Абай • 22 Тамыз, 2022

Абайтаудың ар жағы мен бер жағы

20814 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақ ғалымдары мен жазушылары тарихымызды түгендеу барысында біраз жұмыстар тындырды. Олар еңбектерін негізінен шежірелер мен өзге елдердің архивтеріне сүйеніп жазғандықтан толыққанды болмаса да тарихымыз әйтеуір сұлбаланды. Ел билеген хандарымыз бен батыр-билеріміз де біршама тұлғаланды.

Абайтаудың ар жағы мен бер жағы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бірақ ел тарихымен бірге ақыл-ой тарихы деген бар. Әрі ол жылнама-ше­жірелерді тұжыру не сыдырта көшіру емес, адамзат қауымы пайда болғалы бергі ата-бабаңның Жаратушы мен жаратылыс туралы танымдарынан бастап, қарапайым тұрмыс-тіршілігіне дейін та­нып білу. Ал бабаларының ой биігін түрлі себептермен игере алмағандар жат таным-ұстанымдардың жетегінде кетеді де, түптің түбінде ой байлар қазығы жоқ болғандықтан танымы тайғақ, сөзі сыр­ғақ, өзіне сенімсіздіктен өзгенің етегіне жар­масқыш ұрпақты тудырады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ.

Қазақтардың шыға алмай жатқан ой биігі – Абай. Жай биік емес, Ала­тау­дай асқар тау биік. Бірақ сол даныш­­панымыздың тау биіктен арлы-бер­ліні шолып барып, жат жылымдарға жұ­тыл­майтындай етіп қадап кеткен ой қазы­ғынан адасып, Темірқазыққа арқандалған ақбозат пен көкбозатқа қолы жете алмаған «Жеті қарақшының» күйін кешудеміз. «Жеті қарақшының» ойы – ұрлық. Сондықтан жетпесе, жетпей-ақ қойсын. Ал бабамыз еншілеген ой қазығына біз неге байлана алмаймыз?

Байлана алмайтынымыз – көп заман­нан бері қазақ халқының санасы сан сапа­лақ шабуылдарға ұшырады да, ақынын түсі­не алмайтын аталаға айналды. Сөйтті де, Абайтаудың аржағында небір жазиралы ой-сана бұлақтары болғанынан мүлдем мақұрым қалды. Абайды түсіну үшін сол ой-сана бұлақтарын ашу керек­тігін ерте сезінген ғалым Мекемтас Мыр­зах­мет­ұлы бұл істі кеңес үкіметі ке­зін­де-ақ қолға алып, қанша теперіш көрсе де көп іс тындырып еді.

М.Мырзахметұлының ізін басып, дәл осы тақырыпты қазақ оқырмандарына ашып беруге тырысып жүрген ғалымның бірі – Ираннан келген Ислам Жеменей. Ол парсы тілін жетік біледі. Араб және басқа түрік тілдеріне де жетік. Со­ның арқасында, әсіресе, Тараз қала­сы­ның екі мың жылдығы тойланар қар­саң­да көп жұмыс істеді. Мекемтас Мыр­зах­метұлының бағыт-бағдар сілтеуімен Тараз, тіпті исі қазақ туралы көпте­ген еңбекті парсышадан тәржімалады. Парсы ақындарының тек Тараз аруларын ғана емес, тараздық батырларды, бай-бағландарды, киім үлгілерін, қару-жарақ, сауыт-саймандарын, тіпті иіссуын жырға қосқанын сонда білдік. Қазір Тараз қаласының Жастар аллеясында тасқа қашалып жазылған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген жолдардың да алғашқы сөзбе-сөз аудармасын Ислам Жеменей жасап, кейін нағыз поэзиялық жолдарға айналған. Оның ішінде қандастарымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди», Шейх Құдайдат ат-Таразидің әдебиет теория­сы туралы еңбектері де өз еліне осы Ислам Жеменейдің аудармалары арқылы жет­кен-ді. Енді, міне, Исламның аудармасында Әбу Насыр әл-Фарабидің «Негізгі ой түйіндері» деген еңбегін көріп отырмыз. Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Мәжит Са­быр­дың алғысөзімен жарияланған бұл кітап тек аудармадан тұрмайды. Алдымен ға­­лым әл-Фараби өмірі мен дәуірі тура­лы арнайы мақала жазған. Одан әрі «Фи­­ло­софия немесе пәлсапа жайында» түсін­діріп, «Әл-Фараби фило­софиясы­ның тарихи негіздерін» түбір­леп, оқырманын баба еңбектерін оқуға алдын ала даярлайды. Тіпті ғұлама мұра­ларында кездесетін философиялық категориялар мен ұғымдар­дың түсіндірме сөздігін де аудармасымен қоса ұсы­нады. Сондай-ақ белгілі философ Ғарифолла Есімнің «Пәлсапа – бекзат сана» деген мақаласын енгізуінде де үлкен мән бар. Өйткені философия сөзін Ислам парсы сөздіктеріне сүйене отырып, грек тілінен «ақылды жақтаушы» деп қазақша­ласа, Ғарифолла Пифагордың сөзін тірек етіп, грекше «филео» – сүйемін, «софия» – даналық, демек, даналықты сүюші деп аударған. Бұл жерде сөздер бас­қа болғанымен мағына қайшылығы жоқ. Ал Пәлсапа философия сөзінің араб­ша айтылуы (фәлсәфе) болса да Ғ.Есім екеуінен ұғымдық айырмашылық та кө­реді. Мен бұл мысалдарды олардың екі түр­лі түсіндірмесіне төрелік айту үшін кел­тіріп отырған жоқпын. Ол маман­дар­дың шаруасы. Ал мен ғалым мен ғылым­ды насихаттаушы ретінде бұл айыр­ма­шылықтың бастауы тым тереңде – сонау бір ғылым мен поэзия Жаратушы мен жа­ра­тылыс, Шексіздік пен Кеңістік, Сана мен Сезім туралы ой биіктеріне құстың қос қанатындай қатар көтеріліп, қатар жырлаған дәуірлерде жатқанын айтқым келеді. Өйткені ол дәуірдің ғылымы мен поэзиясын танымай тұрып, Абайды тану мүмкін емес. Ал Абайтауға көтерілмеген қазақ өзін қанша зор санаса да, өзгелер оны қор санап келеді күні бүгінге дейін.

Ислам Жеменей сол Абайтаудың ар­жа­ғындағы арналы әлем жайлы тағы бір тамаша монография жазып шық­ты. Ол – «Абай Құнанбайұлының шығар­ма­сындағы түркі-парсы ақындары (шы­ғыс­тық дүниетаным)» деп аталады.

Міне, осы еңбекте жаратылыс пен Жаратушыны ақылмен танып, жүрекпен жырлаған ғылым мен поэзияның қос жүйріктей бір-бірінен қалыспай қатар зулаған дәуірі қазақ оқырмандарына алғаш рет едәуір кең көлемде ашылады.

Кең көлемде дегенім Ислам Жеменей де ақындарды филология ғылымдары­ның тар шеңберіне салып талдаумен ғана шектелмей, өзінің ұстазы Мекемтас Мырзахметұлы сынды жан-жақты қарас­тырады. Әл-Фарабидің «Негізгі ой түйін­дерін» талдағанда философиямен бірге психология ғылымын жетік білетінін бай­қатқан Ислам енді тарихтан, саясаттан, дінтанудан мол хабары бар ғалым ретінде де танытады өзін бұл еңбегінде.

Әкімі ғалым әрі ақын болған заманның ерекшеліктерін ашып, тұлғаларын таныту үшін осындай жан-жақты білімдар бол­маса ештеңе шықпайды. Әртүрлі ға­лым әр жағынан тартқылағанымен тұтас­тай ашылмайды ұлылық. Осыны терең түсіне отырып тәуекел еткен Ислам сек­сен жылдық тыйымнан кейінгі қазақ сана­сының қайта жаңғыруы үшін үлкен игі­лікті іс тындырған. Өйткені ол дәуірді та­ны­сақ, Абайды танимыз. Ал Абайды та­ны­­сақ өзіміздің жеке тұлға ретінде де, қо­ғам­ның мүшесі ретінде де орнымызды айқын аңғарып, кім екенімізді түсінеміз. Әрі ала­т­ын үлгіміз де көп. Оның бәрін өз­де­­ріңіз оқып аларсыздар деген үмітпен мен бір­­неше ғана мысал келтірейін бұл кітап­тан.

Мәселен, мені ол замандарда ғалымдар мен ақындарға ел басқартатындығы қат­ты таңғалдырды. Хан, патша тұқымы бол­маған жағдайда да атақты ғалым мен ақын уәзірлік және басқа мемлекеттік қыз­меттер атқарып, ел тағдырында ше­шу­ші рөлдер атқара алған. Сондай-ақ билеу­шілер жер әлемдегі атақты ғалымдар мен ақындарды жинап (қазіргі АҚШ сияқты), оларды ұлы мұраттарды жүзеге асыруы үшін үзбей қаржыландырып отырған.

Екінші таңғалдырғаны халықаралық, әлде қалаішілік болсын сауданың белгілі бір мөлшері міндетті түрде кітап саудасы болған. Демек кез келген сауда керуені тауарының едәуір бөлігі кітаптар болуы мемлекеттер тарапынан міндеттелген. Бұл ол заманда рухани құндылықтардың өтімді тауар екенін де көрсетеді.

Содан соң, бүкіл әлем ғылым-білімінің ең үздіктері араб тіліне аударылған сол кезде. Әсіресе грек ойшылдары мен буд­дизм данышпандарының еңбектері. Біле­тіндер, тек Аристотельдің «Саясаты», Го­мер­дің «Одиссеясы» мен «Илиадасы» және Эзоптың драматургиясы ғана аударылмай қалған. Басқа философия, астрономия, математика, астрология одан да өзге толып жатқан ғылымдардың ең үз­діктері мұсылман әлемінің игілігіне асқан дейді ол кезде. Ал ғалымының да, ақынының да данышпан болып шығуы, Жаратушы мен жаратылысты тану үрді­сінің өте жоғары болғандығынан екенін жоғарыда айттық.

Абайдың 1858 жылы небәрі он үш жасында жазған төрт жолында сол ақын­дардың бірден жетеуі кездеседі.

Физули, Шәмси, Сәйқали,

Науаи, Сағди,Фирдоуси

Хожа Хафиз – бу һәммәси

Мәдәт бер я шағири фәрияд.

Шумақтың төртінші жолы «мендей шайырдың жанайқайына жәрдем бер» дегенді білдіреді екен. Он үш жасар шә­кірттің осы жеті ақынды алабөтен бөліп алып медет сұрауы тегін емес, әрине. Бола­­шақ ұлы ақын олардан өзінің жаны­на жа­қындықты көре білгендіктен де солай еткен. Исламның өзі айтқандай «Мұның аржағында жеке басының емес, қазағының бақытына жол табу мұраты жатыр».

Сол жетеудің ішінен Фирдоусиді (935-1020) алайық. Ол атақты «Шахнамасын» неге жазды, қалай жазды? Ислам дінімен бірге басталған тарихтың екі ізі айқын бой көрсетті», деп жазады Жеменей. Оның бі­ріншісі Ислам дінінің таза қағи­дасына не­гізделген мәдени-рухани кеңіс­тік пай­да бо­лып, адамның имандана түсуі. Екін­шісі Ислам атымен пайда болған саяси жүйе­нің адамды иманға емес, дүниеәуи құн­дылықтарға құл еткісі келетінінің көрінісі.

Міне, осы кезде мемлекеттігінің мә­де­­ниетінің, төл діндерінің (тәңірлік, зо­ро­астризм, манихейлік, т.б.) мыңдаған жыл­дық тарихы бар түркі және парсы ха­лықтарында да жат саяси жүйеге қар­сылық тумауы мүмкін емес еді.

