Жеті жасында «Жұмбақ жалауды» жаттаған
Кәкімбек ағаның туған жері – Сарыарқаның солтүстік шегінде орын тепкен, ауасы жұпар, суы бал, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін Саумалкөл дейтін шұрайлы өлке. «Менен бес жас үлкен Ермек дейтін бөле тәтем болды. Әрі атақты Үкілі Ыбырайдың туған немересі. Осы тәтем маған мектепке бармай тұрып латынша жазу-сызуды үйретіп тастады», дейді ағамыз.
Оған не себеп болды десеңіз, ол заманда ел орынға отырған соң күнде кешке ауылдың кемпір-шалдары бір үйге жиналып алып, ауылда хат танитын жалғыз адам Ермекке кітап оқытады екен. Ол кісі сығырайған май шамның жарығында танауы пысылдап, түн жарымға дейін саңқылдап отырғаны. Ол тұста адамдардың есту қабілеті қайбір жақсы дейсіз, қайталап оқытып ығырын шығарады екен. Әбден ығыры шыққан Ермек тәтесі: «Кәкімбек, сен жас болсаң да, қабілетің жақсы, мен саған әріп үйретейін, бір-екі аптада игеріп кетесің, мына кемпір-шалдарға кітап оқып берем деп шаршап өлетін болдым, маған көмектес», депті. Сөйтіп, жеті жасар жеткіншек өз бетінше сауат ашыпты.
Ауылдың кемпір-шалдары жиналып алып, жаңадан хат таныған Кәкімбекке Сәбит Мұқановтың жаңа шыққан «Жұмбақ жалау» романын оқытып қояды екен. Кәкең болса күні-түні оқи-оқи ақыры жуан кітапты түгін қалдырмай жаттап алыпты. Шаршағанда кітаптың бетін ашып қойып жатқа сарнайды. Ауылдың ақсақалдары: «Ойбай, мына бала керемет екен!» деп мақтайды-ай келіп. Әкесі Айтахмет талантты ұлын ұштай түсу үшін қазақ тілінде жарық көрген кітап атаулыны қайдан болса да тауып, үйіп тастапты. Ал оқы!
Осылай, ерте ұшталып, жастайынан сауаты ашылған бала ауылдағы бастауыш мектепті үздік бітірген соң Сырымбеттегі орта мектепке ауысады. Сырымбет – Шыңғыс төренің орда тіккен жері. Ол тұста Шоқанның әжесі Айғанымның қыстауы мектепке айналғандықтан балалар сонда оқыпты. Осында 10 жылдықты бітірген Кәкімбекті немере ағасы үлкен ақын Молдахмет Тырбаев шақырып алып: «Әй бала, биыл оқу бітіресің, қайда бармақ ойың бар?» депті. «Мұғалімнің оқуына баратын шығармын». «Тәйт әрі, екінің бірі мұғалім болады, сен оны қой, жан-жағыңа қарашы, мына тұрған Жалғызтауда, ана тұрған Айыртауда кен жоқ дейсің бе, мен бірдеңе білсем, бұл таулардың қойнауы тола байлық. Бірақ біздің елде Жезқазғанды ашқан Қаныш Сәтбаев сияқты ғалым жоқ. Сен сол Қаныштың оқуына бар!» дейді. «Оған қалай барам?..» Молдакең жарықтық, мұртын ширатып, ырғатылып отырып: «Алматыны қой, тура Мәскеуге тарт, жол шығыныңды мен мойныма алайын», дейді.
«Бұл жерде мына бір оқиғаны айтпай кетсем жарамас. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан тұста Ғабит Мүсірепов бас болып, халықтың рухын көтеру үшін Алматыда үлкен айтыс өткізген. Оған Жамбыл Жабаев құрметті қонақ ретінде қатысқан. Мұхтар Әуезов те болған. Осы айтысқа Шашубай, Нартайлармен бірге Молдахмет ағам да барған екен. Айтысқа қатысқан барлық ақынды Қаныш Сәтбаев үйіне қонаққа шақырған. Ішінде Молдакең де бар. Ғалымның үйіне барған ақындар ойына келген сұрақты қоя берген көрінеді. Соның бәріне Қанекең асырып-төгілтіп жауап беріпті. Мұндай зерделі, таудай тұлғалы, білімі теңіз, кісілігі кемел адамды көрмедім деп, риза болған Молдакең маған «Қаныш сияқты бол!» деп, Мәскеудегі Калинин атындағы Түсті металл және алтын институтына құжат тапсыртты», дейді Кәкімбек аға Айтахметұлы.
Қонаевтың арқасында елге оралған
Молдахмет ағасының «үкімімен» Мәскеуде табан аудармай бес жыл оқыған Кәкең 1955 жылы оқуын бітіріпті. Мамандығы – уран кенішін игеру саласы болғандықтан министрлік ағамызға шетелге, соның ішінде Германияға барып жұмыс істейсің дегенді айтады. Салықов болса елге оралып, еңбек еткісі келеді. Қайтпек керек?
