Екінші дүниежүзілік соғыста ұлтымыздың мерейін көтеріп, даңқы жайылған қаһарман қыздарымыз – бізге мәңгі мақтан. Әлия мен Мәншүк, Хиуаздың сіңлілері бүгін тәуелсіз Қазақстан әскері қатарында сапта тұр. Жүк салған дорбасын арқалап, полигондарда ор қазып жаттығып жүрген құрлық әскерлері сапындағы қыздар да, көк теңіз айдынындағы асау толқындарды ауыздықтап, теңіз жиегінен атқан арайлы таңды кемелерде қарсы алып жүрген қыздар да бар. Ел тыныштығын күзету жолындағы қиын да қатал қызметті мүлтіксіз атқарып жүргендердің бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің 21814-әскери бөлімі мина-тральдық кораблі командирінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары, капитан Эльвира Халықбаева. Реті келіп Эльвира Сейітханқызын әңгімеге тартқан едік.
– Эльвира, кешеге дейін мамандық түрлерін ерге, әйелге лайық деп бөліп қараған ұғым болды. Әсіресе, әскери форма киіп, тынымсыз жаттығу үстінде жүретін, темірдей тәртіп пен тегеурінді талап шеңберінен шықпау қатаң қадағаланатын Отан қорғауды, әскери қызметті ерлердің еншісі дедік. Басқаны былай қойғанда, екінші дүниежүзілік соғыстағы қыздардың ерен ерлігінің өзі бұл түсінікті түбірімен өзгертіп жібере алған жоқ. Ал бүгін тәуелсіз еліміздің көк байрағы астында еліміздің тыныштығын күзетіп сіздер жүрсіздер...
– Бөліп қарау қыздардың нәзіктігіне байланысты, әйтсе де қыздардың намысы, сезімі мен сенімі, табандылығы ерлерден кем түспейді. Әсіресе, қазақ тарихында сөзіне күллі елді ұйытқан, ісіне жұрты сүйсінген аналарымыз, апаларымыз аз болмаған ғой. Қиын кездерде аң аулап, бір ауылды асыраған атқа шапса озатын шабандоз, атса аң баласы құтылмайтын мерген қыздар туралы үлкендерден естіп өстік. Олар қашанда ел басқарған, тізгін ұстаған ерлердің сенімді серігі, керекті жерінде кеңесетін ақылшысы да болған. Бүгінгі қазақ қыздары, сондай-ақ, кең-байтақ жерімізді мекен етуші өзге де отандас қаракөздер көк байрақ астынан табылсақ, егемен елімізді нығайтуға азаматтық үлесімізді қоссақ деген сезім ғой.
– Әскери өмірді таңдауыңыздың себебі түсінікті болды. Қиындыққа шыңдала түскен шығарсыз?
– Мен 1973 жылы Ақтөбе облысында туып-өстім. Заң саласында жоғары білім алған соң, бала күтімімен үйде отырдым. Жұмыс туралы ойлағанда, өзіме бала кезден арман болған, көп жылдар қиялымды әлпештеген әскери саланы таңдауға бел будым. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова менің бала кезден мақтанышым болды. Осы мақсат, қызығушылық мені ақыры 2002 жылы «Батыс» әскери округіне қарасты 51051-әскери бөліміне алып келді. Келісімшарт негізінде қатардағы жауынгер болып қызметке қабылдандым. Арада өткен 12 жыл уақыт, расында шыңдалу мектебі болды. Мен оқушы кезімнен спортпен айналыстым, жазғы спорт түрлерінен Қазақстан құрама командасы сапында Ресейге шыққан кездерім де болған. Спортты серік етуім маған көп көмек берді, жауынгерлік жаттығулардан аса қатты қиналған кезім болған жоқ. Жан дүниеңмен қалаған қызметтің, таңдаған мамандықтың қиындығынан да рахат алуға болады деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, әскери қызметтің қиындығына төзбедім деп әлсіздік танытып, жұмыстан қол үзген қазақ қыздарын көрген жоқпын. Осыған риза боламын.
– Тәрбие және идеология жұмыстары – әскерилер арасындағы маңызды тақырып. Бұл бағыттағы қолға алған жұмыстарыңыз ауқымды болар?
– Қазақстан – достық пен татулықты алдыңғы орынға қойған, жарқын болашаққа осы құндылықтармен қол жеткізуді межелеген мемлекет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында барша қазақстандықтардың алдына елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына жеткізу міндетін қойып отыр. Сондай-ақ, «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының да сілтеген бағыты – осы озық отыздық санатынан өз орнымызды алу. Біз бұл мақсатқа бірлік, тыныштық арқылы жетеміз. Елбасы жүргізіп отырған мемлекеттік саясатты қолдап, оның табысты орындалуы жолында еңбек етудеміз. Мен қазір еліміздің Әскери-Теңіз күштерінің Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз базасында қызметтемін. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, мемлекеттік бағдарламаларының мақсат-міндетін офицерлердің арасында, сондай-ақ матростар арасында насихаттау жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Әскерилердің елжанды болуы барынша маңызды деп есептеймін, жұмысымызды сол бағытта үйлестіріп келеміз. Мемлекеттің, еліміздің Қарулы Күштерінің, Әскери-теңіз күштері басшыларының назар аударуы нәтижесінде қазір әскерилердің материалдық жағдайы біраз жақсарды. Алаңсыз жұмыс жасауға толық мүмкіндік бар.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН.