Қоғам • 25 Тамыз, 2022

Тауқыметті тағдырлар тоғысы

420 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының өткен жылы (2021) «Атамұра» баспасынан жарық көрген романы «Тағдыр толқыны» деп аталады. Үш салаға бөлінген роман ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының басынан өткен қиын-қыстау дәуір шындығын арқау еткен.

Тауқыметті тағдырлар тоғысы

Белгілі бір уақыт пен кеңістік аясындағы қоғам тынысы мен әлеумет өмірінің басынан өткен қиын шақтың тарихи шындығын жинақтап, тарихи тұлғалар арқылы көрсетуді мақсат еткен. Романда «қонысы суатты, күні шуақты» өмір сүріп жатқан қазақ халқының шырқы бір-ақ күнде бұзылады. Бұған себеп болған – патшаның 1916 жылғы июнь жарлығы. Қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу дейтін сұмдық хабар ел басына жай түскендей әсер етеді. Бұдан бұрын да Ресей өкіметі алым-салықты еселей түскен және құйқалы қоныстарын, шұрайлы өрістерін келімсектерге (қара шекпенділер) зорлықпен әпергендіктен, ақ патшаға халық наразылығы қара қазандай қайнар еді, бірақ іштен тынатын. Өйткені дәрмені мен пәрмені жоқ елдің жігері құм болатын.

Сән-салтанатымен көк жайлауға көшіп келіп, кереге керген  Меркіт елінің мамыражай тірлігі де сынаптай сырғып кеткендей болады. Патшаның бұл жарлығын қабыл алмаған ауыл адамдары – Тұрғанбай, Сақари, Кәдірбай, Мұстақи сынды ел ағалары «енді мал қамын емес, жан қамын ойлайтын болдық» деп тығырыққа тірелгендей болады, сөйтіп жайлаудың қызығынан айырылады. Патша жарлығын қолма-қол орындауға кіріскен Зайсан оязы Сергей Кубицский (Серке Күпін) әр болыстың адамдарын жинап, қаранөпір халықтың алдында «тізім жасау» керектігін хабарлаған сәтте-ақ халықтың ашу-ызасы бұрқ ете түседі. «Бауыр ет баламызды бермейміз, жібермейміз» деген сөзді Қоңырқажы, Абзали, Күркебай, Әлібай сияқты азаматтар ашық айтып, қарсылықтарын білдіреді. Ал ақ патшаның жазалаушы әкімдері «Жарлыққа қарсылар саяси сенімсіз адам ретінде қара тізімге ілініп, екі көзі Сібірде жылтырайды» деп мәлімдейді. Қарсы сөйлеген адамдарды да ояз кеңсесінің алдында тұрған әскерлер мен полициялар қолма-қол тұтқындауға әрекет етеді. Бірақ Күркебай батырдың әлекедей жаланған жігіттері оларды құтқарып жібереді.

Осы кезден бастап елдің тыныштығы бұзылады. Бұл «жалпақ қазақ даласына» төнген қауіп екенін ұққан ел азаматтары қарап жатпай, тас-түйін болуға кіріседі. Түн жамылып келіп-кетіп жатқан салт атты, сабау қамшылы адамдар көбейген. Патшаның пәрменіне қарсы келгендер «қара тізімге» ілінген.

Романдағы тарихи оқиға Меркіт ауылында өтіп жатса да, Зайсан үйезінің әр өңірінде болып жатқан наразылықты және тарихи деректерді қамтып отыруы шығарма оқиғасының шынайылығын арттырып, күрделендіре түседі. Роман кейіпкерлері – Меркіт ауылының азаматтары, солардың тағдыры. Сол тұстағы кезең шындығы ел өмірімен сабақтастырыла суреттеледі. Ауыл ағаларының оқулары болмаса да, тоқулары мол, ойлы-аңғарлы адамдар. Қарулы қолдары, жалынды сөздері бар. Көп уақыт өтпей-ақ, полиция бастығы Михаил Головин бастаған топ бұра тартып, бұйрыққа көнбеген саяси сенімсіз адамдарды – «бұзық қарақшыларды» тұтқындауға кірісіп кетеді. Ел ішін үрей билейді, аттың жалы, атанның қомында күн кешуге тура келеді.

Қуғындауға түсіп, қысым көрген тұста халық жат елге кетуге мәжбүр болады.Ұялы теректей ұйып отырған елдің ынтымағы, тыныштығы бұзылады. Итжеккенге айдалып қорлық көргенше шекаралас отырған қытай елінде бас сауғалауды жөн көреді. Ашулы халық ақ патшаның жарлығын орындауға кіріскен. Мәмет болыстың жазған тізімін тартып алып, өртеп жібереді. Қарғыба – Нарын болысы Мүрсәлім жазалаушы әскерлер келгенше ауылын көшіреді. Бір түнде Зайсан қаласында қамауда отырған қайын атасы мен баласын босатып алады. Біршама жігіттерімен Әулие шатқалында шекара әскерлерімен соғысып, казак-орыстардың біраз әскерін жер жастандырады. Өзіне ілескен ел-жұртымен үдере көшіп, Хабарасу арқылы  арғы бетке (Қытайға) өтіп кетеді.

Меркіт ауылынан «қара тізімге» іліккен адамның бірі – Әлібай мерген. Көп кешікпей М. Головин бастаған жазалаушылар  Әлібайды іздеп Меркіт ауылына  да жетеді. Алдын ала хабар алып отырған Тұрғанбай бимен ауылдағы ағайындары Әлібайды жайлауға аттандырып жібергендіктен, оның орнын сипап қалады. Полицейлерге тілмаш болып келген Қозыбай баласы Құсайын деген азамат өзін аттандырып тұрған жігітке: «Әлібайға айт, ол қара тізімде, бой тасаласын» деп сыбырлап айтып кетеді. Тұрғанбай бидің ақылымен Әлібай бала-шаға, іні-қарындастарымен жайлаудың «Сасықбұғы» аталатын қиын тұйығына көшіріп апарады, құтырғаннан құтылғанды жөн көрді.

Тайынты-Тарғын болысының батыры Күркебайдың Ақирек асуынан өтетінінен хабар алып отырған Әлібай солардың көшіне қосылады. Күркебай батыр: «Бұл кәпірдің ырқына көніп те болдық, қорлығын көріп те болдық, не көрсек бірге көрейік» деген ойын айтады. «Жауды аясаң, жаралы» қалармыз деседі. Күркебай, Әлібай бастаған елу-алпыс адам түнде Ақирек асуына келіп бекінеді. Таң ата «аспандағыны арбап, жердегіні жалмап» жүрген шекара әскерлерімен соғысып, оларды әдемі әдіс қолданып жеңеді, тұтқында жатқан үш адамды босатады. Артынып-тартынып жеткен көшті де шекарадан өткізеді. Қытайды мекен етіп келе жатқан қазақтармен аралас-құралас болып, сол елге сіңіп кетеді.

Жазушы романында қатардағы ауыл адамдарының қоңыр тіршілігінен-ақ заман шындығын, уақыт өзгерісін танытып-таразылауды мақсат еткен. Автор стилінің өзіндік белгі-бедері айқын аңғарылатын бұл туындысында қоғам мен адам, орта мен адам байланыс-қатынастарын басты назарда ұстағандықтан, адам тағдыры мен күнделікті өмір ағымы үнемі алдыңғы кезекте көрініс тауып отырады. Әр кейіпкер өзіндік мінезі, психологиялық толғаныстарымен ерекшеленіп отырады. Жазушы кейіпкерлерін типтік-жинақты образға айналдыра көрсетуден түрлі көркемдік тәсілдер қолданғаны аңғарылады. Тарихи болған оқиға әсерлі суреттеледі.

Романның екінші саласында 1918–1929 жылдар аралығындағы тарихи оқиға қамтылады. Қысқа күнде қырық құбылған заман зобалаңы Меркіт ауылының берекесін қашырып, жақын-ағайын адамдардың арасын ашқан. Бөлініп-жарылмаған ағайындар кемде-кем. Ол жақтағы ел малдарына өріс, өздеріне қоныс болды. Шет елдегі шерменде тіршілікке де көнді. Бірақ туған жерлерін ұмыта алмады. Сонымен бірге ақ патша тақтан құлап, мизамы құрдымға кетіпті, жаңа тұрпатта өкімет құрылыпты деген хабар да ауық-ауық жетіп жатады.

Бір күні Сақари, Қазақбай, Әлібай, Бұтабай, Оқбай т.б. ауыл адамдарын жинап: «Құдай қосып, құйрық-бауыр жесіскен құдамыз елде қалды. Ақ батаны бұзбай, оң жақта отырған келінімізді алып қайтқымыз келеді, не атамекенге көшсек» деген ойын айтады. Меркіттің біраз үйлері көшті ата жұртқа бұруға келіседі. «Байтал түгіл, бас қайғы» заманда тәуекел деп шекарадан тыныш өтіп келеді. Алайда атамекенде қалған елдің де жетіскені шамалы екен. Жазушы аласапыран ауыр шақтың шынайы суреттерін көз алдыға келтіріп отырады. Біраз уақыт «ақ» пен «қызыл» шайқасы басталғанда, халық кімнің жыртысын жыртарын білмей дағдарады. Көп ұзамай билікті «балшебек» дейтін қызылдар алыпты. Зайсан аудан орталығына айналған, үйездік революциялық комитет құрылған. Шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлердің өмір жолдарына жазушы қанық болғандықтан, оқиға нанымды, кейіпкерлердің характерлері шынайы. Әр саладағы оқиғалар бірін-бірі толықтырып – бәрі бір арнаға тоғысып жатады. 1918–1929 жылдардағы халықтың етінен өтіп, сүйегіне жеткен трагедиялық жағдайды ашып, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің ақиқатына қанықтырады.

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында халық басынан небір қилы-қилы оқиғалар өткен-ді. Ауқатты адамдарды тәркілеу, салықты көбейту, ұжымға күштеп біріктіру сияқты саяси науқандар халықты аяғынан шалып, ақылынан тандыра жаздағаны белгілі. Қызылдар орнықты дейтін 20-жылдары салықтың түр-түрі көбейген. Салықты уақытында төлемегендер әкімшілік-қылмыстық жазаға тартылған. Біртіндеп ұжымдық шаруашылық құрылған. Қойшы-қолаң, кедей-кепшіктерге байлардың малдарынан үлес беріле бастаған. Осындай халыққа ұнай қоймаған келеңсіздіктердің басы-қасында Меркіт ауылынан шыққан Қазтай белсенді жүреді. Шолақ белсендіге ешкім қарсы келмейді. Өйткені ол нағыз ұр да жықтың өзі еді. Меркіт ауылының (өз ауылы) ауқатты жеті адамының малдарын тәркілеп, «бай-кулак» ретінде Зайсан қаласының абақтысына қаматады. Бірақ бұлар «тірі жан, тісті бақаға» зияны жоқ адамдар еді. Меркіт ауылында құрылған «Қызыл ту» мойынсерігінің төрағасы да сол Қазтай Іргебаев болады. Мойынсерік құру жиынын екі-ақ сағатта бітіріп, Исабайдың қорасын, тамын, Тұрғанбай бидің сегіз қабат киіз үйін мойынсеріктің меншігіне алады. Байды қорлап, кедейді қолдаған болады.

Қаһары мен қарғысы қатар келіп, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» заманынан халық қатты қиналады. Абақтыдағы жеті адамнан ештеңе таппаған соң оларды босатады. Бірақ «иттің күні үрумен өтеді» дегендей қайта тіміскілеуін қоймайды. Ел күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Тұрмыс-тіршілік күн сайын қиындай түседі. Абақтыдан босаған жеті адам елге сыйлы, ауылдың бетке ұстар адамдары болғандықтан, бәрі ақылдаса келіп, арғы бет асуды жөн көреді. Бір түнде 25 отбасы Кендірліктен өтіп, Жамантай асуына жақындап қонады. Ауылдың жиырма екі ер-азаматы шекарадан өтіп, қонысты байқауға аттанады. Көштің артынан Қазтай бастаған қуғыншылар жетеді. Көшті кері қайтарады, жас жігіт Сәду қайтыс болады. Шекараға жақындаған жиырма екі ер-азамат сай ішінде дем  алып жатқанда өздері асқан жотадан мылтық гүрс-гүрс атылады. Дастарқан басында отырғандар жайрап қалады. Жан-жаққа бытырай қашқандар да тірі қалмайды. Әлібай мен інісі Әлжан екеуі жырадағы қойтасқа тығылады, атыс басталады. Мергеннің інісі оққа ұшады. Ашыққа шығып, алшаңдай басқандарды Әлібай мерген атып құлатады. Ең соңында Әлібайдың бірі сатқын Қазтайға, бірі өзіне арнаған екі-ақ оғы қалады. Жатқан жерін ауыстырып, түйетасқа тығылады. Әлібай тығылған тастың үстіне келген командирді төменге түскен көлеңкесіне қарап атып құлатады. Меркіт ауылының он сегіз адамы қайтыс болады, жау жағының жиырма үш  адамын Әлібай мергеннің өзі атып өлтіреді. Осы қасіреттің болған жері Сасықбұғының бір саласын халық «Меркіт қырылған» деп атап кетеді. Бұның шымыр тартылған сюжеттік желінің әбден шарықтау шегіне жеткен драмалық тұсы десе де болады.

Меркіт ауылының Тұрғанбай би бастаған ел ағалары дала адамдарына тән болмыстарымен ерекшеленеді. Олардың сөздерінен алды-артын кеңінен ойлайтын ақылдылық, халық даналығын үлгі ете сөйлейтін шешендік-тереңдік аңғарылады. Күркебай, Әлібай, Ақбай, Әбзалилердің іс-әрекеті мен сөздерінен батылдық, өжет-өткірлік, табандылық сипаттар әр тұста көрініп, қаз-қалпында суреттеледі, тағдырлары тауқыметке толы жандардың көңіл ауандары ашылып, мінез қырлары көрсетіліп отырады. Сөйтіп, алмағайып ауыр заманның көркем шежіресін көз алдыға әкеледі.

Ауылдағы үлкен-кішінің бәрі Биағаның (Тұрғанбай) сөзіне тоқтайды. Ол қазіргі аласапыран замандағы жағдайды қазақ баласының басына келген зұлмат деп біледі. Сондықтан, «мініс аттарыңды белдеуден, малдарыңды белегірден алыстатпай, жинақы болыңдар» – деген сөзі сол тұстағы қаралы жылдардың ауыр да аянышты тынысын танытса, екінші жағынан оның ақыл-парасатынан да хабар береді.

Шығармада Іргебаев Қазтайдың рөлі ерекше көзге ұрады. Оның аярлық, қатыгездігі роман желісінің өн бойында көрініп отырады. Ол «шаш ал десе, бас алатын» нағыз шолақ белсенді. Ақ патшаның әкімдеріне де, қызылдарға да жағына білген Қазтай өз ауылының адамдарына бүйідей тиеді. Ұлттық мүддені ұқпайтын, адамгершілік қасиеттен жұрдай, «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын» ол есте ерекше қалады. Өмірінің соңына таман милициядағы жұмысынан қуылады. Асыра сілтеген ағаттықтарынан қаншама адамдардың өмірі сорлап, тақсырет тартады. «Ұл болып туады, құл болып өледі» рақметі жоқ сұрқай тірлікпен өмірі өтеді. Халықтан қарғыс алған адамның жаназасына жақындарынан басқа адамдар бармапты.

Кейіпкерлердің бәрі дерліктей өмірде болған адамдар болғандықтан, автор тарихи шындықтан алшақ кетпеген. Олардың жан әлемі, іс-қимылдары сол тұстағы қазақ ауылдарының анық ақиқатын жазушы сол реалистік өмір суреттерін әрі нанымды, әрі тартымды, өрнекті тілмен бейнелеген. Кейіпкерлер үнемі оқиғаның ортасынан көрінеді.

Романның үш саласы арқылы ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси-әлеуметтік жағдайлар өрілген. Халықтың тағдыр-тәлейін танытарлық тарихи-әлеуметтік құбылыстарды белгілі уақыт пен кеңістік аясында көрсетеді. Жылыстай көшіп, жырақтай қашып күн кешкен Әлібай бала-шағасына оралады. Бұдан хабар тапқан Қазтай бастаған милициялар оны ұстап әкеледі. Құзырлы орындардың басшылары бірігіп, тергеуге алады. Әлібай ешнәрсені жасырмай баяндап береді. Тергеушілер алдымен оқты шекара әскерлері атыпты, оқиға болғалы он бес жыл өткен және айыпталушы басқа ел азаматы екен, сол себепті «ақ гвардияшыл бандит» деген айып алып тасталсын, босатылсын» деген үкім шығарады. Бірақ Қазтайдың қастандық жасауы мүмкін екенін ескеріп, бір түнде бала-шағасымен арғы бет асады. Жеменейді мекен етеді. Бас кейіпкер Әлібай бейнесі әлеуметтік өмір шындығымен сабақтас суреттеледі, әр қырынан  ашып, толықтырып отырады.

Жазушы қоғамдағы шындықты, кейіпкерлердің қам-қайғысын суреттеу үшін түрлі көркемдік тәсілдерді қолданады. Кейіпкер портретін беру, ұтымды диалогтар, лирикалық шегініс, жанама мінездеу, авторлық баяндау, адам көңіл-күйіне орай пейзаждық кестелеу, езу тартар әжуа – бәрі белгілі бір көңіл күйде жүретін кейіпкерлердің жан сарайын ашып отырады. Негізгі оқиға Меркіт аулында өтіп жатса да, Зайсан үйезінің әр өңірінде болып жатқан қарсылық қамтылып отырады. Бодандыққа, астамшылыққа көнбей, еркіндікке ұмтылған қайсар халықтың атамекенінен ауған аянышты жағдайлары шығарманың өн бойында өріс тартып жатады. Романдағы ішкі-сыртқы тартыс түрлі ситуациялар арқылы ашылып отырады. Басқа елге ауып кеткен адамдардың бұралаң тағдыры, үміт-рухы, жарқын тұлғалары кемел көрсетіледі.

Романда өнерпаз жылқышы Берікбол мен байдың қызы Кербездің арасындағы мөлдір сезім туралы оқиғалар негізгі арнамен қатар өріліп отырады. Олардың да мың құбылған ауыр тағдырын суреттегенде оқырман «Енді не болар екен?» деген тебіреніспен отырып, негізгі аласапыран оқиғаларды бір сәтке болса да ұмытқандай болады.

Жалпы Кәдірбек Сегізбайұлының бүкіл шығармашылығына тән ерекшелік – махаббат мәселесін суреттегенде ардан аттамайтын қазақы қасиетті берік ұстанады. Кейіпкерлерін анайы әрекеттерге жетелеп апарып, өзі сыртынан тамашалап тұратын әдеттен аулақ. Бұл романда да жазушының қос ғашығы  лапылдаған сезім құшағында, бір төсекте бар дүниені ұмытып, аймаласқан қос ғашық ұстаным дейтін ұлы қамалдан аттай алмайды. Өйткені некенің пәк болуы ата-бабадан бермен келе жатқан қастерлі қасиет екенін олар жақсы біледі. Көркем шығарманың тәрбиелік мақсатының жоғары екенін автор да  осылайша назарда ұстайды.

Оқиға үлкен тарихтың қайшылыққа толы дәуірінің шынайы шындығы екені хақ. Роман соңында «Тобықтай түйін» берілуі де орынды болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Зайсан қаласындағы Колпаковтың ескерткіші құлатылған. Қаланың бір көшесіне Әлібай Ошекеұлының есімі берілген. Жазушы бұл оқиғаны жасынан зердесіне сіңірген және мұрағат деректеріне сүйенген. Кейіпкерлердің көзін көргендер мен кейінгі ұрпақтарымен сөйлескен, оқиғаға қаныққан. Осындай ізденістер нәтижесінде деректі тарихи әрі көркем роман жазылған. Қиын кезең шындығы қызықты өрілген. Шығарманың танымдық-тағылымдық мәні де зор.

«Тағдыр толқыны» романы бір кезең шындығының көркем шежіресі, үлкен тарихтың кішкене бөлшегі деуге тұрарлық туынды.

ЗҰФАР СЕЙІТЖАНҰЛЫ,

филология ғылымының докторы, профессор