Қазақстан • 29 Тамыз, 2022

Жаңарған Ата Заң – жарқын өмірге қадам

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеу­лер орталығы мен Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы бірлесіп өткізген «Жаңа Қазақстанның қалыптасуы мақсатындағы конституциялық жаңғырту» тақырыбындағы конференцияда ғылыми қоғамдастық Ата Заңымыздың мәртебесіне қатысты, Жаңа Қазақстанды құруға байланысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Жаңарған Ата Заң – жарқын өмірге қадам

Конференция қатысу­шы­ла­ры­ның алдында сөз сөйлеген Фи­ло­со­фия, саясаттану және дін­та­ну инсти­ту­тының бас директоры, академик Серік Сейдуманов еліміздің отыз жыл мерзімдегі даму жетіс­тік­теріне тоқ­талды. С.Сей­­д­уманов атап өткен­дей, бел­­гілі жағдайларға байла­нысты Қазақ­с­танда объективті бағалауды және оны іске асыру технология­ларын әзірлеуді қажет ететін бір­қатар «жасырын про­цестер» сақталып отыр. «Бұл бағытта адам құқықтары, әлеу­мет­т­ік тең­сіз­дік, олигополия, ха­лық­тың өмір сүру сапасының то­қы­рауы сияқ­ты проблемаларды шешу – ел Үкіметі үшін бірінші кезек­тегі мін­деттер. Мемлекеттік менед­ж­ме­нт бүкіл қоғам үшін транс­па­рент­ті және оңтайлы шешімдерге функ­­ционалдық көшуді жандандыру, мемлекетті қоғамдық бақы­лау­­дың жаңа институттарын демократияландыру мен бейімдеу, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құралдарын іс жүзіне асыру, оны бюрократиясыздандыру мен шешімдердің формализмін еңсеру жолымен жаңғыртылуға тиіс. Осы міндеттер шеңберінде республиканың қолданыстағы Кон­сти­туциясының нормалары бел­гі­лен­ген жоспарларды нәтижелі іске асыру үшін барлық заңды мүм­кін­дік пен жеткілікті ресурс­тарға ие», деді академик.

Конференцияның модераторы – Саяси зерттеулер орталы­ғы­ның директоры, философия ғы­лым­­да­рының кандидаты Айдар Әмі­ре­баев конституциялық жаңғыр­ту­дың үдерістері мен перспективаларына қатысты пікір алмасу және оған қатысты кәсіби ұсыныстардың болуы заңдылық екенін алға тартты. Конституция тарихына тоқталған сарапшы «Қазақстан халқы осы маңызды құжат негізінде экономи­ка мен әлеуметтік-саяси жү­йені жаңғыртуда, егемендік пен тә­уел­сіздікті нығайтуда үлкен та­рихи жолдарды еңсерді», деп атап өтті. «Осы жылдар ішінде елі­міз­дің экономикалық іргетасы қа­лып­тас­ты. Қазақстан посткеңестік кеңіс­тік­тегі көшбасшылардың бірі, ха­лық­аралық қоғамдастықтың бе­делді мүшесіне айналды. Десек те, бүгінде еліміздің алдында күрделі геосаяси жағдайлар мен тәуекелдерге байланысты жаңа міндеттер тұр. Бұл жағдайда ел Президентінің бас­тамасы бойынша қабылданған қол­­даныстағы Конституцияға ен­гізі­­летін түзетулер шешуші рөлге ие. Еліміздің жаңартылған Консти­ту­циясы күшті Парламенті бар Пре­зи­денттік басқаруға жол ашуға тиіс. Бұл ретте отандық интеллигенция мен ғылыми-сарапшылық қо­ғамдастықтың жетекші өкілдері басталған «Жаңа Қазақстан» жал­пы­ұлттық жобасын табысты іске асыруға өздерінің зор кәсіби үлес­те­рін қосуға мүдделі», деді орталық директоры.

Конференция барысында Қо­ғам­­дық даму басқармасы басшы­­сы­ның орынбасары А.Теме­нов, заң ғылымдарының докторы, про­фессор, Еуропалық құқық және адам құқықтары сарап­та­ма­лық ин­ститутының директоры М.Бәші­мов, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының бөлім мең­геру­шісі С.Ананьева, Ш.Уәлиханов атын­да­ғы Тарих және этнология инс­титуты директорының ғылы­ми жұмыстар жөніндегі орын­басары Ш.Тілеубаев, «Қоғам­дық келісім» РММ бас сарапшысы Г.Біләлова, ФСДИ бас ғылы­ми қыз­меткері, профессор Р.Қадыр­жа­нов конституциялық жаңғырту үдерістерінің талдамалық мәні мен перспективаларына қатысты ұсыныстарын білдіріп, ішкі саяси процестерді дамытудың ерекше­лік­те­ріне қатысты ойларымен бө­лісті.

Сарапшылардың пікірінше, ашық қоғамда әрбір азаматтың пікі­рі құнды. Жастардың өз құқық­та­ры мен бостандықтарына кепіл бола алатын елде өмір сүруі елдің келешектегі табысты дамуына ық­пал ететіні сөзсіз. Бұл бағытта Пре­зиденттің өзі ескіліктен арылу қа­жет­тігін алға тартып отыр. Елдің жаң­ғыруы оның азаматтарының білімі, денсаулығы, құқығы ескеріл­ген тұрақты конституциялық орта қалып­тасқанда ғана орындалатыны анық. Ал мұндай қадам кәсі­би қоғамдастықтың қоғаммен ашық жұмыс істеуі, мемлекеттік аппарат­тың халық үніне құлақ асуымен тығыз байланысты екенін қаперде ұстау қажет.

 

АЛМАТЫ