Жылда мамыр айының ортасында басталатын тұщы судың тапшылығына байланысты аудан орталығындағы кей көшелерде тіпті ішетін су да болмай қалады. Сондай-ақ сыздықтап ағатын ауыз су қысымының аздығы, уақытының қысқалығы да жұртқа қолайсыз.
– Отыз түтіні бар Похаленко көшесінде тұрып жатқаныма төрт жыл болды. Содан бері мамырдың ортасынан тамыздың ортасына дейін жылда су болмайды. Биыл ауа райы да ерекше аптап болды. Ыстықта шелегімізді даңғырлатып көше кезіп сарсаңға түстік. Су тасымалдайтын көлікті де күте-күте күдеріміз үзіледі. Ол көліктің өзі де жанар-жағармаймен емес, халықтың жанайқайымен қозғалатындай. Бұл Мойынқұм ауылының жылда көретін үш ай жаздағы бітпес жыры. Себебі бақша суаратын уақыт өтсе ғана көшемізге су келеді. Оның өзі сыздықтап ағады. Бау-бақшамызды арық суымен суарайық десек, каналда су бір күн болса, бір ай болмай қалатын кездері де болады. Аудан әкімдігінен тиісті сала басшылары көшемізді көлікпен қарап кеткенімен, мәселенің мәнісіне терең үңіле бермейді. Кеңес өкіметі кезіндегі әр көшеде сарылдап ағып тұратын тұщы судың бүгінде қайда кеткенін ешкім білмейді. Тиісті сала басшылары бұл іске неге немқұрайды қарайды? Соның салдарынан ауылдан көшіп жатқандар қатары да жыл санап артып жатыр. Осыны ойласам қан қысымым көтеріледі, – дейді ауыл тұрғыны Гаухар Таласқызы.
Ал Балуан шолақ көшесінің тұрғыны Маркизат Алимбетова: «Біз жаз бойы су таситын көлікті күтумен әлек боламыз. Себебін сұрасақ, суды жеткізетін екі насостың күші жетпей тұр, тағы қосымша насостар алып жатырмыз дейді. Алайда еш өзгеріс жоқ. Келесі жазда су бола ма десек, «Болып қалады» деп жауапты басшылар миығынан күле қарайды. Олардың жұмысқа деген жауапсыздығы жанымызды жабырқатады. Аудан орталығындағы ең өзекті мәселені осы уақытқа дейін ешкімнің шеше алмағаны ма? Сұрай-сұрай шаршадық», дейді.
Ал бұл іске жауапты аудан әкімінің орынбасары Жақсыбек Исақов мәселенің мәнісін былайша түсіндіреді.
– Аудан орталығындағы ауз су мәселесі күрделі болып тұрғаны жасырын емес. Жаз басталғанда суға деген сұраныс екі-үш есе артып, соның салдарынан су тапшы болады. Похаленко көшесіне мүлде су шықпай қалатыны да сондықтан. Мойынқұм ауылы бойынша ауыз су жүйесінің жалпы ұзындығы – 67 шақырым. Оның ішінде 27 шақырымы құмдағы су сору ұңғымасынан (скважина) ауылға дейінгі аралықты құрайды. Ауыл бойынша ауыз су жүйесінің сызба жобалары жасалған, жалпы ұзындығы 40 шақырым болып есептеледі. Мойынқұм ауылының ауыз су жүйесіне алдағы уақытта қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап жатырмыз. Бұған дейін де бөлінген қаражаттарға Мойынқұм ауылының көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда онымен мәселе бітер емес. Сондықтан орталықтағы ауыз су жүйесіне алдағы екі жылда қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізсек, аудан орталығы халқын толық көлемде сумен жабдықтауға болады, – деген аудан әкімінің орынбасары, оған дейін ауыз суды тұрғындар да үнемді пайдаланса деген ұсынысын білдірді.
Иә, бір жұтым судың да қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінетін мойынқұмдықтар, басқа-басқа аудан орталығында ауыз судан таршылық көргілері келмейтінін, алайда жоба әзірлеумен ғана шектелетін тиісті басшыларға деген сенімдерінің де семіп бара жатқанын айтып, олардың өз ісіне салғырт қарайтынына наразы. Құрғақ уәде, бос сөз – шөлдегеннің шөлін қандырмасы анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын толық аяқтауды талап еткенін де естен шығармағанымыз абзал. Берілген уәде орындалуы қажет, халық ауыз сусыз отырмауы керек. Тіршілік көзінің тоқтамауын тілейтін мойынқұмдықтардың бар уайымы осы.
Уәлихан ЖАЙЛАУ,
журналист
Жамбыл облысы