Қоғам • 25 Тамыз, 2022

Жол-көлік оқиғалары: Сәбилерді сақтайық

31406 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күнде еститініміз – жол апаты. Жиілеп кеткені сон­ша­лық, адам өлімін ауыр қабылдамайтын болыппыз. «Жүргізушілер қатты жүреді» дейміз де қоямыз. Алаң­дататыны сол, өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы – 9 пайызға, қайтыс болғандардың саны – 17 пайызға, жарақат алғандардың үлесі 9 пайызға артқан.

Жол-көлік оқиғалары: Сәбилерді сақтайық

Жол сақшылары көлік тізгіндегендерді тәртіпке ша­қырғанымен, нәтижесі аз сияқ­ты. Ескертуге құлақ ас­па­ғандар есіріп, жолдың қар­сы жолағына шығып кетіп, бүтін бір отбасы қаза бол­ған оқиғалар тіркеліп жатады.

Қол қусырып отыруға ­бол­мас. Бұл ретте елімізде шұ­­ғыл түрде жол қауіпсіздігін сақтауға үндейтін «Қауіпсіз жол» іс-шарасы қолға алын­ған болатын. Іс-шараның қорытындысы туралы Ішкі істер министрлігі Әкім­ші­лік полиция комитеті төр­аға­сының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев айтып берді.

Айлық шеңберінде ең бірін­ші кезекте жолаушы­лар­ды тасымалдау қызметін жүзеге асыратын автобус, ша­ғын автобус, минивэн сияқты кө­ліктер қатаң бақылауға алынған. Такси қызметін ұсы­натын жүргізушілер де на­зардан тыс қалмапты. Ав­то­мобильдердің тех­ни­калық жағдайынан бас­тап­ жүргізушілердің тиісті құ­жат­тары жіті тексерілген. Осылайша, жол сақшылары бір ай бойы аяғынан тік тұ­рып, жағымсыз жағдай­лар­дың алдын алуға барын салыпты. Жалпы, айлық шең­берінде ғана емес, жыл бойы жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған кешенді жұмыс­тар жалғаса бермек.

– Жол-көлік оқиғалары­ның белгілі бір бөлігі жыл­дамдықты елемейтін жүр­гі­зушілердің кесірінен болады. Әрбір жетінші апат (14%) жүргізушілердің елді мекенде белгіленген жылдамдықты сақтамауынан туындайды. Соңғы 7 айда жылдамдықты асыру себебінен 1 136 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Сал­дарынан 156 адам қайтыс бо­лып, 1 442 жолаушы жара­қат алды.

Жол-көлік оқиғаларында қайтыс болғандардың және жарақат алғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайтынын атап өткен жөн. Осы жылы 308 жаяу жүр­гінші қайтыс болды және 2 168-і жа­рақат алды. Жаяу жүр­­гіншілердің кесірі­нен 265 жол апаты тіркеліп, 55 адам жан­ тапсырды, 217-сі түр­лі жарақат алды. Жал­пы алғанда, жолдағы қауіп­сіз­дік жаяу жүргіншіге де, жүргізушіге де байланысты. Яғни тәуекел екі жақтан да бар. Соңғы уақытта жолды бағдаршамның қызыл тү­сіне немесе белгіленбеген жерінен кесіп өткен жаяу жүргіншілер кінәлі болуда, – деді Ж.Мұратәлиев.

Тәртіп сақшылары «Қа­уіп­­сіз жол» іс-шарасы оң нә­­­тиже бергенін айтады.­ Бір­ ай ішінде шамамен 51 мың­нан астам жол ере­же­­сін бұзу фактілері тіркел­ген. Бұл айлық тек жол жү­рі­сі қағидаларын бұзу­ды анық­тауға ғана­ емес құ­қықтық түсін­ді­ру жұмыс­тарына да бағыт­тал­ғанын атап өткен жөн. Мә­селен, халықпен кері­ бай­ланыс орнатып, по­ли­­ция бөлімшелері бас­шы­лары­ның азаматтармен жеке бай­ланысын қамтамасыз ету мақ­сатында «Жолда қабыл­дау» акциясы өткізіліпті. Акция барысында Полиция департаменттерінің, әкім­шілік, жергілікті полиция және көші-қон қызметтері­нің бас­шылары алдын ала жазылусыз тікелей байланыс форматында азаматтарға онлайн қабылдауды жүргізген.

Тағы бір назар аудар­та­тын мәселе – кәмелетке тол­мағандардың қатысуымен тіркелетін жол-көлік оқиға­ла­ры. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда балалардың қатысуы­мен болған жол-көлік оқи­ға­ларының саны 5 пайызға (1964-тен 1861-ге дейін) және зардап шеккендер – 2 пайызға (2255-тен 2206-ға) азайыпты. Десе де, жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім деңгейі әлі де жоғары болып қалуда (7 пайыз).

– Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал са­наттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын біл­меу немесе оларға немқұ­рай­ды қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, бел­гіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болып жатады. Балалардың жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа байланысты дағдыларын ны­ғайту мақсатында, қала бер­ді оқушылардың оқу жы­лының басталуы қар­са­ңын­да 22 тамыздан бас­тап «Абай­лаңыз – балалар!» рес­пуб­ликалық жедел-про­фи­лак­тикалық іс-шарасы бас­тал­ғанын атап өткен жөн. Іс-шара шеңберінде білім беру мекемелерінің аума­ғын­дағы жол желісінің жұ­мыс күйін және жол жүрісін ұйым­дастырудың тех­ника­лық құралдарын зерт­теу, ата-аналар мен мұ­ғалім­дер­ге жол қауіпсіздігі бойын­ша профилактикалық са­бақ­­­тар, дәрістер өткізу көз­делген. Сонымен қатар жол қа­уіп­сіз­дігін қамтама­сыз ету­ді наси­хаттауға және ба­ла­лардың қатысуымен бо­латын жол-көлік жара­қат­тарының алдын алуға бағыт­талған өзге де жұмыстар жос­парлан­ған, – деді Ж.Мұрат­әлиев.

Осы жылдың 11 шілдесін­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қа­зақ­стан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар ту­ралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Заңына қол қой­ған болатын. Заң биыл 9 қыр­күйекте күшіне енеді. Оған сәйкес түзетулермен кө­лік құралын мемлекеттік нө­­мірлерсіз қайта басқар­ғаны үшін әкімшілік жауап­кер­шіліктің жаңа құрамы енгізілді (590-бап 2-1 Б.), онда 20 АЕК мөлшерінде айып­пұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзім­ге айыру көзделген. Бұрын мұн­дай норма болмаған еді. Бұдан басқа, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түрін­дегі жаза алынып тасталды, енді­ аталған құқық бұзу­шы­лық­ үшін тек 1 жыл мер­­зім­­ге­ кө­лік құралдарын бас­қа­­ру құ­қығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкім­­ші­лік қамауға алу қол­да­ныл­мақ.­ Бұған дейін 20 АЕК мөл­ше­рін­де айыппұл немесе 1 жыл мер­зімге бас­қа­ру құқығынан айы­ру қа­рас­ты­рылған болатын.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы күре жолдарды «орташа жыл­дамдықты» арттырғаны үшін көлік құралдарының жүр­гізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтауда.

Жүргізушіге «жолда бай­қап жүр» деп айту аз­дық етер. Жол ережесін сақ­та­масаң ырым қылып таққан тәсбихтің де пайдасы шамалы. Кейбір жүргізушілер са­пасыз жолды, бағусыз малды себеп етіп өзде­рін ақтаған­дай болады. Кө­лік тізгіндеген адам өзі­нің өмірі­не ғана емес, кө­лік ішіндегі адамдардың тағ­ды­рына да жауапты еке­нін ұмыт­пағаны абзал.