Күнделікті жұмыстары екен. Қимылдары ширақ. Сөзге де ағып тұр. Кәмелетке толмаған баланың жұмысқа тартылуы заңға қайшы, әрине. Әңгімені осыдан бастағанбыз. Қос балақай мұның бәрін біледі. «Полицейге» айтпасам, ашық әңгімелесетіндерін жеткізді.
– Бұған дейін ұсталып көріп пе едіңдер?
– Жоқ. Көре қалсақ, қашып кетеміз. Бір досымызды ұстап, үш күн қамап тастаған. Ата-анасынан сөз естіді де, шықпай кетті…
Дәл осы тұста тұрақ жанындағы жолдан жол полциясы қызметкерлерінің көлігі өтіп бара жатты. Екеуі жалтақ-жалтақ етеді. Бізге қарай бағыт алса, қос балақай қолындағы әйнек сүртіп жүрген жарақтарын тастай сала, қаша жөнелгелі тұр.
Жақын таныса түстік. Есімдерін айтты. Ноянның жасы –15-те, Сергейдікі – 13-те (есімдері шартты түрде өзгертілді). Екеуі бір мектепте оқиды. Бір көшенің тұрғыны. Мұнда келіп, тиын-тебен тауып жүргендеріне айға жуықтапты.
– Ал ата-аналарың біле ме бұл шаруаларыңды? Қарсы емес пе?
– Иә, біледі. Тек, байқап жүріңдер деп ескертіп отырады.
– Ақшаларыңды қайда жаратасыңдар?
– Үй ішіне береміз. Азық-түлікке жұмсайды. Өзімізге де шамалы ақша алып қаламыз.
Күнделікті қанша табатындарын білгіміз келіп, сұрадық. «Әрқалай табамыз. Мысалы, менің ең көп тапқаным – 9 мың теңге. Бір ағатай 5 мың теңге беріп кетті. «Жарайсың! Талаптанып жүр екенсің» деп. Ол кісіге дейін 4 мың теңге ақшам бар еді. Соны қанағат еттім де, қайттым үйіме» дейді Ноян батыр. «Ақша бермей кететіндер бола ма?» деп те сұрап қалдық. «Ақша бермей кеткен кісі болмапты. Тек, бір ағатай 1 теңге берген болатын. Сонда да алғысымды айттым. Біз үшін ол да ақша ғой» деп қайырды жауабын. Әлгі кісінің онысына ыза, Ноянның бұл сөзіне іштей ырза болдық. Ал Ноянның серігі Сергей ең көбі 6 мың теңгені олжалапты. «Таза таппадық» деген күннің өзінде ең кемі 2 мың теңгемен қайтады екен.
– Тек, осы жерде ғана жүресіңдер ме, әлде?
– Орталық әмбебап дүкені мен «Қазақстан» бизнес орталығының көлік тұрағында да жүреміз.
«Үш нүктеміз бар» дейді. Кәдімгі кәсіп қылып алыпты. Басында көлікті тұраққа қоюға көмектескен екен. Кейіннен оны оңай жолмен келетін ақша деп ойлағандарын айтады. «Тегін ақша алғанымыз болмас, әйнек тазалайтын жабдық алайық та, терезе жуып, еңбектенейік» деп уағдаласыпты екеуі. Арланбай ақша тауып жүрген екі құлыншақтың алдымен адал еңбекті ойлағандары толғандырып тастады.
«Болар бала жасынан». Еңбекке ерте құлшынған екеуінің арманын да білдік. Ноян дәнекерлеуші болғысы келсе, Сергей бизнеспен айналысқанды жөн көреді.
– Журналист ағатай, біз жайлы күштілеп жазыңызшы, – дейді шат-шадыман кейіпте.
P.S. Иә, біздің мақсатымыз арадағы әңгімені қаз қалпында жеткізу. Рас, балалардың бұл еңбегіне едірейе қарайтындар да бар. «Әке-шешесі не қарап отыр?» деп. Дәл осы жастағы қала балалары есірткі тасымалдап жүр емес пе? Оған қарағанда бұл екі құлыншақтан айналып кету керек секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
Қасымхан ҒАЛЫМ,
журналист
Қарағанды