Таным • 18 Тамыз, 2022

Музейге тарту еткен жәдігерлер

579 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егемен қазақ елінің мәдени өмірінде өткен тарихымызды, мәдениетімізді көрсететін музейлердің рөлі ерекше. Халық арасында сақталған құнды мұрамыз, қолөнер бұйымдары, кітаптар, қолжазбалар қай заманда да өз маңызын жоғалтқан емес.

Музейге тарту еткен жәдігерлер

Қолөнер шебері Құттығыз Сералиеваның Отырар музей-қорығына тарту еткен сыйы – кілем

Негізі қаланғанына 50 жыл­дан асқан Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шә­уіл­дір ауылындағы Отырар мем­лекеттік археологиялық музей-қорығына осы уақытқа дейін жәдігерлер археологиялық, этно­графиялық ғылыми-зерттеу экспедициялары, археологиялық қазба жұмыстары барысында, ғалымдардың, өнер адам­дарының, қолөнер шеберлерінің, жәдігер жанашырларының музейге сыйға тартуымен жиналған.  Осы үрдіс қазір де жалғасын тау­ып келеді. Мәдениет және спорт министрлігіне қарас­ты Отырар мемлекеттік архео­логия­лық музей-қорығының ұй­ымдастыруымен  «Музейге сый» акциясы өтіп тұрады, оның мақсаты ел арасынан көне мұ­раларды жинастыру, тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтау мәселесіне көңіл бөлу,  кәсіби тұрғыда заттық және рухани мұрамызды сақтау. Алғаш­қыда музейде 2000 жәдігер болса, қазіргі таңда 25000-нан асты.

«Музейге сый» акциясында мәдениет жанашырлары археологиялық, этнографиялық бірнеше заттарды музейге табыстап келеді. 2022 жылдың тамыз айында музей қорын толықтыру мақсатында Түркістан облысы, Отырар өңірінде «Қол­өнер-халық қазынасы» тақы­ры­бында этнографиялық ғы­лы­ми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылған еді. Экспе­диция барысында табылған заттардың  ішінде кілемге ерекше тоқталуды жөн көрдім. Бұған дейін де кілем туралы бірнеше мақалалар жарияланған еді. Тарихы терең жәдігерді қолөнер шебері Құттығыз Сера­лиева ападан алып Отырар мем­лекеттік археологиялық му­зей-қорығының аға ғылыми қыз­меткері Қалипа Кемелова музей қорына өткізді. 80 жасқа келген Құттығыз апа ғұмырының 65 жылға тарта уақытын қолөнер бұйымдарын жасауға арнаған қолөнер шебері. Атадан балаға мирас болып келе жатқан кілемді  ұрпақтан-ұрпаққа әулеттің қас­терлі заты ретінде сақтап келген. Кілем жарты ғасырға жуық­таса да әрі кетпеген, өте бе­рік болып тоқылған. Кілем тоқу өнері ерте заманда пайда бол­ғандығы археологиялық қаз­ба жұмыстарынан  белгілі.  Кілем бетіндегі сан қилы сәндік өрнек­терге назар салған адам сол ха­лықтың тұнып тұрған ше­жіресін көретіні анық.

р

р

 

Ақлима ЖҰМАШОВА,

Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі