Экономика • 29 Тамыз, 2022

Көмір кезегін қалай реттеуге болады?

460 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Республика бойынша Атырау мен Маңғыстау облыстарынан басқа өңірлердің бәрі жылыту маусымына көмірді пайдаланады. Аталған екі өңір газды қолданады. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары да газбен қамтылған. Бірақ бұл өңірлерде де көмір тұтынатын бірнеше аудан бар. Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы әр отбасыға жылыту маусымында 5 тонна және одан да көп көмір қажет. Оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш төмен – қысқы маусымда әр отбасыға шамамен 2 тонна көмір жеткілікті. Алайда бұл өңірде халық көп болғандықтан, тұтыну көлемі де жоғары.

Көмір кезегін қалай реттеуге болады?

Демалыстағы дүрбелең

«Қаражыра» АҚ маркетинг жөнін­дегі директоры Әсет Сыдықовтың пікір­інше, көмірді өткізу әрі халықты қатты отынмен қамту – ұжымдық мәселе. Бұл бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың мойнындағы жүк.

– Көмірмен қамту ісінде бірнеше факторды ескеру керек. Біріншіден, кө­мірді сақтау мерзімі шектеулі. Ол ұзақ тұрса тотығады, бүлінеді. Оны сақтаудың өз талаптары бар. Сон­дық­тан оны дер кезінде әкелу маңызды. Екіншіден, көмір жылдың төрт-бес айына ғана керек. Бұл кезде кеніштер өнімділікті шамадан тыс арттыра алмайды. Мысалы, бір кеніш күніне қалыпты жағдайда коммуналдық-тұр­мыстық бағытқа деп 100 тонна көмір өндіреді делік. Ал сұраныс көбейетін төрт-бес айда кеніш аталған өнімділікті одан әрі арттыра алмайды. Сол секілді «Қазақстан темір жолының» да бұл аралықта тасымалданатын көмірдің көле­мін шамадан тыс арттыруға мүмкіндігі жоқ, – дейді Әсет Сыдықов.

Оның айтуынша, жағдайды реттеуге болады. Оның бірнеше тетігі бар.

– Жылу электр орталықтары жыл сайын мамыр-маусым айларын­да жөн­деу­ге жабылады. Сөйтіп, шілдеден бас­тап көмір қабылдауға көшеді. Бұған халықтың сұранысы қосылады да, жүктеме артып кетеді. Сондықтан біз бірнеше жылу электр орталығымен келіс­сөз жүргізіп, өзара келісімге кел­дік. Ендігі жерде олар көмірді жөн­деуге жабылмай тұрып немесе жөндеу уақытында қабылдап алады. Сонда орталықтар халық тарапынан туындайтын дүрбелеңге қосылмайды. Біз­дің­ше, бұл қадам сұранысты реттеу­ге кө­мектеседі. Сонда әлеуметтік нысан­дарды көмірмен қамтуда да кідіріс болмайды. Мұндай қадам кеніштерге де, тасымалдаушыларға да тиімді. 1 қыр­күйекке дейін көмірді бюджеттік мекемелердің қоймаларына сыйғанша тасымалдау керек. Ал қажетті көмірдің қалған көлемін қыркүйек-қазандағы халық тарапынан туындайтын сұра­ныс­ты өтеген соң да тасымалдауға мүм­кіндік бар. Міне, сонда дүрбелең де туын­дамас еді, – дейді «Қаражыра» АҚ мар­кетинг жөніндегі директоры.

Ұққанымыз, кеніштер де, тасымалдаушы компания да бірінші кезекте өз міндеттемелерін орындауға тырысады. Ал халықты көмірмен қамту қомақты келісімшарттардың қасында түк емес. Яғни осы істен табыс тауып отырған компаниялар үшін халықты қамту –екінші пландағы мәселе.

– Әдетте халық тарапынан көмірге деген сұраныс сенбі және жексенбі күн­дері артады. Себебі түсінікті. Үй ие­лері аптаның басқа күндерінде жұ­мыста болады да, тек демалыста ғана кө­мір қамына кіріседі. Осылайша, кө­мір сататын нүктелерге жаппай ағы­­лады. Дүрбелең де осы екі күнде туын­­дайды. Сондықтан біз арнайы мо­­бильді қосымша ойлап шығардық. Оның кө­мегімен қай күні, қанша көлем кө­мір қажет екеніне алдына ала тапсырыс беруге болады. Сонда үй иелері сенбі мен жексенбіні күтпей-ақ жұмыс күндері де қажетті көмірді түсіріп ала алады. Сенбі-жексенбінің жүктемесін басқа күндерге бөліп тастау арқылы дүр­белеңнің алдын аламыз, – дейді Ә.Сыдықов.

Оның айтуынша, жазғы уақытта өн­ді­­рілетін көмірдің сапасы қыста шы­ға­ры­латынмен салыстырғанда әлде­қайда жоғары болады.

