден өткізген, сенімхат арқылы жұрттың мүлкін өз аттарына рәсімдеп, үшінші тараптар арқылы кедергісіз сатып отырған. Сегіз филиалдағы салымшылардың қаржы қозғалысын бас есепші Князбаева қатаң бақылауда ұстайды. Күн сайын түскен қаржының есебі, саудаға салынатын көлік пен үй құжаттары жөнінде Ж.Есіркеповке есеп беріледі. Барлық қаланың кеңселерінде инкассатор, директорлар, кассирлер, менеджерлер тағайындалады. Бас есепші Князбаева сыбайластарымен «Жамал Максатовна, Қазтуғанова, Сюзанна, Дана, Сейтенова Бану» деген лақап есімдермен байланысып отырған. Кейінгі салымшылардың қаржысы алдыңғы салымшылардың пайыздық мөлшерлемелерін төлеуге жұмсалса, қалғаны ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары мен қызметкерлерінің қалтасына түседі.
Салымшылар қатарын көбейту үшін Instagram желісі мен телеарналарда жарнамалар орналастырып, әнші А.Төлепбергенов пен әртіс Төребаев, аралас жекпе-жектің чемпионы Қуат Хамитовтің қатысуымен түсірілген жарнамалық қысқа роликтер көрсетіледі. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымды тез көбейтетін тиімді бағдарламалар туралы жарнамалық роликтер түсіріп таратады. WhatsApp желілерінде ашылған түрлі топтарда адамдар өте жоғары пайыздық мөлшерлемемен аз уақыттың ішінде пайда табуға таныстарын, туысқандарын шақырған.
Уәде етілген үстемақыларын, тіпті бастапқы салған қаржысын ала алмағандар 2020 жылдың қаңтарынан бастап құқық қорғау органдарына арыз түсіре бастады. Сол жылдың ақпан-наурыз айында құқық қорғау органдары еліміздің сегіз қаласындағы қаржы пирамидасының кеңселерін жапты, бірнеше филиал директорлары мен қызметкерлері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің ірі көлемдегі алаяқтық, қаржы пирамидасын ұйымдастыру баптары бойынша жүздеген қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында «Гарант 24 Ломбард», «Выгодный займ», «Эстет Ломбард» компаниялары құрылған күннен бастап ешқашан да кәсіпкерлік қызметпен айналыспағаны белгілі болды.
Тез арада байып кетуге сенімді болған адамдар банктерден бірнеше миллиондаған теңге несие алып, пирамида кеңселеріне жүз мың теңгеден бастап, он миллионға дейін өз қолдарымен әкеп тапсырған, баспаналары мен көліктерін саудалауға сенімхат жазып берген. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетінен зардап шегушілердің арасында зейнеткерлер, медбикелер мен дәрігерлер, банк қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары, кіші техникалық қызметкерлер, ірі компания қызметкерлері бар. Айыптау қорытындысында пирамиданы құрушылар адамдардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланғаны көрсетілген. Бірақ зардап шегушілердің арасында жоғары білімді азаматтар көп.
Баспанасын қаржы пирамидасына салып жіберген қаншама адам пәтер жағалап кетті. Алаяқтардың кесірінен қаншама отбасында ұрыс-жанжал туды, тіпті ажырасып, өмірден түңіліп кеткендер де бар. Пирамида қаншама отбасына қайғы әкелді, арамызда бар жиған-тергенінен айырылып ішінен тынып жүргендер жетерлік.
48 алаяқ үш жыл бойы еліміздің барлық қалаларында емін-еркін әрекет еткен, кез келген қалада кеңсе жалдап, құрбандарын көбейту үшін түрлі алдау-арбау тәсілдерін пайдаланған. Олардың қылмыстық әрекеттері құқық қорғау органдарының көз алдында болды. Осыдан келе адамдардың көз жасынан ақша жасаған арсыздарды ертерек тоқтатуға болмады ма деген сұрақ туындайды. Ең бастысы талай адамның көз жасы мен уайымына айналған 30 миллиард теңге иелеріне қайта ма, жоқ па? Алаяқтар соншама қаржыны қайда тығып ұстап отыр? Бұл сұраққа жауап жоқ. Өкініштісі, оңай жолмен тез баюды көздейтіндер әлі де арамызда көп. Адамдарымыз әр жылдары қаржы пирамидасына оңбай алданып, талай рет таяқ жеп келе жатса да, алдана береді, арбала береді. Оның үстіне, осы кезге дейін талай қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың ісі сотқа жетіп, қылмыстары дәлелденсе де, ұрланған ақша табылған емес.
Ақтөбе облысы