Осылай екіұдай күйде не істерін білмей аңтарылып жүрген күндері «Мәскеуге ҚазССР Министрлер кабинетінің басшысы Дінмұхамед Қонаев келді», деген хабарды құлағы шалады. Дереу Димекеңнің қабылдауына жазылып: «Димаш аға, мені шетелге жіберейін деп жатыр, шамаңыз келсе алып қалыңыз, менің өз еліме қызмет еткім келеді», деп жүрекжарды өтінішін жеткізеді.
Жанары отты жас жігіттің өтінішін үнсіз тыңдағын Қонаев тау-кен саласының министрі өзінің ескі досы Ефим Славскийге тура телефон соғып, Кәкеңді Қазақстанға қалдырады да, «Қарағым, Қазақстанның қай жеріне барасың?» депті жып-жылы үнімен. Кәкең Жезқазғанды таңдаған. «Жұмысты қатардағы мастер болып бастадым. Одан цех бастығы, бас инженердің орынбасары, соңғы 6 жыл шахта бастығы болдым. Ең үлкен шахтаның ең жас бастығы ретінде тарихта қалдым», дейді Кәкімбек көкем.
* * *
Адам баласының жеке өмірінде ұмытылмастай оқиғалар болады. Ағамыз үшін осындай тарихи оқиғаның бірі – 1961 жылы атақты ғалым Қаныш Сәтбаевпен жүздесуі. Қанекең қасында үлкен оқымысты Ө.Байқоңыров бар Салықов басқарған шахтаға келіп, астына түскен екен. Осы сапарында жас азаматтың білімі мен білігіне риза болған Сәтбаев: «Сен бала, бұдан былай ғылыммен айналыс, бейімің де бар екен», депті. Қанекең айтты, ол заң. Сөйтіп, ғалым болмаққа ниеті кеткен жас Жезқазған шахта басқармасының директоры, Социалистік Еңбек Ері, ірі қазақ Мұхит Бөпежановқа барып: «Қанекең ғылыммен айналыс деп жатыр, соған қарай бет бұрғаным дұрыс шығар», деген екен. Ана кісі: «Ғылымда нең бар, жұмысыңды істе, Қанышпен өзім сөйлесем», деп кесіп тастаған. Содан кейін бұл тақырыпқа қайта айналып екінші рет соқпаған көрінеді.
«Қанышты тек қана кен барлау ісінің білгірі деп қараған дұрыс емес, – дейді Кәкімбек аға. – Дала тарихының үлкен жанашыры, айталық Жезқазған өңіріндегі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына тікелей осы кісінің қатысы бар. Сонау моңғол жеріндегі байырғы қаған ордасы Қарақорымнан бастап, батыстағы Сарай Батуға дейін екі арада аса маңызды «Хан жолы» болғанын, осы жолдың бойында әрбір 60-70 шақырым сайын ат бекет пен қоныс болғанын тұңғыш дәйектеген адам – Қаныш Сәтбаев. Еліміздің атом физикасының негізін қалаған осы кісі. География институтын орнатқан – Қаныш. Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалады. Орталық Қазақстанның метагонниялық картасын жасады. Қай жерден нені іздеу керек, бәрін тәптіштеп көрсетіп беріп кетті. Өмірден ертерек кетпегенде, Нобель сыйлығын сөзсіз алатын еді. Бірақ Кеңес үкіметі Ленин атындағы сыйлықты берді. Келесі бір көп айтыла бермейтін дүние – қазіргі Маңғыстау мұнайының ашылуына мұрындық болған да Қаныш Сәтбаев. Осында барлау жұмысын жүргізгендер «мұнда мұнай жоқ» деп кеткелі жатқанын естіген Қанекең өзі ұшып келіп, жұмысты қайтадан қолға алады. Министрге сөйлесіп ақша, қаражат бөлгізеді. Барлау картасын өзі жасап береді. Осылай, Маңғыстау мұнайы ашылған.
Жақсылардың дәмін татып, тәлімін алған
Кәкімбек ағамыздың бірінші қыры – тау-кен саласының білгір маманы һәм саяси қайраткерлігі болса, екінші қыры – ақындығы. Оның бер жағында ағамыз Жезқазғанда басшылық қызмет атқарып жүрген жылдары көршілес Қарағанды қаласында, алаштың ірісі Әлімхан Ермеков, шежіре – қаламгер Жайық Бектұров, үлкен білім иесі Евней Бөкетовтер болды. Осылар арқылы ағамыз алаш рухын сезіп, Мағжан жырымен ауызданған екен.
«Жезқазғанда қызмет істеп жүрген кезім болатын. Кезекті демалысқа шығып, курортқа бардым. Сол жерде филолог ғалым Серік Қирабаевпен кездестім. Секең ақынның «Сүйші, сәулем, тағы сүй», дейтін өлеңін жатқа айтып берді. Тағы да басқа жырларын біледі екен. Мен таң қалдым. «Мынауыңыз сұмдық ақын ғой, сізде кітабы бар ма?» деп сұрадым. Ол кісі «жоқ» деді. «Қайдан табуға болады?». Секең айтты: «Қарағандыда Жайық Бектұров дейтін жазушы ағаң тұрады, сол кісіден сұрап көрші» деді.
