Өнер • 14 Тамыз, 2022

Қастеев қазыналары

802 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмірі түрлі кезеңдерден тұрады, сол үшін оның шығармашылығы да әр уақыттың айнасы іспетті. 1919 жылы оның отбасы Жар­кентке көшеді. Әне сол кезде болашақ суретші өзінің алғашқы картиналарын салып, ертеңге үлкен үмітпен қарайды. Ол үшін сурет мінсіз әлем, ал әлем керемет сурет сияқты елестеген болса керек. Қоғамдық құбылыстар, кездескен қиыншылықтар, әртүрлі саяси жүйелер қылқалам алдында еш қауқарсыз екенін сезінген Әбілхан мәңгілік өнер аспанында жарқырап тұратын туынды салуға әуестенгенін оның әр типтегі еңбектерінен көре аламыз.

Қастеев қазыналары

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Түркісібке»  сіңген ой

Оның ең керемет туындыларының бірі – «Түркісіб». Ол бұл туындысын салудан бұрын сол замандағы ең үлкен құрылыс Түркісібке жұмысқа барады. Әне сол жылдары қара жұмыс істей жүріп, айналасын бақылап, бағдарын білген суретші «Түркісіб» деп аталатын тамаша туындысын өмірге әкеледі. Ол осы картинасына өзінің жастық шағын, ұлтының тұтас арманы мен үмітін, болашаққа деген көзқарасын, өркениетке деген ұмтылысын жазғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді.

«Түркісібке» көз салсаңыз, онда ең алдымен ұлан-ғайыр дала көзге шалынады. Кәдімгі қазақтың даласы. Баурайын ән, қойнауын күй тербеткен, төрт түлігі шұрқырап, аспанда күн нұрын төккен баябан дала. Одан кейінгі көріністе сол даланың сан мың жылдан бергі ақы иесі қазақтар бірден көңілге көрік сыйлайды. Олар Түркісібті бойлап келе жатқан пойызды алақайлап күтіп тұр. Бұл күтуде олардың асыл армандары, сезім бұлқыныстары, тіпті ертеңгі өмірге деген шынайы сенімдері сезіліп тұр. Қастеев осыны сәтті бейнелей алған. Қолына табақ ұстап, шашу шашып тұрған ақ жаулықты ана да суретші ойының тамаша жемісі. Қазақ қуанса, шашу шашады, атына мініп, алақайлайды, төңірекке сол қуаныш­ты жылдам жеткізуге асығады. Ауыл тіршілігін, қазақтың далалық өмірін жақсы білетін қылқалам иесі мұны өз картинасында аса ыждағатпен бейнелеген. Ал осы туындыдағы пойыз көрінісі бәрін айшықтап тұр. Ол қазақ даласына, бостан өмірге ұмтылған бір ұлттың өміріне өркениет әкеле жатыр ма деген сұрақ туындайды. «Түркісібке» сіңірген Қастеевтің басты идеясы осы болса керек. Байқасаңыз, пойызбен параллель түйе керуені кетіп бара жа­тыр. Бұл ежелгі дәстүр мен қазіргі сәт­тің бір-біріне деген оқшау көзқарасын ­сипаттап тұр. Былайша айтқанда, сурет­ші кешегі тоқтаусыз керуеннің орнын бүгін темір пойыз басты, кешегі уақыт бүгінге жығынды болды, дәуір ауысты, заман өзгерді деген жаңаша көз­қарасты алға тартады.

«Жас Абайдағы» жаңашылдық

Абай тұлғасын бейнелеу өнеріне әкелген суретшілер өте көп. Бірақ олардың әрқайсысы өзінің көзқа­расымен, талантымен Абай бейнесін сомдады. Бүкіл елге рухани көсем болған Абай қазақтың талантты график-суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Оның қылқаламынан туын­даған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» шығармалары осыған толық дәлел. Абай еліне суретші екі рет барып, оның туған даласын, өскен ортасын өз көзімен көреді. Сол үшін де Қастеевтің «Киіз үйдің жанындағы Абай» (1938 ж, акварель) картинасында өзінің туған ауылында ұстазы А.С.Пушкиннің кітабымен бірге суреттеген. Бұл суретте суретші Абай арқылы қазақтың өнер-білімге, руханиятқа, мәдениет пен әдебиетке жақын екенін бейнелеген десек қателеспейміз. Себебі қашанда да Абай арқылы біз қазақтың өзін көреміз. Ал хәкімнің жастық шағын бейнелеген «Жас Абай» (1945 ж, акварель) картинасы да суретшінің талантын әйгілеген туындының бірі. Қолына кітап ұстаған, алысқа, болашаққа тіке қараған Абай бәрін ойлап, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген ғасыр сөзін жалын атқан жырларымен жұртқа жеткізуге бекініп тұрған сынды. Картинадан ойлы да бекем, терең адамның бейнесін байқаймыз. Абай бейнесін суретке салған туындылар­дың ішінде Әбілхан Қастеевтің «Жас Абайы» оқшау тұрғанының себебі де осы болса керек.

«Қалыңмалға сатылған қалыңдық» – қазақ үні

Суретшінің келесі бір керемет туындысы «Қалыңмалға сатылған қа­лыңдық» деп аталады. Аталған картина 1938 жылы майлы бояумен салынған. Өткен ғасырдағы қазақ зиялылары көтерген тақырыптың ең үлкені осы әйел бостандығы еді. Сол үшін де Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілекті», Сұлтан­махмұт «Қа­мар сұлуды», Мұх­тар Әуезов «Қорғансыздың күнін», Спан­дияр Көбеев «Қалыңмал» романын жазды. Ал бейнелеу өнерінің өкілі ретінде Әбілхан Қастеев «Қалыңмалға сатылған қалыңдық» туындысын салады. Картинада ескі қоғамдағы, атап айтқанда, Қазақстанда революцияға дейін болған феодализмнің кеспірі сурет тілімен айтылған. Автор әйел теңдігі деп жар салмай-ақ жалғыз суретпен өзінің көзқарасын ашық жария етеді. Ескі дәстүрдің, жүйесіз та­ным­ның салдарынан қаншама жас қыз­дардың қоғамның, ата-ананың мәж­бүрлеуімен қалыңмалға сатылып кетіп жат­қанын суретші осы туындысы ар­қылы бейнелейді.