Тарих дегеніміз бүгінгімен өткеннің диалогы арқылы шындықтың бетін ашып, келешекке жол сілтей, халықты қабыстырып, табыстыратын ұлтты ұйытушы рухани күш болып табылады. Ал нағыз тарихшы деген жатпай-тұрмай шындық жолын ізденуші, деректемелерді іске қосып, ойдан-ой түйіп, санадан-сана тудырушы арлы азамат адам. Тарихшының басты қасиеті өткенге адалдығы. Шыншыл тарихшысыз шынайы тарих жазылмайды. «Тарихшы» деген сөздің өзі «мазасыз ізденуші, зерттеуші» деген мағына беретін грек сөзінен алынған. Кезінде «Геродотты да тарихшы емес, тек новеллист» дегендер болған. Геродот оларға: «Мен өз еңбегіме өзім баға бере алмаймын, мен тек естіген, білген шындықты жазуға тырыстым, оның бағасын тарих өзі береді», – деген екен. Шынымен де Абай айтқандай, ғалым болу, тарихшы болу деген азабы көп, ауыртпалығы мен күйігі мол жұмыс.
Қайсыбіреулер өткенді айта беру тарих деп ойлайды. Олай емес, тарихтану деген өзіндік қағидат, принциптері, зерттер тәсіл-әдістемелері бар тұтас бір ғылым болып табылады. Онымен шұғылдану үшін кәсіби біліммен қоса, тынымсыз іздену, терең толғаныс, ғылыми қорытынды тұжырымдар жасайтын қарым қажет. Ғасырлар бойы біздің тарихымызды бөгде жұрттар өз мақсат, мүддесіне бағындырып жазғандықтан ондай еңбектерден тарих ғылымның өзіндік заңдылықтары сақталмағаны анық.
Тек 1991 жылғы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан жаңа бағытта зерттеуге, тарихилықтың қалыптасуына үлкен бетбұрыс жасалды. Осы жылдары отандық тарихшылардың қатары шет мемлекеттерден атажұртқа оралған білікті азаматтармен толықты. Солардың бірі – профессор Нәбижан Мұхаметханұлы. Ол Қытай мемлекетінің Іле қазақ автономиялы облысы Тоғызтарау ауылында дүниеге келген. 1977 жылы сол елдегі Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсен атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын өзі туып-өскен өңірден бастайды. Ғылым жолына түсуді мақсат еткен ол конкурс арқылы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Орталық Азия зерттеу институтына қабылданып, кәсіби зерттеушіге айналды. Академияда оның жазған «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқы» атты алғашқы ғылыми мақаласы үлкен мамандардың назарын аударды. Зерделі зерттеуші Қытай мемлекеттік Бейжің университетінің тарих факультетінде білімін жетілдіреді. Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының ұлттар зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер әрі директордың ғылымға жауапты орынбасары қызметін қоса атқарды.
Н.Мұхаметханұлы – шығыстық тарих зерттеу әдістемесінің тұнып тұрған қайнарлары саналатын Сунь Ятсен университеті мен Бейжің университетінің ғұламаларынан дәріс алған, ханьзу тілін жетік меңгерген, жапон, шағатай тіл жазуларын игерген, ғылыми ұстанымы, қолтаңбасы бар тарихшы. Оның «Қазақ тарихынан зерттеулер» атты алғашқы кітабы 1989 жылы Үрімжіде басылды. Аталған еңбегі мен басқадай зерттеу мақалалары үшін ҚХР жастар сыйлығының иегері атанды.
Н.Мұхаметханұлы Қытайда жинақтаған ғылыми тәжірибесі, рухани әлеуетімен қоса қытайдың 25 ғасырлық жылнамалық бай деректемелерін арқалап 1993 жылы атажұртына біржола оралды. Атажұрты оны құшақ жая қарсы алды. Елім деп келген зиялы азаматты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетінде ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмысын жалғастырып жапон тілінен дәріс берді. Сөйтіп, ол мұнда ұлттық тарихымыздың өзекті мәселелеріне ден қойып, тың ізденістер жасады.
1995 жылы академик М.Қозыбаевтың жетекшілігімен «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар) тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, 2001 жылы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жылдар)» атты тақырыпта тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады.
Н.Мұхаметханұлы ХVIІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары мәселесін өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері жүйелі зерттеп келеді, сол негізде жазған кандидаттық диссертациясы мен жариялаған монографиясы өте сәтті шықты. Бұдан кейін зерттеулер аясын кеңейтіп, Абылай хан мен Чин (Цин) патшалығы арасындағы қарым-қатынастарының сипатын ашып көрсетті, атап айтқанда Қазақ хандығының Чин патшалығына тәуелді болмағандығын жаңа деректермен дәлелдеп берді. Бұл зерттеу еңбегі 2010 жылы «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» деген атпен баспадан шықты.
Қазақтар жүз жылға жуық қарсыласып келген жоңғарлар 1755 жылы шүршіт-қытай қолынан жанышталып, тоз-тоз болып кетті де, олардың басып алған қазақтың шығыстағы ескі жұрты «Қытай бақылауында» қалып қойды. Бірақ қазақтар бұл мәселені бейжай қалдыра алмады. Абылай хан ел дербестігін сақтай отырып, Чин патшалығымен ресми қарым-қатынастар орнатып, екіжақты барыс-келістер жасау арқылы, қазақтың ежелгі атажұрты Іле, Тарбағатай, Алтайға қарай көшіруді қайта иеленді. Автор бұл туралы «ХҮІІІ ғасырдың 60-жылдары Абылай ханның басшылығымен басталған қазақтардың атамекеніне қайта оралу көші ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін жалғасып өз нәтижесін берді» - деп жазғаны өте орынды.
1860 жылдары қазақ жері Ресей мен Қытайдың таласына түсті. 1864 жылғы қазақтың ту сыртынан жасалған «Қытай-Ресей батыс-солтүстік шекараны белгілеу келісімі» делінетін құжат бойынша қазақ жері екі тарапқа күшпен бөлініп, біртұтас қазақ халқы екі елге бодан болған тарихты автор аса мұқият талдағанын баса айтуды парыз санаймын. Н.Мұхаметханұлы – қазақ шекарасына байланысты Қытай-Ресей арасында 1864-1885 жылдары жасалған келісімдерінің саяси-әлеуметтік, экономикалық, демографиялық салдарын алғаш сипаттап жазған жалғыз автор.
Н.Мұхаметханұлының тарихи танымға әкелген бір жаңалығы – дәстүрлі қазақ қоғамын таптық қатынастар тұрғысынан талдап келген бұрынғы концепцияны мансұқтап, қоғамның бастапқы әлеуметтік құрылымын (қатынастарын) рулық ереже, «жіктік» тұрғысынан талдауы. Сол арқылы автор «кескілескен таптық күрестер» дейтін дағдылы көзқарастан бас тартқан. Автор қытайдағы қазақ қауымындағы ішкі жіктік (сословиелік) қатынастардың орын алғанын айта келіп, «қазақтың дәстүрлі қоғамдық құрылымының ерекшелігіне байланысты сол жіктердің барлығы бір аталы елде, бір ауылда ортақ өмір сүрді. Дәстүрлі қазақ қоғамының ауыл ағалары мен ру басшылары өздерінің құзырында болған әр жіктегілердің баршасының лайықты өмір сүруі мен бас амандығына жауапты болғандықтан, қазақ қауымындағы жіктер арасында шиеленіскен қайшылықтар немесе кескілескен таптық күрестер орын алмаған, керісінше олардың арақатынастарында белгілі бір гармониялық үйлестік сақталып отырған», – деп тұжырым жасады.
Меніңше, бұл ру-руымен көшіп-қонып өмір сүрген дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарын талдаудағы жаңа бағыт болып табылады. Өйткені, біз маркстік-лениндік таптық концепциядағы мәтіндерден тек «Маркс, Ленин» атын немесе «тап, таптық күрес» деген сөздерді алып тастаумен құтыла алмаймыз. Қалыптасқан тағылымнан тек одан басым қарсы тағылым арқылы ғана арыла аламыз. Н.Мұхаметханұлының жоғарыда айтылған ой-пікірлері осындай жаңа бағыт, жаңа тағылым ұсынып отыр. Мен өз басым тарихшы, қоғамтанушы ретінде мұнда ұсынылған пікірлер дәстүрлі қазақ қоғамын танудың серпіліс кілті осы болар деп ойлаймын.
Автордың «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920)» атты еңбегіндегі қоғамдық құрылым жүйесіне жасаған талдаулары тек Қытайдағы қазақтардың тарихына тән құбылыстар емес. Олай бағалау аздық етеді. Зерттеуші қазақтың Қытайда тұратын бір бөлігінің тарихи тағдыры мен тіршілік формасы, өмір салты, тілі, мәдениеті, саяси-қоғамдық танымын сараптау арқылы, жалпы қазақ қоғамының тарихтағы көптеген ортақ құбылыстарды айқындап, теориялық пайымдау жасаған. Монография қазақ тарих ғылымына қосылған құнды еңбек. Монографияның алғы сөзінде академик М.Қозыбаевтың пайымдағанындай ол еңбекті «Отан тарихына қосылған үлес» деп қараған орынды.
Н.Мұхаметханұлы өзінің кәсіби тарихшы ретінде өсіп-жетілуіне ұстаздарының үлкен әсер еткенін ерекше еске алады. Оған қытай ғұламаларымен қатар, қазақ тарихшысы, ұстазы Нығмет Мыңжанның ықпалы көп болған екен. Н.Мыңжани, С.Жанболат және Н.Мұхаметханұлы қазақ мемлекеттілігі тарихының қайнарларын анықтауға үлкен үлес қосты. Үйсінтануға жаңа бағыт әкелді. Оның үйсіндер туралы зерттеулері Бейжің университетінің қабырғасында тәлім алып жүрген кезінде басталды. 1989 жылы Үрімжіде жарық көрген «Қазақ тарихынан зерттеулер» атты ғылыми мақалалар жинағында «Хань патшалығы дәуіріндегі ғұндар мен үйсіндердің қарым-қатынастары» атты іргелі зерттеуінде үйсіндер қазақ мемлекеттілігінің бастау көзі әрі құрамдас бөлігі екенін атап көрсетті. Қытай жазбаларында «Wu sun» деген қытайша таңбадағы екі дыбысты, орыс тіліндегі аудармаларда «у сунь» деп, оған жалғасып тұрған «xing guo» деген сөзді «кочевое владение» («көшпелі иелік») деп аударудан танбай келген еді. Н.Мұхаметханұлы мұның «көшпелі мемлекет» деген атау екенін, әрі қазақ аумағында құрылған алғашқы мемлекеттік құрылым, мемлекеттіліктің алғашқы үлгісі екендігін дәлелдеп көрсетті. Сонымен соңғы кездері жазылған тарихтарда қытайдың «Wu sun guo» сөзі «Үйсін мемлекеті» атымен ғылыми айналымға енді. Автордың «Үйсін мемлекеті (б.з.б.ІІ ғ. – б.з. ҮІ ғ.)» атты ғылыми мақаласы 2007 жылы қазақ, орыс тілінде жарық көрген «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты монографиялық жинаққа енді. Бұл сананы Сұлтан Жанболаттың «Ежелгі ұлыс тарихы» (2012 ж.) атты еңбегі толықтыра түсті. Нәтижесінде «Үйсін мемлекеті» қазақ даласында құрылған алғашқы мемлекеттіліктің қайнары» деген ғылыми ой санаға сіңді.
Н.Мұхаметханұлы көшпенділердің тарихымен қоса олардың мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеді. Көшпенділер атамекенін сақтау арқылы өзін сақтап қалды, дейді автор. Бір сұхбатында ол: «Біздің қазаққа ең алғашқы түсінік өте маңызды. Өйткені, біздің халық өзінің ең алғашқы көргенін, естігенін көбінесе шындық, ақиқат деп қабылдайды. Одан соң оны жоққа шығаратын қаншама бұлжымас фактілерді көрсе де бәрібір өзінің сол алғашқы түсінігін өзгерткісі келмейді», – деп сипаттайды. Бірде ол маған: «Зәке, Мао Цзедун Шыңғысханды «И дай тянь жау» («Бір дәуірдегі тәңірдің еркесі») деген, біз кейде сондай ұлы тұлғаларды түсінбей тұрып мінеуге әуеспіз. Бұл да сол қазақы мінездің көрінісі ғой» – дегені есімде.
Н.Мұхаметханұлы зерттеп жүрген тақырыбының ауқымы кең, көп қырлы. Ол көбінесе тарих философиясы методологиясын қолданып ерте заманнан жаңа заманға дейінгіні қамтитын, Еуразия кеңістігіне қатысты күрделі тақырыптарды бір мақалаға сыйдырып, пайымдап, үлкен ой қорытатыны бар. Бұған мысал ретінде оның «Атаукере айғағы», «Көшпенділердің этнотерритория ұғымы және Қазақстан аумағының қалыптасуы» атты мақалаларын айтсақ жеткілікті. Ол өз еңбектерінде қазіргі таңда ең өзекті болып отырған қазақтың этногенезі және этнотерриториясының қалыптасуы мәселесін дәйектеген. Бұл оның бойындағы отаншылдық рух пен ғалымдық қабілеттің басым екендігін көрсететін фактілер.
Тарихшының көп жылдар бойы зерттеп келе жатқан тақырыптарының бірі «Қазақ-қытай қарым-қатынастары тарихы». Қытай және түркі халықтарының қарым-қатынасы сонау Ғұн-Үйсін дәуірінен (б.з.б. ІІІ-ІІ ғғ.) басталады. Автор Қытай және Ғұн, Қытай -Үйсін, Қытай-Қаңлы, Моңғол, Юань империясы мен Алтын Орда, Темір әулеті мен Мин патшалығы қарым-қатынастарын тың деректермен зерделеп, бірнеше құнды мақалалар жазды. Ал ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-қытай қарым-қатынастарын терең зерттеу арқылы Абылай ханның дипломатиялық қырын аша түсті. Әрине, Қазақстанда Ш.Уәлихановтан бастап абылайтанушылар аз емес. Олардың көпшілігі Абылай ханның өмір тарихы мен оның дипломатиялық қырын қазақ-орыс, орыс-қазақ қарым-қатынастары аясында зерттеді. Ал Абылай хан тұсындағы қазақ-жоңғар, қазақ-қытай қарым-қатынастарының ашылмаған сыры тым көп еді. Сол сырды суыртпақтап ашу жолында қалам тартып келе жатқан тарихшы Н.Мұхаметханұлы болды.
Ресей патшасы қазақтарды ешқашан өзімен тең саяси әріптес ретінде қабылдап көрмеген. Олар қазақтарға біржақты қысым көрсетумен болды. Қазақтың хан, сұлтандарын ақ патшаның өзі қабылдаған дерек некен-саяқ. Қазақ дипломаттары Орынбордың әскери губернаторы И.И.Неплюев пен көмекшісі А.И.Тевкелевтен аса алмаған. Ал Абылай хан, оның тікелей ұрпақтарының тұсында қазақ-қытай қатынастары жоғары деңгейге көтерілді. Айталық 1758-1823 жылдар аралығында құрамында 38 мүшесі бар 31 делегация Чин державасының астанасына барып, императормен кездескен. Барған барлық делегацияны айдарынан жел ескен Цяньлун патшаның өзі қабылдаған. Осы қабылдаулардың хаттамалары, Абылай ханның Цяньлунға, Цяньлунның Абылай ханға жазған хаттарының ойрат Тотын жазуында көрсетілгенін алғаш дәлелдеген Н.Мұхаметханұлының мақаласы 1991 жылы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналының екінші нөмірінде жариялады. Ақиқатын айтқанда, Абылай хан, Қабанбай батырдың дипломатиялық сырлары мақаласын Н.Мұхаметханұлы, Б.Еженхан, С.Сұңғатай сияқты ғалымдардың ғылыми айналымға қосқан тың деректерімен ашылды.
Автор өзінің «Абылай хан арандатудың құралына айналмайды» атты мақаласында қытай, орыс, қазақ жазбаларының бай дерек көздеріне сүйене отырып, Абылайдың тек Орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақтың ортақ ұлы ханы болғанын және тарихта аса зор рөл атқарғанын дәлелдеп берді. Сондай-ақ, ол Әбілқайыр мен Абылайдың өмірде бір-бірімен етене жақын болғанын атап көрсетіп, енді оларды қарама-қарсы қоюдың негізсіз екендігін, тіпті ұлттық ұйысуымызға зиянды екендігін ашып көрсетті. Осының өзінен-ақ Н.Мұхаметханұлының ғылымға, ұлтқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін көруге болады. Осыдан кейін Абылай хан төңірегіндегі айтыс-тартыс тоқтатылды. Мен мұны абылайтану ғылымының дамуына тарихшы ғалымның қосқан өзіндік зор үлесі деп санаймын.
Н.Мұхаметханұлы – Қазақстандағы қытайтанушы ірі ғалымдардың бірі. Ол қытайдың тілі былай тұрсын, олардың ділін, ойлау жүйесін, таным-түсінігі мен іс-қимылын, салт-санасын жетік меңгерген маман. Көп жылдар бойы талпынып жүріп 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығын» ашты. Профессор Қытайды терең зерттеудің қажеттілігін, өркениетті ұлы халықтан үйренетін тұстардың көп екендігін айтады. «Біріншіден, қытайдан қалай халық болуды, қалай ұлт болуды үйренуіміз керек. Қытайды қытай қылған ішкі бірлік, ұлттық бірліктің сақталуы... Олардың ұлттық іргетасы өте мықты. Міне, біз қытайдан ең алдымен қалай біртұтас ұлт болудың сырын үйренуіміз керек. Екіншіден, – дейді ол, – ұлтжандылықты, патриотизмді, мемлекетшілдікті, еңбекқорлықты үйрену керек. Үшіншіден, мемлекет құрушы ұлт басқа ұлттарды өзіне сіңіре білетін қасиет болуы керек». Міне, бүгін қазаққа жетіспей жатқан бір мәселе осы. Оны қытай тәжірибесіне сүйеніп, ғалым дөп басып айта алған.
Нәбижан екеуміз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында бірге жұмыс жасадық. Бірігіп еңбек те жаздық. Көптеген сұхбаттарға бірге қатыстық. Білгенім, ол – ойын ашық айтатын, өзіндік азаматтық ұстанымы бар, логикалық ойлау, талдау жасау қабілеті күшті, сезімтал, өткір де ұтқыр азамат. Адамгершілігі күшті оның бойында басқаларды бағалай білетін, әсіресе, замандасының артықшылығын құрметтейтін қасиеті тіпті бөлек. Мен бірде Нәбижаннан: «Қытайдан келгендердің ішінде қытай тілін ең мықты білетіндерің кім?» деп сұрадым. Ол ойланбастан «Кәрім Акрами ағамыз болар», – деді. Ол шынымен де қытай тілі мен жазуын жетік білетін, Абай өлеңдерін қытай тіліне аударған адам екен. Бірде онымен дастарқандас болып қалдым. «Сізді қытай тілін жетік біледі деп естідім. Қытайда қандай мектепте оқыдыңыз?» –деп сұрағанымда ақсақал: «Иә, біршама оқуды оқыдық қой, бірақ қытай тілін менен де жақсы білетін Нәбижан Мұхаметханұлы деген жігіт бар осында», – деді. Екі азаматтың бірін-бірі жоғары бағалап тұрғаны мені қуантты. Шын білімділер осылай болса керек. «Өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңіледі» деген осы. Жақсының жақсылығын айтқанға не жетсін.
Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы.
АЛМАТЫ.