«Шахнама» сондай кезеңде туған эпо­пея. Парсы халқының бүкіл тарихын қамтитын бұл ұлы шығармада түркі халық­тарымен соғысы көбірек сипат­талғанымен негізінен жаңа арабтық экспансияға қарсылық тұрғысында жа­зылған. Бір кереметі, осы эпопеясының тууына бүкіл парсы халқы атсалысқан. Басшысы да, қосшысы да. Алдымен басшысы парсы халқының барлық азат­тық дастандарын, ауыз екі әңгімелерін жинақтауға пәрмен берген. Ол көп жыл­ға созылып, ақыры жинақ «Шахнама Мансури» деген атпен жарық көрген. Ислам Жеменейдің айтуынша, міне, сол қарасөзбен жазылған дастандарды Фирдоуси жүйелеп, жыр жолдарына түсірген. Ал мен оқыған ба­тыстық ғалымдардың еңбектерінде Фирдоуси де парсылық ел билеушілерінің тапсыр­масымен қолға алған бұл жұмысты. «Шах­наманы» аттай отыз жыл жазған ақын­ға бала-шағасын асырайтын қаржы да бөлініп тұрған. Бұл орасан еңбектің соңғы жылдары түркілік Махмұт Газневи билеген жылдармен тұспа-тұс келеді. Газневидің Фирдоусиді қабылдап, оған ақы төлеуге уәде бергені анық. Бірақ ол парсы поэзиясын жақсы көргенімен түр­кілермен соғыс бейнеленген дастан үшін Фирдоусиге ақы төлегеніне нақты дәлелі болмаған соң күдікпен қарайды батыстық зерттеушілер.

Қалай болғанда да билеушісі тапсырма беріп, әрі қаржыландырып, сауатты патриоттары жинап, ұлы ақыны жырлаған ұжымдық еңбектің тиімділігі орасан зор болып, араб басқыншылығына ұшыраған парсы халқының рухын көтеріп, тілін сақтап қалған.

Фирдоуси парсыларға қалай әсер етсе, Абай шумағындағы жеті ақынның тағы біреуі Әлішер Науаи (1441-1501) түркі жұртына тура солай әсер еткен. Оның өмір сүрген дәуірі Мекемтас Мырзахметұлы айтқандай, қытай иірімінен құтылған түркі халықтары нағыз араб-парсы иірімінде үйіріліп тұрған кезі еді.

Міне, сондай жағдайда Әмір Темір­дің шөбересі Үсейін Байқара Герат қаласы­ның билігіне келеді. Бұл өлкеде де парсы әде­биеті мен мәдениетінің ықпалы зор болып, түркі тілі шетқақпайлық көріп тұрған еді.

Түркілердің бағына Үсейін Байқара халық психологиясына әдебиет пен өнер­дің зор ықпал ететінін жақсы түсін­ді. Сөйтіп, өзінің досы Әлішер Науаи­ді мәдениет жөніндегі уәзірі етіп таға­йын­дайды. Уәзірі ақын, ал патшасы ақынға жақын, тіпті тікелей қолдаушысы болып, әдебиет пен мәдениетті қосарлап, дамытқан заман-ай десеңізші! Ондай жағдайда ақын неге барын салмасын! Данышпан неге барын ашпасын! Түркі поэ­зиясын жандандырып, түркі ойын шыр­қау биікке көтеріп, түркі рухын аспан­датып түркі тілінің бай мүмкіндігін ашып, кең қолданысқа түсуіне әсер еткен Әлішер Науаидің тарихи рөлін бала кезінен-ақ сезініп, өзі де сондай болу­ға талпынуы біздің Абайдың да даныш­пандығы-ау!

Монографияда сол замандағы тарихи ахуал, Әлішер Науаидың жырлары кеңінен талқыланған. Сондай-ақ төрт жолдықта аталған қалған бес ақын туралы және олардың Абайға әсері жайында да дәл солай сипатталады. Бірақ оның бәріне тоқталу шағын мақалада мүмкін емес болса да тағы бір ойшыл туралы айтпай кетуге болмайды.

Ол – Жалал Дауани (1426-1502). Жо­ғарыдағы ақындардан ерекшелігі бұл ғұ­ламаның есімі Абайдың қырық бір жа­сында жазған «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде алғаш рет кезде­седі. Дәлі­рек айтқанда «Ғылым таппай мақ­танба» деп бас­талатын екінші бөлімінде. Абай­дың Толық адам ілімін ашқан ғалым Ме­кемтас Мырзахметұлы бұл ілімнің басы:

«Мұны жазған білген құл –

Ғұламаһи Дауани,

Солай депті ол сыншыл.

Сөзін оқы және ойла,

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл – гүл», –

деп аяқталатын осы өлеңінде жатыр деп есептейді.

 Құданың құдіреті Жалал Дауани да әдебиет пен білімге ерекше көңіл бөл­ген Шираз қаласының әміршісі Жүсіп Жаһаншаұлының уәзірі болып қызмет істеген. Әрі қаладағы Бегі медресесінде ұстаздық қызмет атқарған. Оның даңқы Иран шекарасынан асып, Осман импе­риясына да жеткен.

 Жалпы Дауани 106 кітап жазыпты. Оның ішінде философияға, кәламға, сопы­­лыққа, логикаға, мораль мен саясатқа арна­ғандары да бар. Монография авторы олар­ды дүниетанымдық тұрғыда сипаттап, әсі­ресе «Жалалидің этикасы» деген еңбе­гіне кең тоқталады. Абай өлең­дерімен үн­дес­кен тұстарын білік­тілікпен талдайды.

Дауани дәуірі Әл-Фараби дәуірінен көп өзгеше болатын. Бұл кезде үш жүз
жыл­ға (750-1050) созылған Ислам Ренессан­сының дәуірі әлдеқашан аяқта­лып, ғылым тежеле бастағаны тарихта айқын көрініс тапқан еді. Оған себеп болған да жоғарыда Жеменей атап өткен саяси жүйенің кер­тарт­палығы. Дін­дегі еркіндікті, қилы көз­қа­растарға төзімділікті өздеріне төнген қауіп ретінде түсінген жүйе бәріне тыйым салып, қатаң қағидаларға бағындырды.Содан келіп діннің догмаға айналуына қарсылық ретінде дүниеәуи тірлікті тәрк еткен сопы­­лық ілім (әл-Газали (1058-1011)), әсіре­се Орталық Азия мен Түр­кіс­танда кең қанат жайды. Сондай-ақ бұл дәуір­де сүн­­нилер мен шийттердің арасы ушық­қаны сонша жаулыққа ұласып кетті. Әсі­­р­есе Исмайыл шахтың (1487-1524) шийт­­­тік діни ағымды бүкіл Иран жеріне күш­­­теп енгізуі Дауаниге ауыр тиеді. Ол, қу­ғын-сүргінге ұшырап, ақыры Осман им­­пе­­­риясын паналап, сол жақта қайтыс болады.

Дауани дүниетанымының ең басты ерекшелігі сопылыққа соншалықты іңкәр болып, көптеген еңбек жаза отырып, өз­ге сопылар сияқты бұл дүниені тәрк ет­пеуі. Өйткені адамзат пен рухқа қатар тәуел­ді екенін жақсы түсінген. Ең бастысы, адам еке­уінің таразы басын тең ұстап, тео­рия­лық ақылының қуаттылығын прак­тика жүзінде көрсетіп отыру керек деп есептеген.

Сондықтан да ол этика, мораль және басқалармен бірге экономикаға да айрық­ша көңіл бөлген. Дауани экономика еркін болуы керек, әрі, адамды қанамауға тиіс деген. Бодансыз экономиканы білімді тәр­биелі азаматтар жасайды деп есептеген.

Абай болса, тән қанағаты мен жан қа­нағатын тең ұстауға ерік-жігері жететін азаматтар ғана білімі, тәрбиесі арқасында жан-жақты дамып толық адам деңгейіне жететінін айтқан.

Жеменей еңбегінде Дауани мен Абай­ды салыстырған көп қызықты жолдар бар. Оның бәрін сипаттау керек болмас. Сол сияқты Абай шығармаларында кез­десетін Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр (1483-1530) мен оның атақты шығармасы «Бабырнама» және Соппы Аллаяр (1632-1721) туралы монографияны да авторымен қосарлана талдамаймыз. Сөйтіп, Абайтаудың бержағына өтіп, бұл еңбек­тің бүгінгі ұрпақ үшін өте-мөте маңыздылы­ғы неде деген сұраққа азды-көпті жауап ­берумен шектелеміз.

Мақаланың бас жағында сан-сапа­лақ идеологиялық басқыншылыққа ұшы­­ра­ған біздің санамыздың аталаға айнал­­ғанын айтқан едік. «Дос жылатып айта­тын­дық­тан» да солай еткен болатынбыз.

Хош, араб-парсы иірімінен кейін біз Ресей арқылы батыс иіріміне түстік. Араб-парсының сөздерін төл сөзіне айнал­­дырып, сіңіріп алған халқымыз жаңа бас­­қыншыларға оны істей алмады. Қайта бас­қыншылар бұл жолы өз тіл­дерінің заң­дарын күштеп енгізіп, біздің тілімізді жұта бастады. Дінімізден мүлдем айы­рып, құдайсыз етті. «Советтік өмір салтын енгіземіз, сөйтіп, біртұтас совет хал­қын құраймыз» деген ұранмен діл-мента­лите­тімізден де жұрдай қылып, іс жүзінде орыс­тандыра бастады. Осы сұмдықтардың ба­сын Абай көрді. Көрді де халқының жұ­ты­лып кетпеуінің жолын іздеп жанталасты.

Тарихқа үңілсек, алып империя ыды­рағанда оның әр түкпірінде пайда болатын мемлекеттер таңдайтын жол төртеу-ақ екен. Оның біріншісі – өткеніне оралу, екіншісі – өткенін тәрк етіп, әсіре жаңа­шылдыққа ұрыну, үшіншісі – шекарасын тас бекітіп өз қазанында қайнау, ал төртіншісі – өткенін негіз ете отырып, өзге­лердің жақсысын сіңіру арқылы түлеу, жаңару жолы. Әрине, ол жолдарды таңдауда сол мемлекеттің халықтық құрамы, діні, ділі даму деңгейі, тіпті географиялық жағдайы да шешуші рөл атқарады. Қазақ үшін ең қолайлысы төр­тінші жол болды. Бірақ біздің бір кінә­ратымыз ұлттық болмысымыздың қа­зы­ғы босап қалған-ды. Оны нығайту үшін өз қазанымызда өзіміз қайнап ала­тын мүмкіндігіміз болмай, «көш жүре түзе­ледінің» керімен тәуелсіздіктің керуенін тарта жөнелдік. Бірақ санамыздағы сапа­лақ, ділімізге жабысқан жалтақтық, пиғы­лымызға кіріп алып тек өзіме болсын деген дүниеқоңыздық ұлттық болмысы­мызды жегідей жеп келеді. Сыбайлас жем­қорлықтың тыйылмауын, ана тілі­міздің өз тұғырына қонбауын, көп салада орын алып жатқан көзбояушылықты басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Осы кесір-кесапаттардан халқын сақ­тап қалудың жолын Абай көрсеткенін біле­міз. Тіпті айқайлатып айтамыз. Ал соны нақты іске асыруға келгенде бәріміз де сырғақсып кетеміз.

Рас, көптеген Абайтану орталықтары мен институттары ашылып, ұлы ақынды оқытудың бағдарламалары жасалып, кітаптар бұрқырап шығып жатыр. Бірақ Абайтаудың аржағы мен бержағын салыс­т­ырмалы түрде білмесең ол баста­ма­­лар­дың сәтті бола қоюы қиын. Ислам Жеме­­нейдің біз сөз етіп отырған екі кіта­бы сол Абайтаудың аржағы мен бер­жағын салыс­тырмалы түрде ашқан. Тіл біле­тіндіктен де, екіншіден көп ғылым­нан хабары мол болғандығынан да солай ете алған бұрын-соңды Абайтануда (бәлкім, қазақ әлемінде) кездеспеген бірегей еңбек.

Исламның мектепті, жоғары оқу орнын парсы тілінде оқыса да ана тілінде осын­дай еңбектер жазуы – орыс тілді отан­дастарымызға үлкен үлгі. Ал бұл еңбек­терінде философия, психология, дін­тану және басқа ғылымдардың ұғым­дарын қа­зақи иірімдерімен бере білуі өзгелерге де үлгі. Сондықтан бұл ең­бек­тер мемлекет­тік тапсырыспен шы­ғып, еліміздің түкпір-түкпіріне тараса, берер пайдасы әлдеқайда мол болар еді. Өйткені Ислам Жеменейдің бұл еңбек­терін оқыған адам Абайды шын мәнінде ұғынып таниды. Ал Абайды таныса өзінің және халқының кім екенін шежіре арқылы ғана емес, ақыл-ой тарихы арқылы да таниды. Меніңше, қазір қазаққа ең жетпей тұрғаны осы шежіре арқылы атасын табу емес, Абай арқылы ұлттық болмысының темірқазығын тауып, соған байлану. Міне, сол темірқазыққа байланып алғаннан кейін, жаттың жақсысын жа­лықпай сіңір. Одан ұлттық болмы­сың әл­сіремейді, қайта одан әрі қуаттана түсе­ді.

 

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы