Қазақстан • 25 Тамыз, 2022

Өнегелі өмір иесі

570 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сахара ғұламасы атанған Бекасыл Биболатұлы адамзаттың қымбат жауһар­ларының бірінен саналатын «Зикзал» атты еңбегінде «Алла адамды аса сүйіспеншілікпен және саналы етіп жаратқан. Сонымен бірге ол әр адамның ғұмыры мен тағдырын жазып қойған» деп айтады. Сондықтан болар, кейбіреу­лер жүз жасаса да, бүкіл өмірін бос өткізеді. Ал кейбіреулер мағыналы өмір сүріп, артында өшпес із қалдырады.

Өнегелі өмір иесі

Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері – Анарбек Орман. Оны оңтүстік өңірі ғана емес, бүкіл республика жұрт­шы­лығы біледі десек, артық болмас.

Көпбалалы отбасында өмірге келген ол, жастайынан ауылдың борпылдақ май топырағын армансыз кешіп, қызықты балалық шақты басынан өткеріп, Ұлы Отан соғысына қатысып, капитан деген шен алып, ауыр жарақаттанып, бір қолынан айырылған, алғашқыда ауыл­дық мектепте мұғалім, сонан соң дирек­тор болып істеген әкесіне үй шаруа­шы­лығына қатысты барлық мәселе бойынша жәрдемдесіп, еңбекқор әрі төзімді болып өседі. Орта мектепті бітіргеннен кейін арман жетелеп, институтқа түскелі қалаға тартады. Бірақ талапкерлердің көптігінен қалаған оқуына түсе алмай қалады. Әкесінің кеңесімен құжат­­та­рын институттың инженер-механик дайындайтын кешкі бөліміне өткізіп, студент болып қабылданады. Сол кезден бастап саналы өмірінің көп бөлігі қалада өтеді. Қалалық су арнасында жұмысқа орналасып, күндіз сонда жұмыс істеп, кешке институтта білі­мін жал­ғастырады. Институтты бітірген кезде, ол отбасылы әрі тәжірибелі маман болып шығады. Бір-екі жыл өзі туып-өскен жерінде аудандық су бөлімінде механик болып істейді. Содан соң Шым­кент қаласының коммуналдық шаруа­шылығында бөлім бастығы, одан әрі Шаян аудандық коммуналдық шаруа­шылығын, Шымкент қаласындағы тұр­ғын үй басқармасын, қалалық су арна­сын (бұрынғы «Горводоканал» деп ата­латын мекеме) басқарады. Жан-жақ­ты іскерлігімен көзге түскен ол тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, содан соң екі рет Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 1998 жылы қайтадан қалалық су арнасының басшысы болып тағайындалады. 2009-2011 жылдары Қазақстан Республикасының Су шаруашылығы комитетін басқарады. Одан соң Шымкент қаласына қайта ора­лып, «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС бас директоры болды. Содан бері осы күнге дейін Шымкент мегаполисінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысуда.

Сусыз өмір жоқ екені мәлім. Біздің ата-бабаларымыз су деген екі ғана әріп­тен құралған мөлдір сұйықтықта тір­ші­лік­тің көзі жатқанын жақсы білген. Олар ежел­ден бұлақ көздерін ашып, то­ға­н­дар жасап, арықтар мен құдықтар қа­зып, ішуге пайдаланылатын сулардың сапа­сы мен тазалығына ерекше мән берген.

Қазіргі заманда су тұрмыстық тірші­ліктің ажырамас бөлігіне айналғаны мәлім. Сондықтан судың маңызы бұ­рын­ғыдан арта түспесе, еш кеміген жоқ. Бүгінде қала тұрғындарының саны 1,5 млн-ға жақындады. Олардың бәрін ішуге жарамды ауыз сумен қамта­ма­сыз ету оңай шаруа емесі белгілі (Кеңес өкі­меті тұсында Шымкентте 350 мың­дай адам ғана тұратын, яғни қазір­гі­мен салыстырғанда екі есе аз. Соған қарамастан судың жаз айларында жеткіліксіз болғанын, құбырлар тесі­ліп, айлар бойы жөнделмей жататынын байырғы қала тұрғындары әлі есінен шығара қойған жоқ. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл өтсе де, көптеген қалалар мен ауылдар осы күнге дейін сапалы ауыз суға жарымай отырғанын жұртшылық жақсы біледі.

Кеңес өкіметі кезінде Шымкенттегі қалалық «Горводоканал» аталған мекеме тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекешелендіріліп, «Су арнасы –Мар­кетинг» жеке шаруа серіктестігі деп атал­ды. Ол 30 жыл ішінде Қазақстанда ғана емес, ТМД-дағы мықты кәсіп­орын-­­
дардың біріне айналды. Сол кездегі көп­теген кемшілік жойылып, орынсыз шығындар азайды. Қазір онда мыңнан астам жоғары деңгейлі мамандар жұмыс істейді. Қалалық су арнасы ең жаңа, бір орталықтан басқарылатын, әлемдік деңгейдегі жабдықтар мен озық технологияларды пайдаланады. Оларға қажетті электр энергиясының көп бө­лі­гін мекеменің өзі өндіреді. Соның нәти­жесінде, қала халқы көп жылдар бойы еліміздегі ең сапалы, ең арзан және тәулік бойы тоқтаусыз беріліп тұрған ауыз су ішуге қол жеткізіп отыр. Пайдаланылған шайынды суларды тазарту үшін польшалық технология қол­данылады, бұл процесс онлайн режімде бақыланады. Тазартудан өткен су ауыл шаруашылығының қажетін өтеуге жіберіледі. Сондай-ақ кәріз қал­дықтарынан шыққан биогаздан электр энергиясы өндіріледі. Мұндай технология Қазақстан түгілі Орталық Азия елде­рінде де ендірілмеген.

1998-2006 жылдар аралығында ТМД елдері арасында бірінші болып бар­лық тұтынушыға есептегіш құралдар қо­йылған, тозығы жеткен жарамсыз су құ­бырлары түгелдей ауыстырылған. Со­ның нәтижесінде көп адам суды ысырап етпей, үнемдеуге көшкен. Сол кезден бастап Шымкент қаласында су мәселесі толығымен шешілді.

Осы жетістіктің бәрін ескере оты­­рып, Қазақстан Үкіметі 2020 жы­лы арнайы қаулы қабылдап, Шым­кент ­қаласындағы су арнасының тәжіри­бе­сін еліміз бойынша тарату туралы тап­сырма берген. Бұл жерде осы күнге де­йін атқарылған жұмыстар мемле­кет­тің бюджетінің есебінен емес, тек жеке шаруашылық серіктестігінің өз қаржысы мен Еуропалық даму және қайта құру банкінің берген кредитіне жасалғанын атап өткен жөн болар. Халық­аралық банктің аталған мекемеге мемлекеттің кепілдігінсіз несие беруі көп нәрсені аңғартса керек. Осы­ның бәрін қала жұртшылығы Анарбек Оңғарұлының ерен еңбегінің жемісі деп бағалайды. Сондықтан болар олар оған сенім артып, отыз жыл бойы қала­лық, облыстық маслихаттың депутаты етіп сайлап отыр. Сонымен қатар ол Түркістан және Шығыс Қазақстан облыс­тарының, Шымкент қаласының, Түркістан қаласының, Бәйдібек, Сай­рам, Түлкібас, Сарыағаш, Тарбағатай, Зайсан аудандарының «Құрметті азаматы». Оның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталған.

Анарбек Оңғарұлы қоғамдық жұ­мыс­тарға да белсенді араласатын адам. Ол көп жыл бойы қалалық «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») және «Ақ жол» пар­тиясының аймақтық филиалдарына басшылық етті. Зейнетке шық­қаннан бері қалалық классикалық және жағажай волейбол федерациясын бас­қарып жүр. Аталған федерация қала халқына ғана емес, еліміздің спортсүйер жұртшылығына, сондай-ақ көрші елдерге де жақсы мәлім. Сондықтан болар, осы жылдың тамыз айының 20-шы жұлдызында Шымкент қаласында өткен Анарбек Оңғарұлының 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнирге он екі отандық және төрт шетелдік (Қырғыз, Өзбекстан, Ресей) командалары қатысып, жақсы өнер көрсетіп, қала жұртшылығының ризалығына бөленді.

Жалпы, Анарбек Оңғарұлы спортты жанындай сүйеді, осы күнге дейін волейбол ойнайды, жастарға саламатты өмір сүруді насихаттаудан және олар­ға қолынан келген жағдайды жасаудан жалықпайды. Сонымен қатар қаланы абаттандыруға және қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген бірден-бір азамат. Сондықтан болар ол басқаратын мекеменің ең көрікті жерінде «Орманды сен қандай жақсы көрсең, орман да сені жақсы көреді» деген көлемді баннер ілулі тұр.

Қазіргі кезде Анарбек Оңғарұлы мен Құдай қосқан зайыбы Гүлнар үлкен әулеттің алып бәйтерегі іспетті, екеуі немере, шөбере және шөпшек көріп отыр. Олар өздерінен тараған ұрпақ­тары­нан басқа, бүкіл жақын туыстарына көлеңкесін түсіріп, олармен қолда­ғы барын бөлісіп, жәрдемдесіп отыра­ды. Сонымен қатар әкесінің туған жері мен мұғалім болып істеген жерінде өз қаржысына мектеп пен мешіт салып, сон­дағы әлеуметтік жағдайы төмен адам­дарға көп жыл бойы қаржылай көмек беріп жүр. Оның меценаттығы мұнымен ғана шектелмейді, оны оңтүстік жұрты жақсы біледі. Елдің қамын жеп, аманаты мен үмітін арқалап жүрген осындай азамат 70 жасқа келді. Оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болары анық.

 

Ержан ИСАҚҰЛОВ,

саяси ғылымдар докторы