Әңгіменің «Қонақтар» деп аталуы бекер емес. Оны курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларының жолын тосып, төрт көз болып жүрген Ерғабыл шал мен кемпірінің арасындағы диалогтарды оқып отырып, бірден байқайсыз. Шығармадағы кейіпкерлердің шынайы мінезі мен сөз саптаулары оқығаннан үйіріп әкетеді. Кейде тіпті езуіңізге күлкі де үйіреді.
«Кемпір, шақша көрмедің бе? – деді жұмсарып.
– Байғұс, «қайдалайды» да жүреді екенсің! Қойған жеріңді ұмытып қаласың ба?!. Мә. Ерекең ләм-мим демей, алдымен бір атым насыбайды ерніне тастап, шақшасын қалтасына салды. Кемпірі басын ұстап, қайтадан төсегіне жантайды.
– Басым сынып, өлейін деп жатырмын, мазалай бермеші.
– Өлсең, Бағила кемпірді алып келемін, – деді шал бағанағыдай емес, көңілденіп.
– Иә, жетісерсің! Бала бір жақта, біз бір жақта. Мына қу моладан сүйегімізді табар бір күні. Осы Қаратүбектің басында жұмақ тұрғандай екі елі қия баспайсың... Бүгін келсін балалар, көрерсің, еріп кетемін. Қал жалғыз өзің, омалып. Кеше ноқтаның сағағын байламапсың ғой, кер кұлын ағытылып кетті.
– Ие, бұған бірдеңе айтсаң, бұл бірдеңе айтады».
Шын мәнінде, Ерғабыл қария – ескінің адамы, азды-көпті ғұмырында талай баққа қолы жетіп, талай бақтан айырылса да, қазақы мінезі мен өрлігін жоғалтпаған адам. Қартайған кемпірі қалада әжептәуір қызмет атқаратын баласына қолына барып тұрайық десе де, оның айтқанына көнбей, әкесі көрген, әкесінің әкесі көрген қара орыннан қозғалғысы келмейді. Оған ата-бабасының сүйегі жатқан жерден артық жер жоқ. Осы жерден бір топырақ бұйырса болғаны дейді. Жазушы өз шығармасында Ерғабыл шал арқылы жиырмасыншы ғасырдағы барлық зобалаңды басынан кешсе де, қанағаты мен шүкіршілігінен айырылмаған қариялар бейнесін көркем суреттеген. Ақсақалдың «айдалада өлген кәрі қасқырға ұқсамай ел-жұрттың алдында абыроймен өтсем, одан басқа артықтың керегі жоқ» дегені оқырманды сан тарау ойға қалдырады. Өмірдің ақырғы түйіні осы бір ауыз сөзде жатқан секілді. Осындағы үзіндіге зер салыңызшы:
«– Кәрілік! Е-е, жарықтық-ай! Уһ! – Орамалын алып, терін сүртті. Күн жылынған шығар деп жұқа барқыт бешпентін шешіп, қолына алды. Уқаланған өңірін жазып жатып: «Ертең сүйегіме шапан жетпей қалса, – деді ішінен, –Бектемірден қалған жалғыз Ерғабылдың басында түк болмады деген атаққа қалармын». Әлдеқалай шалдың көз алдына өлгеннен кейін мұны жұрттың қалай шығарып салатыны елестеді. Жұрттың бәрі:
– Е-е, қайран дүние кімге опа берген, бұл кісілер де кетті-ау дүниеден. Мұндай кісілер енді тумайды, тумайды, – деп аза тұтып, енді біреулер:
– Шіркін, бала деген осы ғой! Сапабек әкесін қандай қып жөнелтті, ә! Ойпырмай, мұндай ұлы дүбірмен біздің елде әлі ешбір шал аттанбаған шығар, – десін, таңғалысып бара жатқанға ұқсайды. Шал күлімсіреп, таяғын ұстады». Жалпы, өткен ғасырдың орта кезінен бастап, халқымыздың ұлттық болмысы, мінез-құлқы өзгере бастады. Бұған кеңестік кезеңдегі идеологияның ықпалы қатты тиді. Әсіресе көптеген ауыл мен қалада қазақ мектептері жабылып, балалар орысша білім алды. Оның ақыры, ұлтсыздануға алып келді. Осы қасіретті Төлен ағамыз өз шығармасында шым-шымдап отырып, әсерлі баяндайды.
Ерғабыл шал балаларының келгеніне шынымен қуанса да, аяқ-қолы жалаңаш келіні мен немересін шақырғанына келмей, орысша сөйлегеніне іштей қырыстанып қалады. Ол баласының таусылып бітпейтін мылжың әңгімесіне жыны ұстап шаңыраққа қарап, ойланып жатады. Автор осы жердегі қарияның жан дүниесіндегі алай-дүлей болып жатқан сәтті мына бір эпизод арқылы шебер жеткізген.
«– Әй, доғаршы енді, – деді Ерекең шыдай алмай. – Анау өзіміздің Аспандиярға домбыра берші, ән салсын.
– Ал ән тыңдайық, – деп, кисайып жатқан жұрт бастарын көтеріп алды.
Иегі шығыңқы, ірі, қапсағай жігіт кішкене ескі домбыраның ішектерін арбиған саусақтарымен еріне шертіп, құлағын бұрады. Біраз дыңылдатып отырып, сен үшін айтып отырмын дегендей Сапабекке қарап, жуан қоңыр дауыспен жеңіл бір әнді былқылдатып бастап кетті. Әнді толық айтпай, ортасынан үзіп тастап, домбырасын қайта бұрады. Ерекең ашық түндіктен жұлдыздарға қарап жатқан. – Әй, айтатын болсаң, айтсаңшы, – деді ақырып. –Кешегі әкең Дүйсенбі домбыра саусағына тиер-тиместе айғайлайтын. Неден мұнша жаман болып тудыңдар? Аспандияр бағанадан осы сөзді күтіп отырғандай, домбыраны тырнаңқырап қағып-қағып жіберіп, тамағын кенеп алды».
«Неден мұнша жаман болып тудыңдар»? Шынында да, өз ұлтымыз бен тілімізден безініп, неге мұнша жаман болып туған ұрпақпыз? Қабырғалы қаламгер осы мәселені дер кезінде байқап, оны көркем тіл, ишара емеурінмен бейнелеп дабыл қақса да, бұл тақырыптың қазір де маңызды екенін іштей мойындаймыз.