Қоғам • 10 Тамыз, 2022

Ұлттық тәрбие – асыл қазынамыз

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыздың рухани мұрасы аса бай. Ол ұшы қиырсыз Қазақ елінің ғасырлар тереңінен бастау алады.

Ұлттық тәрбие – асыл қазынамыз

Осы тұрғыдан келгенде, ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген, жас ұрпақты өз бетінше еңбек етіп, өмір сүруге даярлаудың сан алуан құралдары мен әдістерін меңгерген. Халық фольклорының барлық жанры бала тәрбиесіне молынан пайдаланылды. Ертегілерді, аңыздарды, шежірелер мен дастандарды асқан шеберлікпен, ой-қиялдың даму деңгейін ескере отырып өмірге әкелді. Мұның өзі бала тәрбиесінде зор рөл атқарып, оның жан-жақты дамуына үлкен септігін тигізді.

Адам өмірінің түрлі кезеңдеріне байланысты пайда болған ғұрыптар жиынтығы түріндегі салт-дәстүрлер бала бойындағы адамгершілік мінез-құлық нормаларының қалыптасуына жағдай жасайды. Ата-бабаларымыздың рухани қазыналары – әңгіме, аңыз, өсиет, мақал-мәтел түрінде сақталып, кейінгілерге жетті. Бұдан біз халықтың ғасырлар бойғы отбасылық ізгі дәстүрлеріне сүйенген ұрпақтар сабақтастығын көреміз. Қазақ халқының көптеген салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, шын мәнінде, адамгершілік тәрбиенің жазылмаған заңдарына, еліміздегі отбасылардың өзіндік бір моральдық кодексіне айналды. Себебі оларда жас ұрпақты тәрбиелеудің сүзгіден өткен сан ғасырлық тәжірибесі бар.

Халықтың отбасылық дәстүрін қайта жаңғырту қазіргі уақытта ерекше маңызға ие. Өйткені өз халқыңның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу бүгінгінің де, болашақтың да адамын тәрбиелейді. Ал тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне тікелей байланыс­ты. Себебі әрбір халық ұрпағымен көктеп, ұрпағымен өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағынан қуат алады.

 

Сәбира АЙТБАЙ,

Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының аға ғылыми қызметкері

 

Түркістан облысы