Содан Кәкең шауып отырып Жайық ағасына келіп: «Сізде Мағжан Жұмабаев деген ақынның кітабы бар екен, беріңіз!» депті. Жақаң: «Бар, берейін, ертең кештен қалдырмай қайта әкеліп таста!». «Құп болады». Ашып қараса, кітап Мағжанның «Батыр Баяны» екен. Ертеректе латын ғарпімен басылыпты. Латын жазуын бала күнінен білетін Кәкең таң атқанша кітапты бас алмай оқып, жаттап алыпты. Таңертең уәде бойынша иесіне апарып берген.
«Мен қазақтың ақын-жазушылары ішінде Сәбит Мұқановпен өте жақын болдым», дейді ағамыз. Сәбеңмен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Бурабай курортында танысқан екен. Атағы Алатаудай жазушыны шақырып, қонақасы беріпті. Аттанарда Сәбең жарықтық: «Кәкімбек, мүмкін айтарың бар шығар, ағыл-тегіл сый көрсеттің, бұның өтеуіне не істейін?», дейді. «Ойбай, Сәбит аға, сіз білмейсіз, менің сауатымды ашқан сіздің «Жұмбақ жалауыңыз», бұл – соның өтеуі» депті. Содан тұрған бойы сол жерде кітапты басынан бастап жатқа айтып берген. Сәбең шалқасынан түсіпті. Осы оқиға Сәбең екеуімізді жақындастырды, дейді аға.
Айтпақшы, 1970 жылы Сәбит Мұқанов 70 жасқа толып жезқазғандықтар қандай сый көрсетеміз деп ақылдасқанда, қаладағы әскери бөлімнің бастығы: «Біздің мұражайда тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің антеннасы бар, соны сыйға тартайық», деген екен. Осы орайда «Гагариннің антеннасы Жезқазғанда қайдан жүр?» деген сұрақ туары анық. 1961 жылы Ю.Гагарин Байқоңырдан ғарышқа ұшып, қайта жерге оралғанда мініп барған ғарыш кемесі Жезқазғанның даласына түскен. Соны әскерилер барып жинағанда, ғарыш кемесінің антеннасы қолдарына түседі. Тексеріп көрсе, антенна толық жұмыс істеп тұр...
«Ал Евней аға екеуміз – жерлес адамдармыз», – дейді Кәкең. Бірін-бірі ертеден таниды екен. Тіпті сонау елуінші жылдары студент кезінде Салықов Текелі кенішіне өндірістік тәжірибеден өту үшін келіп жүріп ағасымен танысқан. Одан бертінде К.Салықов Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған тұста, бұл жаңалықты радиодан естіген Ебекең: «құтты болсын!» айтыпты.
Қарақалпақстан үшін Горбачевқа қаулы шығартқан
Орталық партия комитеті 1984 жылы К.Салықовты Қарақалпақ АССР-іне бірінші хатшы етіп жібереді. Осы жерде 1989 жылға дейін қызмет атқарып, екі мәрте КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланған. «Мен барғанда Қарақалпақстанның жағдайы жақсы емес екен. Өйткені елдің күнкөріс көзі Арал теңізінің суы тартылып, өлкені құрғақшылық жайлап алған. Жағдай қиын болды», дейді К.Салықов.
Не істеу керек? Содан Бас хатшы М.Горбачевқа барып: «Құрметті, Михаил Сергеевич, сіз білесіз, бұрынғы Бас хатшы Черненконың тұсында артта қалған Тува АССР-ін өркендету туралы шешім қабылданды, Андроповтың тұсында Карелия өлкесіне маңыз берілді, енді сіздің тұсыңызда Қарақалпақ республикасын өркендетуге қатысты шешім қабылдаңыз», деп өтініпті.
Нәтижесінде, бір жылдан кейін 1985 жылы Орталық партия комитеті мен Министрлер Кеңесі «Қарақалпақ АССР-іне көмек беру туралы» біріккен қаулы қабылдайды. Осында Арал экологиялық мәселесі де қамтылады. Қаулының күшімен ауыл тұрғындарын газбен қамту 92 пайызға дейін көтеріліпті.
Оның сыртында республикада алғаш рет Опера театрын ашып, Еркеғали Рахмадиев бастаған бір топ қазақстандық өнер майталмандарының күшімен алғашқы қойылымды сахна төріне шығарса, одан кейін Нүкістегі жалғыз пединститутқа университет мәртебесін алып беріп, жаңадан үлкен ғимарат салғызғаны бір төбе.
«Институттың ескі ғимаратын халық мұрасын зерттейтін орынға айналдырдық, әрі дарынды балаларға арналған мектеп аштық. Халық ақыны Бердақ Қарғабаевтың мұрасын насихаттау мақсатында жыл сайын «Бердақ оқуларын» өткізетін дәстүр енгіздім», – дейді Салықов ағамыз.