Қоғам • 15 Тамыз, 2022

Кадрларды қаншалықты бағалап жүрміз?

260 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қай жүйеде болсын өзектілігін жоймай келе жатқан ұранның бірі – «Бәрін де кадр шешеді» деген сөз. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласында бұл ұран­ның өзектілігі орасан. Мемлекет басшысы елдің экономикалық жағдайын, әлеуметтік ахуалын, қорғаныс қуатын жақсарту туралы қандай да бір жақсы шешімдер қабылдаса да оны іске асыратын кадрлар табылмаса бәрі де аяқсыз қала береді.

Кадрларды қаншалықты бағалап жүрміз?

Кадрлардың шеберлігі ең тө­мен­гі сатыдан бастап көрінеді. Бас­тығының тапсырмасын тек бас шұлғып орындауға әзір тұра­тын­дар­дың жұмыс тиімділігі төмен. Үнемі үлкен мәселелермен айналысатын, бастыққа төмендегі ахуал туралы толық ақпарат жеткізе алмай, тек бұзып-жарып бастықтың айтқанын ғана орындайтын бағыныштылардың жұ­мы­сы жақсы нәтиже бермейді. Мә­селен, нәтижелі жұмыс істеп жатқан бір басқарманы немесе бөлімді тарату туралы тапсырманы көзсіз орындау – жалпы жүйе­нің қалыпты жұмыс істеуіне ке­дергі келтіреді. Бастыққа мәсе­ле­ні жан-жақты түсіндіре алмайтын бағыныштылардың қызметі – қамшы немесе таяқпен ғана жұмыс істейтін түйе мен өгіздің жұмысына тең. Жұмыс жалпы орындалғанымен тиімді нәтиже жоқ.

Бізде ұзақ жылдар бойы сырттан келген немесе шетелден оқып келгендер білген дүниесін қалып­тас­қан тәртіппен санаспай, бұзып-жарып енгізу жаппай орын алды. Қалыптасып, жүлгеленіп қалған жүйені жетілдіру деген жоқ, тек жапонның, ағылшынның, мажардың тәжірибесі деп, бізде­гімен үйлеспейтін жаңа тәртіп, мүлде басқа тәсілге көшіру­ді қа­лай­тын­дар шықты. Жаңа жүйені ен­­гізуге, жаңа бағдарламаны қа­был­­дауға қыруар қаражат бөлі­не­тінін көр­ген кейбір жылпостар мұндайға тіпті жанын салып кірісетін. Бір жылдары қазақ тілінен басқа пәнді ағылшынша оқытамыз, сол үшін 2-3 айда ағылшынша сабақ беретін ұстаздарды даярлаймыз деген шешім қаншама қаржыны босқа құртқанын жақсы білеміз...

Барлық салада осындайға жол бер­мей­тін, берік қалыптасқан кадрлық жүйе болуы керек. Онда­ғы кадрлар бас­тық­қа жаманатты болудан қорықпай, өз ісіне жаны ашыса, нақты жағдайды жаңа бастыққа түсіндіруі керек. Соңғы жылдары халық мемлекеттік қыз­метшілерге сенімсіздікпен қарай­тын болды, олардың дені қол­да­ры­нан іс келмейтін, тек бюджет қара­жатын қолды қылуды білетін жем­қорлар, бюрократтар деген түсі­нік қалыптасты.

Жаңа Қазақстанды құру үшін барлық саладағы мемлекеттік қызмет­керлердің жұмыс тиімді­лі­гін арттыру керек. Ұлттық Құрыл­тай­да сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемле­кет­тік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару ке­рек. Тіпті оларды «халық жау­лары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игі­лі­гі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады», деген пікір айтты.

Шынында барлық қызмет­кер­ге тұ­тас­­тай күйе жағуға бол­майды. Олар­дың арасында патриоттар да, өз ісін ше­міш­кеше ша­­ғатын білікті азаматтар да көп. Міне, осылардың күш-қуа­тын, ақылы мен білімін елдің игілі­гіне тиімді жұм­сай білу керек. Ондайды жасайтын алды­мен өзінің тікелей басшылары. Бағыныштысының іскерлігін көрген басшы оны өзінің тапсырмасын бұлжытпай орындағанына мәз болмай қызметін өсіруге, кадр­­лық резервке жылжытуға тырысуы керек. Осындайды орындап жүрген әрбір басшының ісі де баға­ланып, ынталандырылып отырса – тіпті құба-құп болар еді.

Қаншама жазып, қаншама сынап жатса да біздегі мемлекеттік қызметкерлердің саны көп. Был­тыр­ғы желтоқсанда Үкімет мем­ле­кеттік қызметкерлердің санын қысқарту туралы қаулы қа­был­да­ғанымен, оның нәтижесі ша­малы болды. Мәселен, Сол­түстік Қазақстан облысында қазір 4 мың­дай мемлекеттік қызметкер бар. Бұл былтырғы жылдың сәй­кес мерзімімен салыстырғанда 14 бірлікке ғана азайған деген сөз.

Мемлекеттік қызметкерлер санының тұрақтылығын сақтау, олардың жиі ауы­суы­на жол бермеу – Мемлекеттік қыз­мет іс­тері жөніндегі агенттіктің стра­­­те­гия­лық көрсеткіштерінің бірі. Об­лыс­­­тық департаменттің басшысы Елена Степаненконың айтуына қарағанда, бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан республика бойынша алдыңғы қатарда. Егер елдегі орташа көрсеткіш 6,8 па­йыз болса біздің облыста ол 1,9 пайыз ғана екен. Былтыр жеті айда 146 адам қызметтен шықса, биыл 82 адам ғана басқа қызметке ауысқан. Әрине, кадр­лар­дың ауыспай, бір жерде тұ­рақ­ты жұмыс істеуіне қазір бар­лық жағдай жасалған. Осы департаменттің басқарма басшысы Еркін Жақсылықовтың айтуы­­­­на қарағанда, қазір аудандық дең­гейде жұмысқа тұрған мем­ле­кеттік қыз­мет­кер­дің өзі айына кем дегенде 200 мың теңге еңбекақы алады екен. Бұрын көп жыл бойы, өтілі кем қыз­мет­керлер аз еңбекақы алатын. Енді осы еңбекақыға мерекелерде берілетін сыйақыларды және жылдың қорытындысы бойынша төленетін бонустарды қоссаңыз – қомақты сома шыға келеді. Жұмыс өтілі артқан сайын төленетін қосымшасы тағы бар. Осындай жағдайда жұмыс істемейтін несі бар? Сондықтан да биыл мемлекеттік қызметке тұруға ұмтылғандар саны былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен са­лыс­­тырғанда 1,5 есе артып, 1 551 адам­­ға жеткен. Алайда канди­дат­тар­дың біліктілігі төмен. Тиісті тесттерден тек
31 па­йызы ғана өте алған.

Осының өзінен кандидаттарды тесті­леу әділ жолмен өтетін болуы керек деген сенім туады. Өйт­кені қазіргі жас­тар­дың жалпы біліктілігі төмен еке­нін өңірде көріп жүреміз. Демек сол­­түстікте мемлекеттік қызметке тек­ бі­­лікті, білімді жандар ғана өтетін сияқ­­­­ты. Ендеше, ертеңгі күні олардың кә­сі­­­би біліктілігінен басқа мемле­кет­­шіл­­дігі, патриоттығы жоғары болар деп үміт­те­не­сің. Жоғарыда айтылған талаптарды да тек осындай жастар ғана орындай алатыны сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы