Ежелден аты аңызға айналған Абыралы өңіріндегі Мыржық тауының баурайында өмірге келген мұның бабасының есімі Мыржықбай атануы да сондықтан. Ата-анасынан ерте айырылған жас жеткіншек Семей атом полигонының жын ойнағына айналған Дегелең тауының іргесіндегі Абай ауданының қасиетті де қасіретті Саржал сынды іргелі ауылындағы туыстарының қолында тұрып, өсіп ержетеді.
Осыдан бастап ол «өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген хакім Абай сөзін күнделікті өмірінде басшылыққа алған. Ауылдың орта тұсындағы баған басына ілінген радио таң атқаннан кеш қарайғанша бір тынбастан ел жаңалықтарын баяндай келіп, әсерлі ән, сырлы әуендерді мейлінше насихаттап жататын-ды. Соның бәрін дерлік әуезді әнге, есті сөзге құмар құймақұлақ ауыл баласы бойына мейлінше сіңіріп өсті. «Болмасаң да ұқсап бақ» деді емес пе тағы да Абай атасы.
Солайша өзінің жігерін өзі қайрап жүргенде, нақтылап айтқанда алпысыншы жылдардың ортасына Саржал ауылына сол шақта атағы жер жарып тұрған опера әншісі Ермек Серкебаев, «бұл кісі өнердің ғана емес, адамгершіліктің де академигі» деп әйгілі Әуезовтің өзі ерекше бағалаған дәстүрлі әннің саңлағы Жүсіпбек Елебеков бастаған бір топ өнер тарландары гастрольдік сапармен келе қалған. Соған дейін ертегі кейіпкерлері секілді санайтын оларды тірідей көру Кенжеғали үшін айтатыны жоқ ерекше оқиға болды.
Бірақ мына іргедегі Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесіне түсу бұл ойлағандай емес, қиынның қиыны екен. Оған негізінен балалардың музыка мектебін бітірген дарынды балалар қабылданады екен. Оның сыртында шындығын айтқанда таза қазақ ауылынан келген бұл орысшаға да шорқақтау еді. Әйтеуір, табиғи даусы мен таудай талабының арқасында бұл қиыншылықтан да өте білді. Оны айтасыз, бірер жылдан соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер консерваториясына қабылданған Кенжеғали арада көп ұзамай тағы да таудай талабының арқасында сол шақта революция бесігі деп ерекше дәріптелетін, бірақ қалай айтсақ та сол кездегі Кеңес империясының зиялылар мекені болып табылатын Ленинградтағы Н.А.Римский-Корсаков атындағы консерваториясының вокал-хор факультетін 1981 жылы опера, концерттік әншісі және педагог мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кенжеғалидің кейініректе еліміздің басты басылым тілшісіне «Абай топырағында туып, Пушкин елінде білім алдым» деген тақырыппен сұхбат беруі де сондықтан.
Сонымен 1981 жылы Ленинград консерваториясын бітіріп келген жас әнші Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына сондағы көркемдік кеңестің тыңдауынан сүрінбей өтіп, үлкен өнердегі өмір жолын бастап кетеді. Және ол жол сәтімен басталады. Яғни осы тұста либреттосын классик жазушы-драматург Ғабит Мүсірепов жазған белгілі композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсына дайындық енді қолға алынып жатса, басты рөл – Ақан сері бейнесін сомдап шығару жас әншіге сеніп тапсырылады. Ал отызында орда бұзуға талпынған жас әнші көп ұзамай-ақ Ғабеңнің, атақты Мүсіреповтің өзінің қолқалап, қолдауымен енді «Қыз Жібек» операсында Төлегенді сәтімен ойнап шығады.
Ал Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз» операсындағы Адақтың тенор дауысына лайықталған салмағы ауыр партиясын Нариман Қаражігітов, Амангелді Сембинов сынды өнер тарландарынан кейін талғамы биік көрермен талабына сай сахнада келістіріп орындаған Кенжеғали Мыржықбай болатын. «Италиядан өнерін шыңдап келген Амангелді ағамыз нағыз тума талант еді. Оның сол талантын көре алмаған кейбір әріптестер оны өтірікті-шынды қолпаштаған болып, әзәзіл арақпен суарып түбіне жетті», дейді бүгінде Кенжекең қамыға сөйлеп.
Өз өмірін мағыналы етіп өткізуге тырысқан азаматты атақ та, даңқ та, қалың көрерменнің құрметі де өзі іздеп табатыны шындық. Кенжекең бүгінде соның бірін тебірене отырып еске алады. «1983 жылы халқымыздың шын мәнісіндегі кәсіби композиторы, КСРО халық әртісі Мұқан Төлебаевтің 70 жылдық мерейтойы Мәскеудің колонналы залында атап өтілді дейді ол, сонда Мұқан ағамыздың «Біржан-Сара» операсының концерттік вариантында Біржан рөлін ойнау маған сеніп тапсырылды. Сол ойын-сауық тікелей эфир арқылы бүкіл одақ көлемінде көрсетілді. Абай опера театры іле осы операны Германияға алып барып, Берлин, Дрезден, Лейпцих, Штат-Халле қалаларында неміс көрермендерінің назарына ұсынды.
Атқан оқтай, шапқан аттай демекші, ізденіске толы Абай театрындағы он жылдың қалайша тез өте шыққанын мұның өзі де аңғармай қалды десе болады. Әйтеуір, өткен күнде белгі бар екендігіне қуанып, жұбанады. Аталған театрда алты-жеті операда басты рөлдерде ойнапты және солардың бәрі дерлік еліміздің теледидары мен радиосының алтын қорына жазылған екен. 1991 жылы, яғни театрда істегеніне тура он жыл толғанда республикамыздың еңбек сіңірген әртісі атағына қол жеткізгені өз алдына бір қуаныш.
Осы орайда енді бір сәт оның өмірбаяндық деректеріне қайыра көз жүгіртсең, Кенжеғалидың тәуекелшіл азамат екендігін аңғарасың. Айталық, сол анкеталық деректер оның 1996 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің алдымен доцент, соңынан профессоры, 1997 жылы Ақмола мемлекеттік филармониясының директор-көркемдік жетекшісі, 1998 жылдан Астана қалалық музыка академиясының жеке орындау кафедрасының меңгерушісі, ал 2003 жылы өнертану профессоры атанғанын, 2007-2012 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы, осындағы мемлекеттік филармонияның директоры болғандығын айғақтайды.
Ал ол осы жылдарда әнші ретінде не бітірді деген сұраққа да іркілмей жауап бере аламыз. Айталық, 2006 жыл Ресейде – Абай, ал Қазақстанда Пушкин жылы болып белгіленген-ді. Сол аталған жылы өзінің «Абай-Пушкин» жобасымен Мәскеу, Санкт-Петербургтен басталған Кенжеғалидің өнер сапары одан әріде Ресейдің Астрахань, Орынбор, Самара, Омбы, Том, Барнаул, Новосібір қалаларында жалғасты. Бір айға созылған он бес концертте ол Абайдың өзінің және хакім ақын сөзіне жазылған басқа да қазақ композиторларының -25, ал орыстың данышпан ақыны Пушкиннің сөзіне жазылған 12 әнін орындады. Және жеке концерттерін өзі жүргізіп отырды. Қысқаша орындалатын ән тарихын баяндау яки бір шумағын қазақша, не орыс тілінде айтып жіберу Кенжеғалидың әнші ретінде қалыптасқан ежелгі дағдысы. «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» дейді халқымыз. Операда көп болса ария, романстарды 30-40 минут аралығында орындап үлгерсең, ал жеке концерт әні бар, сөзі бар екі сағатқа дейін созылады.
Осы орайда, Кенжеғалидың бүгінге дейін сегіз концерттік бағдарламамен әлемнің 18 елінде болғанын, Алмания сапарында неміс халқының ұлы ақыны Гетенің сөзін орыс тілінен қазақшаға аударып, әнін және шығарған Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін үш – неміс, орыс және қазақ тілінде әуелете шырқағанын айтпай кетуге болмайды. Бейжіңде өнер сапарымен үш рет болған қазақ әншісінің ондағы хансу халқының құрметіне де бөленгені тағы шындық. Мұның сыртында ол Абай әндерін көршілес қырғыз, өзбек, арғы украин, түрік, парсы, араб елдерінде насихаттайды. Одан кейінде өзгертіліп, жаңартылған концерттік бағдарламасымен Франция, Польша, Румыния, Армения елдерінде де болады. Айтпақшы, Кенжеғали Мыржықбайдың «Абай-Пушкин» атты концерттік бағдарламасы сол тұста компакт-диск түрінде шыққаны және бар.
Әлқисса, содан 2007 жылы Кенжеғали бауырымыз атқа қонып, Шығыс Қазақстанға аттанған еді. Оған себеп сол шақтағы жоғары биліктің «елге барыңдар, елге қызмет жасаңдар» деген сөзі қамшы болғаны да рас. Мәдениет саласында бес жылға созылған қызмет барысында оның хакім Абайдың бас шәкірті Шәкәрім қажының 150 жылдық тойының өз мәнінде өтуіне ерекше үлес қосқанын бірінші кезекте айтуға тиіспіз. Орыстанған Өскеменде хакім Абайдың, ал Семейде данышпан Шәкәрім мен әйгілі әнші Әміренің ескерткіштері ашылатыны осы кез. Бір кездегі атақ-даңқы солғын тарта бастаған «Қаламқас» халық ансамблін қайта түлетіп, шетелге өнер сапарымен шығуына жол ашқан да, қайсыбір көлеңкеде қалып қойған жергілікті таланттардың шығармаларын жарыққа шығаруға себепші болған да осы Кенжеғали.
Сөз соңында біздің кейіпкеріміздің Еңбек Ері, жан-жақты талант иесі Илья Жақановпен де тығыз шығармашылық байланыс жасап келе жатқанын да айта кетсем деймін. Қазірде мұның репертуарында қадірлі Ілекеңнің он бес әні бар. Сол ән, романстардан тұратын «Еділ мен Жайық» атты жеке концертін және «Абай» телеарнасы жазып алды. Сонымен бірге ол бүгінде ортамызда жоқ тарлан таланттарды да ұмытпай, олардың есімдерін де жаңғыртып келе жатқаны сүйсінтеді. Сондай-ақ ол өткен жылы Абай және Пушкин сөздеріне жазылған қазақ, орыс композиторларының вокалдық шығармаларынан тұратын тақырыптық концертін Abai tv каналына және жаздырды.
Міне, біз білетін Кенжеғали Мыржықбай әні әуезді, келбеті де, адами қасиеті де келісті азамат! Ал мұндай азамат қандай құрметке болсын лайық деп білеміз!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты