Өнер • 26 Тамыз, 2022

Дәстүрді дәріптеген туынды

485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық суретшісі, алғашқы кәсіби қылқалам шеберлерінің бірі Молдахмет Кенбаев шығармашылығын көзі қарақты қауым жақсы біледі. Әсіресе суретшінің есімі «Қашағанды қуу» атты ғажап картинасы арқылы өте таныс. Оның бірқатар еңбегі Мәскеудегі Третьяков галереясы мен Шығыс халықтарының өнері мемлекеттік музейінде сақталған. Ал біз бүгін сөз ететін туынды – «Киіз басу» деп аталады. Мұны суретші 1958 жылы салған.

Дәстүрді дәріптеген туынды

Бір қарағанда, бұл картина қарапайым. Басы артық ешнәрсе жоқ. Даладағы көк майса үстінде ақ жаулық киген әжелер киіз басып жатыр. Ал бірақ оның астарына үңілсеңіз, қылқалам шебері осы жұмысы арқылы халқымыздың сан ғасырдан бері атадан балаға жалғасып келе, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, қол өнерін, қысқасы, ға­жайып ұлттық этнографиямыз­ды көркем бейнелеген. Бұл жерде киіз басып жатқан әжелер ғана емес, байтақ даламыздың тұмса табиғаты мен асқақ тауы жа­ра­сым­дылығымен көз тартады.

Таудың етегінде бір отар қой жайып жүрген шопанның сұл­басы мен оған көз тіге қарап тұр­ған жас қыздың бейнесі де нәзік қылқалам ұшымен әсем үйлес­кен. Картинадағы бояудың түсі қанық. Әсіресе сары түс – жайма-шуақ көңіл сыйлайды. Осы еңбегі арқылы автор дәстүрімізді дәріптеп қана қоймайды, хал­қымыздың қадір-қасиетін асыра суреттейді.

Өнертанушы ғалым Г.Сар­құлова айтулы тұлғаның шығар­машылығындағы табиғатқа жа­қын­дығы мен дүниедегі бар құ­бы­лысты ақындық шабытпен қабылдауы ерекше екенін ай­тады.

«Қылқалам шеберінің өмірді ұғынуы мен түйсінуі бояу түсте­рінің ғажап жарасымымен кө­рініс тапқан. Ол өмірдің сырын бояулар әлемі арқылы шебер жеткізеді. Сондықтан суретші шығармаларының ерекшелігі сезімінің тазалығында ғана емес, түстердің поэзиясы мен ұлт­тық құндылығында екені кү­мән туғызбайды. Суретші туын­­­дыларының қай-қайсысы да талғам нәзіктігімен, орындау ше­­берлігімен сүйсіндіреді. Бұл де­геніміз, оның таңдаған та­қы­рыбын терең зерттеп, оны ша­бытпен орындайтын еңбе­гі­нің жемісі» десе, суретші Бай­тұрсын Өмірбеков Кенбаевты еуро­палық суретшілік мектепті жақсы меңгеріп, оған өзінше ұлт­тық ерекшеліктер мен жа­ңалықтар қосқан үлкен дарын иесі деп бағалапты. «Оның қай шығармасын алсаңыз да ұлттық мәдениет, қазақы тұрмысты, көшпелі өмір салттың көріністері шынайылықпен табиғи түрде жеткізілген. Осылайша, ол биік те асқақ өнері арқылы қазақтың бай мәдениетін таныта білді» деп жазыпты.

Жалпы, халқымыз ертеде көшпелі өмірге ыңғайлы тұрмыс­тық бұйымдардың көбін киіз­ден жасаған. Бұл үрдіс өткен ғасыр­дың алпысыншы жылда­рына дейін жалғасып келді. Әжелеріміз бен апаларымыз киіз басуды тұр­мыстық деп қана білмей, оны өнер дәрежесіне көтерді. Киізге түрлі ұлттық ою салып, оны тұрмысқа шыққан қыз баланың кәдесіне қосты.

Осы ретте ойыма бір оқиға түседі. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде біздің совхоз ұжым­шарға айналып, ауылға Абдолла Жаңғабылов деген кісі директор болып келді. Ол кезде совхозда әлі де мал басы бар еді, көбі қой болатын. Ал қойдың жүнін өткізетін жер жоқ. Бұрын оны өткізіп келген мекемелер жабыла бастаған. Содан бір қоймада қойдың жүні қанар-қанар болып жиналып тұратын. Содан жаңа басшы ауыл­дағы жасы үлкен әжелер мен апаларды жинап, «мен бір орын тауып берейін, осы жүнді бос ысырап қылмай, киіз басып, қажеттеріңізге жаратыңыздар» дейді. Сөйтіп, әжелеріміз бен ана­ларымыз бір жаз киіз басты. Кейде біз де оларға барып көмек­тесеміз. Өйткені киізді арқан­мен айналдырғаннан кейін оны басуға адам қолының күші керек. Сонда киіз басудың оңай емес екенін, оның үлкен өнер екенін көрдім.

Шындығын айтқанда, қазір киіз басу өнеріне ешкім мән бере қоймайды.

Оны білетін әже – апалары­мыздың қатары азайды. Кейінгі жастарға оның қажеттілігі де аз. Бұрын ауылдағы әр үйде киіз төселетін. Әсіресе анам қысты күндері аяққа жылы деп үйге киіз төсейтін. Қазір оның бәрі көзден бұлбұл ұшты. Қойдың жүнін де ешкім жаратып жатқан жоқ. Мемлекет те оған назар аудармай келеді. Қаншама байлық осылай іске асусыз шашылып жатыр.

Көрнекті қылқалам шебері Молдахмет Кенбаевтың «Киіз басу» картинасына алпыс жылдан аса уақыт өтсе де, оның құн­дылығын қазір сезіне бастадық. Өнердің құдіреті деген осы шығар.