Өнер • 17 Тамыз, 2022

Бетховеннің өмірі

557 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірнеше уақыт бұрын қолымызға түскен Ромен Ролланның «Бетховеннің өмірі» атты кітабы бізді қызықтырған. Бетховеннің шалт, шәлкес мінезі, паңдығы, парасаты еліктірген. Ол бейне бір басқа кеңістікте өмір кешердей, басқа дәуірде жүретіндей. Өзі жасаған өміршең әлемінде.

Бетховеннің өмірі

Бетховен фортепианода, орган мен скрипкада ойнауды ерте кезден үйренді. Әкесінің баласын «екінші Моцарт» жасағысы келген шексіз қалауымен небәрі жеті жасында алғашқы кешін берді. 12 жасында «Бір иттің өліміне элегия» атты қызықты тақырыпта шығармасын жазды. Он жыл өткен соң, 22 жасқа аяқ басқан шағында Вена қаласына сапарға аттанады.

Композитордың белгілі шығармаларының бірі «Элизаға» деп аталады. Шығарма жөнінде зерттеушілер арасындағы талас-тартыстар толастаған емес. Бетховен ешқашан отау құрмағаны мәлім. Бірақ бірнеше рет қыз айттырып, құдаласқан. Соның бірі – Элизабет Реккель болса, екіншісі Тереза Мальфатти. Бетховеннің «Өлмес махаббатыма» атты хатын кімге жазғаны әлі күнге зерттелу үстінде. Кей ғалымдар Антония Брентаноға арналғанын, сол деректің шындыққа жанасатынын айтады. Бетховен өз өмірінің маңызды беттерін жасырып, жабық ұстаған. Алайда досы Франц Вегелердің айтуы бойынша, Бетховеннің Венада өткен күндері ғашықтық ғаламатқа толы болған. Шабытты күндерде шартарапты кезіп, арманға құлаш ұрып аласұрған композитор сондықтан «Веналық классиканың» ақырғы алыптарының бірі атанған болар. Ол болашақ үлесіне 240 шығармашылық еңбек қалдырды. Сонымен қатар симфонияда жаңа жанр қалыптастырып, алғаш рет өзіне дейін болмаған тоғызыншы симфонияны хорға салды.

Бетховен мен Гете

Ромен Ролланның кітабында композитордың құлағы неге керең болғаны жайында қызықты дерек айтылады. Бетховен жанкештілік атты кемеге мініп, күндіз-түні ізденіс айдынында жүзеді. Тіпті ұйықтау дегеніңіз ол үшін барып тұрған уақыт өлтіру ойыны іспетті еді. Ұйқысы келсе болғаны су ағатын шүмекті барынша қосып, мұп-мұздай суға басын сала жөнелетін. Солайша, ұйқысы қашып, қайта қауырт жұмысына отыратын. Міне, үздіксіз суық су қарыған құлағы осыдан соң сырқаттанып, естуден қалады.

Кітапта Бетховен мен Гете жөніндегі оқиға қамтылған. Байсалды, байыпты ақын мен ұшқалақ, қызба композитордың жолығуы кездейсоқ емес. Бетховен Гете шығармашылығына бас иіп, талантына табынатын. 1811 жылдың 12 сәуіріндегі ақынға жазған хатында: «Сізді бала күннен, ұзақ уақыттан бері танимын – бұл соншалық аз әрі соншалық ұлы!» дейді. Ақыры қос алып жүздесер күн де жетеді. 1811 жылы жаз айында Бетховен Чехияның солтүстік-батысындағы Теплиц қаласында тұрады. Өзін жалғыздық ұясына қонғандай сезініп, жабырқаған композитор Гетемен кездесуге шешім қабылдайды. Екі тау қосылғандай, екі өзен бір арнаға тоғысқандай әсерлі кездесу өтеді. Тынбастан, тапжылмас­тан бірнеше сағат дүркін-дүркін әңгіме айтып, пікірлеседі. Әрқайсы жайлы толағай сөз айтылып, кездесу екінші күнге, тіпті үш күнге созылады. Бетховен фортепианода ойнап, өнерін паш етеді. Көп өтпей тарихқа енген оқиға қылаң беріп, анадан бөлек туған данышпандардың мінез қырлары көрінеді. Екеуі серуен құрып, өзі жайлы, ірі һәм қарапайым еңбек адамдары жайлы, өнер мен бүгінгі саясат хақында әңгіме құрып жүрген болатын. Кенет қалалық бақ маңынан қорғаушыларымен бірге серуендеп жүрген патшайым көрінеді.  Паң Бетховен өздерінің көрнекті тұлға екенін, патшайымның жанынан басымызды тік көтеріп өтсек жарасады деген сыңайда Гетеге сөз айтып, жүрісінен жаңылмайды. Бірақ Гете бұған келіспей, құрмет көрсету ретінде қалпағын алып, ақсүйек патшайымға сыпайы ғана құрмет білдіру үшін жолдың шетіне шығып тұрады. Бетховен Гетенің бұл ісіне бұлтты күндей түнеріп, елеусіз ғана бас изеп, патшайымның жанынан паң күйде жылдам өте береді. Келеңсіз оқиға жөнінде кейіннен Бетховен: «Мен патшалар ақындарды қарсы алады деп ойлағанмын, бірақ ақын патшаны қарсы алды» дейді. Ал Гете болса: «Бетховен – аса сүйкімді деуге келмейтін адуынды тұлға. Әлбетте алғыр әрі ақылды жан, ол мына әлемді кеспірсіз десе, онымен келіспеу қиын. Алайда бұл кеспірсіз әлемге Бетховеннің жасаған алақандай қарсылығы, әлемді жайдарлы етіп жібермейтінін айтуға мәжбүрмін» дейді.

Қазақ руханияты үйренуі тиіс алпауыт өнердің бір ұшқыны Бетховенде бар дер едік.