Әлқисса, аталмыш эссе қаламгер Тахауи Ахтановтың «Боран» атты роман мәтінін негізге ала отырып жазылды.
Жазушының бұл туындысы тілі, мәтіні және ықшамдылығы тұрғысынан XX ғасырда қалыптасқан модерндік үлгідегі әдеби туындылар талабына сай келеді. Шығарма бес күн бойы боранмен алысқан Қоспан атты қойшының елсіз далада арпалысқан кезін бейнелейді. Бесінші күні сырма қар тоқтап, ақ түтек боран басылып, төңірек сейілгенде, азық үшін, қорек үшін түні бойы жауымен аңдысқан, ақтық сәтінде жан алысып, жан беріскен бақташының алдынан қасқыр қырған қойдың кең панорамасы ашылады.
Ығып бара жатқан алты жүз қойға пана іздеп, Кеңқияқтағы қалың отқа қарай сырғып бара жатып, бағыт-бағдарынан жаңылысқан қойшы, бірақ, басына түскен қиындықтан аман-есен құтылып шығып, құтқарушы топ, шарқ ұрып іздеген шолғыншылармен табысып, елге жетеді.
Кітапта баяндалатын оқиғаның ұзын-ырғасы осы. Бірақ, әрине, бақташы қой бағып жүріп түрлі естеліктерге беріледі. Әйелі Жаңыл екеуі шаңырақ көтеріп, үй болғанда кенеттен басталған соғыс жас ерлі-зайыптыларды бір-бірінен көп жылдарға айырып жібереді.
Қоспанның соғысы ұзақ болады. Ол соғыста Қасболаттың тапсырмасын орындаймын деп тұтқынға түседі. Елге кеш оралады.
Біз үшін бұл романның құндылығы – оның шағын бола тұра, тұтас бір дәуірді қамтығаны, кейіпкерлер галереясын жасағаны әрі модерндік талап-тілектерді қанағат тұта білгені болып тұр. Әр сипатын жеке қарастырайық.
Кестелі сөздер
Автордың тілі жатық, шұрайлы әрі бай, алайда, бәрібір, сөйлемдерінен бір жаңалық есіп тұрады. Демек, сөз қолданысында бір гәп бар, ол – әрбір сөздің іс-әрекетке, қимыл-қозғалысқа яғни етістікке құрылғаны. Бос сөз жоқ. Әр сөйлем – белгілі бір оқиғаның даму кезеңі. Оқиға өрбіп, өріліп, үнемі ілгері дамып, жылжып отырады.
Сөздері тамаша. Метафора, аллегория, эпитет сөздің көркін ашып, ажарын, әрін байытады. Кесте тоқып жатқандай керемет әдемі, келісті сөздер көп-ақ, теңеулер мол.
Былайша айтқанда, ақындық проза. Мәтін поэтикасынан автордың дер шағында қалам ұстап, кітапқа дәл уақытында кіріскені көрініп тұр. Жалған пафос жоқ, асыра сілтеушілік көрінбейді, бірақ та музыка бар. Ол – кемел мәтін салтанаты. Қыздың жасауындай бай, жастың отауындай қазыналы. Кесте бізі айрықша өрнек салады. Сәтті түсірілген сурет тәрізді.
«Жақын жердің тебіндігін қорасындағы шөбіндей қориды», «Ошақта қидың шоғын қоламта басып, қызылы семіп барады», «Сығырайған соқыр терезесіне қарын ұстаған аласа кішкентай бөлме», «Тек көз құйрығында бір қуақы ұшқын жылтырап тұрады», «Шығарыңқырап қойған шамның сәулесі кірпік астын қытықтайды. Бірақ та, қатып қалған қара нан мен қатықсыз көжені тойдың асындай ішеді», «Керосин шамның қалт-қалт еткен күлгін сәулесі көңілді елегзітеді», «Соғыстан жүдеп шыққан халық қоңторғайлығына қарамастан ертеңгі күннің уайымын жинап қойып, ақтарылып қалатын», «Кеше ғана құлазып тұрған жетім үйге әркім бір құшақ қуаныш ала келгендей, жарқырай кіріп, дабырлай сөйлейді».
Уақыт белгісі
Әлқисса, кітап оқиғасы белгілі бір уақыттан басталады. Сөйтіп, бес күнге созылады. Бес күн ішінде біз автор кейіпкерімен жете танысамыз. Таныстықтың өзі сатылап келеді.
Бірінші күні жол-жөнекей күллі кейіпкерді таныстырып өтеді. Кейін таныстық күшейе түседі. Ақырында, біз роман соңында бас қаһарман мен оның ортасын түгел танып-біліп шығамыз. Естеліктердің өзіндік реті бар. Әуелі, бала кезі, сосын жастық шағы, кейін есейген тұсы. Біртіндеп сюжет қарттық шағына дейін жетеді. Бұл бес күн ішіндегі арпалыстың рухани арпалысқа ұласқанын көрсетеді. Көптеген ойы, көзқарасы, қарым-қатынасы қайта ой елегінен өткізіліп, жаңадан баға беріледі.
Қоспан тұлға ретінде қайта туады. Басына түскен қиындықтан, қып-қызыл бейнеттен қайта түлеп шығады. Бұл арпалыс Қоспан қойшының өмірінде зор маңызға ие болатыны сөзсіз. Ғұмырын екі уақытқа бөліп тұратыны рас.
Созылып жатқан уақыт кейіпкер жолының маршруты тәрізді. Әр кезеңінде бір меже бар. Меже – жүрген қашықтықтың қорытындысы. Белгілі бір мағына сыйғызған, мән толтырған, қол жеткізген табысы немесе жеңілісі. Бұл жерде бес күндік тәулік бір айналымға тең. Басы бар, аяғы бар тұйық шеңбер. Бірақ уақыттың сандық (цифрлық) формасымен қатар мән-мағыналық сипаты немесе сапасы, яғни ұзақтығын ескерген жөн. Хулио Кортасардың бір әңгімесінде келтірілетіндей, жүріп өткен жол мен ой ұзақтығы тең емес.
Қоспан бес күн ішінде күллі өмірін көз алдынан өткізеді. Жары Жаңылдың жетімдік көрген бала кезі, ел басына күн туған қиын-қыстау жылдары, майданда соғысқаны және қапыда қолға түскені, Жаппасбайдың елде қалған қорғансыз қатын-қалашқа көрсеткен қиянаты, қулық-сұмдығы, қорлығы, Шәрипа екеуін қателікке ұрындыра жаздаған кешігіп жеткен тосын махаббат, Қасболаттың жәрдемі, Мәжитовтің көмегі, Әлиасқаровты қолдауы, бәрі-бәрі романда белгілі бір тәртіпке бағынған.
Тәртіп – уақыт. Демек, романда көзге көрінбейтін уақыт бейнесі бар, оны қолға ұстай алмасаңыз да, іштей сезесіз. Романдағы жер-су аттары уақыт кезеңдерін өлшейтін өлшем бірліктері тәрізді.
Қойды Құзғын адырына қарай айдап кеткенде тыныш жатқан қыр дала бірте-бірте ақ түтекке оранады. Автор көп оқырманға бейтаныс танық сөзді қолданады: «Бір рауаятта түңіліп те кеткен».
«Құзғын беткейі – қырық-елу шақырым алыс жайылым», «Мал тұяғы тимей жусаны мен изені ырғалып тұр», «Қоспан жолда Ырғайлыға түнеп, бұл араға бүгін түске таман келді», «Он шақырым шамасында теріскейде Дөңқара түбегі бар».
«Екі күннен аса жауған қардың бетін жалаған жау борасын. Сонау алыс, елсіз Қарақияның даласында ығып, Қоспан ағасы жүр. Үш күннен бері суға батқан тастай, хабарсыз, белгісіз», «Үш-төрт күннен бергі суық буын-буынына тарап, денесін тұтас тоңазытып тастаған», «Үшінші тәулікке асып барады – ұшы-қиыры жоқ ақ боран төтеп тұр», «Бесінге қарай күн ашылды. Төрт тәулікке жуық ойнақ салып бұл атырапты жүндей түткен ақ боран енді шеру тартып, батысқа қарай кетті», «Қарақияның талай қырқаларын арылтты. Осы қалай деген жердің бәрін тінтті. Қоспан ағасынан еш белгі жоқ», «Ақыры таң атты».
Адасқандар маршруты
Шығармада уақиға уақытпен қатар жүріп отырады. Уақытты белгілейтін оқиға дамуы ғана емес, сонымен қатар кейін қалып жатқан жер белгілері – Құзғын, Ырғайлы, Дөңқара, Аттан, Кішкене құм, Қарақия.
Бақташы Ақтөбе өңірін, Түбек жақты түгел жақсы біледі. Астында Тортөбел деген мінген аты бар, қасына ерткен Майлыаяқ, Құтпан атты екі иті бар, жолға сақадай сай, артынып-тартынған, сайланып шыққан шопан. Әрине, бәрін ескеру мүмкін емес. Кең жазық, сайын дала, құла түз – қысы-жазы құбылмалы, айнымалы өлке. Ауа райы тез өзгеріп тұрады. Шопан – шағылдың жұмбағы шешіп, құпиясын түсінген адам.
Бірақ, табиғат сырын түгел білер данышпан аса сирек. Қандай дам адасады? Өзінің жолын айқын санаған, айтқанды тыңдамаған жұрт адасады. Біздің кейіпкеріміз жерді біле тұра, адасқаны несі. Себебі, ол ыққан қойдың басын бұра алмады. Алдындағы мал, бір отар қой жаппай боранды ықтап кете барды. Финалда қой мен алысқан Қоспанға тағы бір сынақ келеді. Кенет ақ түтектің ту сыртынан қойдың қарнын жарып, шашып келе жатқан көп бөрілерді көреді. Қасқырдың шабуылы – Қоспаның екінші бораны. Бесінші күнге қараған түні Қоспан ауыр сынақтан өтеді. Бірде сырғауылын, бірде жұдырығын жұмсаған бақташы, жыртқышты тамағынан ала тұншықтырған шопан, азығы үшін ажалға қарсы күрескен адам, бейне бір киелі кітаптар қаһармандары тәрізді ерлікпен айқасып, діни сюжеттерді көз алдыңызға елестетеді.
Көркем образдар
Әдетте, жазылуы мен оқылуы ұзақ та үлкен жанр – роман. Тіпті, роман жаңа жазылған шығарма ретінде додаға да түсе бермейді. Ол шұғыл әрі шапшаң ұйымдастырылып жіберетін лездік форматқа сай емес.
Ойлануға уақыт жоқ. Постмодернистік өмірдің тіршілігі баяу емес, жылдам, тез-тез жасап тастап, келесі бір жобаға көшеді, тоқтамай ілгерілей беру керек.
Роман – дәуірдің образын қалыптастыра алатын полифониялық шығарма. Тұжырымдар, қорытындылар жасалатын, жорамал, болжамдар айтылатын жанр. Оның ерекшелігі – бізге үлкен ой айтуға мүмкіндік береді, философиялық ой-толғамдарға жетелейді.
Әңгіме – бөлек, айрықша жанр, ұзын-ұзын сөйлемдер, терең ойлар, керісінше, оның эстетикасын бұзар еді. Сондықтан, әңгіме неғұрлым ықшам, жинақы, әуезді болғаны жөн.
Қазақстанда роман жанры – даңғыл жол үстінде, екпінді, қарқынды дамуда. Бұл әдебиетіміздің қиындыққа қарамай, кедергілерді бұза-жарып, алға ұмтылып, өркендеп келе жатқанын білдіреді.
«Боран» романы жеке тұрғыда экзистенциалистік туынды болса да, үлкен әлеуметтік жүгі бар дүние. Формасы мазмұн көлемін шектеп тұрған жоқ. Роман жанрының бір қасиеті – қай тақырыпта жазылса да, кез келген мазмұнға шолу жасай алады. «Боран» – жиырмасыншы ғасырдың басында, жалпы, әлемдік модернистік ағым аясында туған құбылыс. Ресми тұрғыда модернизм қазақ әдебиетіне алпысыншы жылдары келген деп есептелінеді. Тахауи Ахтанов шығармасы қазақ модернизмінен ерте, озып туған үлгі.
Роман сомдаған образдардың бояуы қанық, мағынасы терең, мұраты жарқын. Кітапта соцреализм немесе советтік идеология ықпалы жоқ. Қайран қалатынымыз, жан-жағын жайпап, іші-сыртын түгел тексеріп, төңірегін төңкеріп, тінтіп, елдің ығырын шығарып отыратын, жазушы қауымның мазасын алатын, цензураның қырағы көзі қалай байқамай қалды, білмейміз. Қазақы болмысына қылаудай қиянат жасалмаған.
Әрине, жаны таза тұлға, пейілі адал адамға ор қазған, жолын кескен, пәле-жала жапқан алаяқ жауыздар мұнда да бар. Жақсы қиянат көріп, жаман рақат кешкен әділетсіздіктер көрініс беріп қалады. Бірақ, коммунистік пафос, социалистік мұрат көлденең деп жол бөгемейді. Еркін, кең, дербес. Кітап елдік мәселелер көтереді.
Бес күн жалған
Бәрімізге белгілі, қазақ жарық дүниені бес күн жалғанға теңейді. Романдағы оқиға да бес тәулік ішінде өтеді. Әрине, кітапта қойшының бес күн адасуы мен қазақы түсінік арасында байланыс бар екендігі ашық айтылмаса да, автордың арпалысты үш күн емес, төрт күн емес, бес күнге созуында бір гәп жатыр.
Демек, автор метафизикалық кеңістікте отыр. Метафизиканы шығармасына арқау еткен, тақырыбына айналдырған жазушылар көп, үздіктері аз. Мысалға, әлем әдебиеті авторлары Данте, Шекспир, Достоевский шығармашылығын алайық.
Данте уақыты шіркеудің адамзат ақыл-ойын билеп-төстеп тұрған кезі еді. Қолында абсолюттік билік болды, сондықтан Данте шектеулерді айналып өтіп, «Құдыретті комедияны» жазды.
Шекспир заманында шіркеу билігі әлсіреді. Өнер бостандыққа шықты. Сахнада «шекспирлік аласапыран» басталды.
Ал Достоевский тұсында атеизм пайда болды. Енді Құдайдың өзін құтқару керек еді. Құдай қажет, сондықтан болуға тиіс, деп жазды Федор Михайлович.
Экзистенциалистік ситуация
Метафизикалық тақырып шығарманың бір қыры болса, физикалық әлемде қалыптасқан экзистенциалистік жағдай басқа бір қырын алға тартады. Бақташы (Мартин Хайдигер философиясы бойынша адам әлемнің қожайыны емес, бақташысы) қыр дала, ақ боран, қасқыр қоршауында келе жатса да кейін қайтпайды, ілгері ұмтылады. Ол ажалмен бетпе-бет тұр. Бес күн бойы ажал ауызында жүреді. Соңғы күні қойды шапқан қасқырларға қарсы айбат шеге көтеріледі. Осы тұсында Тахауи Ахтанов, әсілі, Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасында тұжырымдалатын тәмсілге ұқсап кетеді. Хемингуэйде балықшы шал ұстаған балығының қаңқасын сүйреп әкелсе де, екінші жағынан, балығынан айырылып қалған еді. Жеңіс пен жеңіліс қатар қалыптасқан ситуация: «Адамды өлтірсеңіз де, жеңе алмайсыз». Тахауи Ахтанов тәмсілінде сүйекті сөздің бөлек мағынасы қайталанады: «Тіршіліктің сүйемі қалса да, пұшпағынан тістеп алып, айырылмау керек» (191 бетте).
Үздік үлгі
Жарық көрген роман кітап дүкендеріне түсе салысымен бестселлерге айналды. Шағын шығарма, нығыз мәтін, құнарлы сөз қазақ оқырманың дүр сілкіндірді. Қазақ әдебиетінің жаңа бір қыры ашылды. Озық нұсқасы қалыптасты. Бұл заманда алаш оқырманы сапалы, жақсы кітапқа қолы жетпей жүретін. Бір жағынан, кітап тапшылығы бар еді, екінші жағынан, таралымы шектеулі болатын. Қазақстанда саяси кітаптар таралымы, орташа есеппен, жүз мың данаға жеткенде, қазақ жазушыларының көркем прозасы, яғни көлемі, отыз мың дананы құрайтын. «Боран» топ жарған туынды болса да, ауқымы отыз мың дана көлемді қамтып елге кенінен тарады. Кітап үздік шығармалардың біріне айналды. Даңқты шығарма соңынан жаңа модерндік топтамалар, жинақтар, таңдамалылар көбейе бастады.
Роман тақырыбы қызықты, лингвистикалық ізденістері табысты шығарма ретінде әртүрлі әдеби ортада, тоқсандық, жылдық қорытындыларда, сұхбаттарда жиі аталып, атақ-абырой жинап жатты. Бірақ, «Боран» жаңа жазу үлгісін әкелген шығарма тұрғысында терең зерттелген, жан-жақты зерделенген жоқ. Сөйтіп, бір кезде культ дәрежесіне көтерілген даңқты роман әдеби айналымнан бірте-бірте байқаусыз шығып қалды. Өз заманында данышпан қаламгер атанған, аяулы да асқақ жазушы Герман Мелвилл де ұмытылып барып, қайтадан атақ-абыройға бөленген еді.
«Боран» романы – уақыттан тыс, заманынан биік шығарма. Егер әдебиет ары қарай өмір сүретін болса, оқырманы көп кітаптың тізіміне «Моби Дикпен» қатар «Боран» да енері сөзсіз.
Төте жол
Еуропалық әдебиеттің ұзақ дамуы әсем де әдемі үлгілерді дүниеге әкелсе де, формалық ізденістерге әлемді еліктірсе де, ұлт әдебиетінің өркендеуіне бөгет бола алмады.
Гете атауын қалыптастырған әлемдік әдебиет деген ұғым-түсінік жаңа бір ізденістер туғызды. Бүкіл құрлықтар мен халықтардың басын қосып, көркемдік таным-талапты жоғарылатқан ұлттық әдебиеттің озық нұсқалары дүниежүзілік деңгейде кеңінен оқылып, бір-біріне ашық ықпал етті.
Біз бір-бірімізге қарыздармыз. Еуропалық үлгіде, қазақы мәнер, модерндік сипатта жазылған «Боран» романы – түркі дүниесі ішінде осман түріктер тіліне тұңғыш аударылып басылып шыққан саф дүние.
Дала драмасын асқан білгірлікпен жырлаған, күмбезді аспанды күрделі образға ұластырған, адам ақыл-ойын (рух) бақташылық қасиеті санаған романның ендігі кезекте, Тәуелсіздік дәуірінде жаңа бір тынысы ашылары сөзсіз.
Дидар АМАНТАЙ,
жазушы