– Жазда ауа құрғақ болады әрі кө­мір ашық-жарықта өндіріледі. Ал қыр­күйек-қарашада күн ерте батады да, көмір өндіру кешкі уақытта жал­ға­сады. Бұл уақытта өндірілген көмір жылы болғанымен, ауа салқын. Сол себеп­ті көмірден бу шығады. Жұмыс ке­зінде техникалардың және басқа да құрылғылардың жарығынан көлеңке пайда болады. Аталған көлеңке сол жерде жұмыс істеп жүрген мамандарды кей жағдайда шатастырып жатады. Сондықтан күзгі уақытта көмір алған­дар­дың үйіне көмірдің ұсақтары да қоса ке­леді. Осыны да ескеру керек. Бұл бір. Екін­шіден, халықты жазғы уақытта кө­мір алуға жұмылдыру үшін жергілікті атқарушы органдар қала құраушы кәсіп­орындармен және бюджеттік сала кә­сіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Мысалы, бір кәсіпорында жер үйде тұратын 100 адам жұмыс іс­тесе, оларға 500 тонна көмір керек. Компания өз қызметкерлеріне ақысыз 5-6 тонна көмір түсіріп беруі керек. Ақысын кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын бірнеше айға бөліп ұстап қалады да, жеткізуші тарапқа бір ғана төлеммен аудара салады. Сонда қыз­мет­керлер көмірді бөліп төлеу тетігі арқылы алған болады әрі дүрбелең де сырт қалады, – дейді ол.

Ә.Сыдықовтың айтуынша, мұндай жаңашылдық осыдан төрт-бес жыл бұрын енгізілген. Соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында көмірмен қамтуда кідіріс азайған. Әсіресе мұндай қадамды аталған екі өңірдегі теміржолшылар, тау-кен ком­па­ниялары мен өзге де өндіріс орын­дарының өкілдері, бюджеттік сала қыз­мет­керлері тиімді пайдаланады екен. Осылайша, олар жазғы уақытта өн­ді­рі­ле­тін сапалы көмірге қол жет­кізіп отыр. «Қаражыра» өкілі мұндай тәжіри­бе­ні өзге де өңірлерде қолдануға болатынын жеткізді.

Мамырдағы майшелпек

Коммуналдық-тұрмыстық бағыттағы көмірдің бір бөлігі тауарлық биржа ар­қылы сатылатыны белгілі. Соның нәти­же­сінде өңірлік операторлар делдалсыз, өндірушінің өзінен тікелей өнім ала алады. Бірақ мұнда да азды-көпті мәселе бар.

– Өңірлік операторлар халықпен тікелей жұмыс істейді. Мамыр айы­нан көмір сату науқаны басталады. Біз жыл он екі ай жұмыс істеуге әзірміз. Бірақ өңір­лік оператордың барлығында кө­мірге деген қолжетімділік жоқ. Әйт­­песе, тауарлық биржа арқылы «Қа­ражыра» мен «Шұбаркөл» көмірі са­­­тылады. Са­­па­­сы өте жақсы. Бірақ кө­­­лемі өте аз. Маусым айында Индус­трия­ және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен жиында кеніштер өндірілетін жалпы көлемнің 20 пайызын емес, 40 пайы­зын халыққа бағыттаса деген ұсыныс айттық. «Шұбаркөл көмір» осыған ке­ліс­кен секілді еді. Бірақ іс жү­зінде олай болмады. Қыркүйек-қа­зан ай­ла­рын­да өндірілген көмір кө­лемінің 20 пайызы халыққа аздық ете­ді. Сондықтан аталған көрсеткішті арт­­­тырған абзал, – дейді Солтүстік Қа­зақстан облысы бойынша өңірлік оператор «KomirTau KZ» ЖШС-ның директоры Самат Нұрмағанов.

Оның айтуынша, көмір сатылымы мамырда басталғанымен, халық тарапынан белсенділік болмайды. Әйтпесе, өңірлік операторлар жұртшылықты тарту үшін дәл осы уақытта көмірдің баға­сын арзандатуға тырысады.

– Солтүстік Қазақстан аграрлық өңір болғандықтан, біз агро-құрылымдарға арзандатылған баға ұсындық. Алыста тұратын шаруашылықтар осыны тиімді пайдаланды. Содан кейін әкімдікпен бірлесіп халықпен де жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алуларды да ерте аяқтауға жол ашылды. Біз конкурс жариялау үдерісін 1 тамызға дейін толық аяқтадық. Осылайша, бұдан соң барлық ынтаны тек халықпен жұмыс істеуге бұрамыз. Бұл қадам өз жемісін беріп келеді. Өңірде дүрбелең тыйылды, – дейді С.Нұрмағанов.

Осы орайда басын ашып алатын бір мәселе бар. Көмір өндірісі де, өткізілімі де толықтай бизнестің қолында. Бұл жерде министрліктің міндеті бизнес өкілдерінің жұмысын тиімді үйлестіру, яғни баға мен жеткізілімді қадағалау ғана. Сондықтан мемлекет бизнестің ойынына араласа алмайды.

Бағаға қатысты бірер сөз. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі Индустриялық даму коми­те­тінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, өңірлік операторлардың бағасы өзгермейді. Алайда нарықтық қатынас болғандықтан, өңірлік оператордан алынған көмір одан әрі басқа бағаға сатылады. Өйткені делдалдар іске кірі­се­ді. Бұған министрлік те, жер­гілікті атқа­рушы органдар да кі­рі­се алмайды. Оны реттейтін тетік жоқ. Бұл әркімнің өз аумағы саналады. Сон­дықтан сұраныс көбейген шақта дел­­далдарға ұрынбас үшін көмірді дүрбелең басталмай тұрып мейлінше ертерек сатып алған жөн.

– Өңірлік операторлардан көмір алуға келетіндер арасында кезегін сататын­дар да бар. Былтыр осындай жағдай орын алды. Мұны өз бетімізше реттедік. Әлеу­меттік желілер арқылы халықтан тап­сырыс қабылдап, өз көліктерімізбен күні-түні тасымалдадық. Әрине, көмір бір-екі күнге кешігіп жетеді. Есесіне келеңсіз жағдайлар орын алмайды, – дейді С.Нұрмағанов.