Евтушенко орыс поэзиясындағы «Үшінші Анна» деп атаған – яғни Анна Бунина (1774–1829) мен Анна Ахматовадан (1889–1966) кейінгі Анна Баркова әдебиетке тасқын селдей толқынмен келді. Бұл бір қолдан жасалған қылмыстар белең ала бастаған кезең еді. Дәл осы тұста оның өлеңдегі мінезі, тегеурінді даусы, еркіндігі бірден жарқ етті. Анна Баркова сталиндік сұмдықтарды әшкерелеп, қарсы шыққан бірінші орыс ақыны саналады.
№ 91400 мұрағат картасындағы тілдей қағазда: «Ол рух батылдығы жағынан, ой өткірлігі жағынан Анна Ахматовадан биік болды, Сталиннен қорыққан жоқ» делінген. Мұны кім жазды, кім қосты – белгісіз.
Анна Баркова 1901 жылы Иваново-Вознесенск қаласында өмірге келді. Білімі – орта, мамандығы – әдебиетші. 1918 жылы алтыншы сыныпты бітірген соң «Рабочий край» газетіне жұмысқа тұрады. – «Өлеңдер» айдарын жүргізді. Газеттегі есімі (лақап аты) – Калика Перехожая болатын.
Евгений Евтушенко «Орыс поэзиясының он ғасыры» атты антологиясында Анатоль Франстың «Боги жаждут» романы туралы айтады. Сталиндік кезеңде көп оқылған, көп аударылған бұл кітап «халық жауларының» көркем тізіміндей болды дейді. Ғасыр шындығы суреттелген романды отыз жасында Анна Баркова да оқыпты. Өлеңдерінде де Анатоль Франсты жиі атайды.
Ақынның алғашқы әрі жалғыз өлеңдер жинағы – «Әйел» 1922 жылы А.В.Луначарскийдің алғысөзімен шықты.
«Қараңыз: Баркова қазірдің өзінде жазуда өзіндік формасын тауып үлгерген – ол ешқашан метрге жүгінбейді, ол рифмалардың орнына ассонанстарды жақсы көреді, өлеңде жеке музыкасы бар – тартымды, әдейі дөрекі, стихиялық әсерге жетелейді.
Қараңыз: оның өзіндік мазмұны бар. Қандай десеңші?! Таза пролетарлық космизмнің серпінінен, революциялық зорлық-зомбылық пен шоғырланған трагедиядан, болашаққа өткір, азапты пайымдаудан асыл және қабылданбаған махаббаттың ең шынайы лирикасына дейін», деп ағыл-тегіл ақ сөзін жазады.
Кейін Луначарский ақынды өзінің хатшылығына жұмысқа шақырды, тіпті Кремльдегі жеке пәтерінен орын берді. Алайда бір күні Луначарский мен Богдановтың Ленин туралы әңгімесінен оған революцияның ішкі сырын айшықтайтын сөйлем жетті. Сөйтіп, әркімнің саяси жеке көзқарасының әсерінен Баркова қолдаушысынан қол үзеді. Ақынды әдеби ортадан алыстата бастады. Ал өлеңдері бұрынғыдан да бұлқына түсті.
Қылышынан қан тамып тұрған заманда Анна Баркованың «бұлқынған» жырлары, әрине, ешкімге ұнамайды. Ал мұндай ақындарды сөйлетпеудің амалын билік әрқашан табады. Мәселен, «контрреволюциялық әрекеттері үшін» айыптау.
Тіркеу картасына қарағанда, Баркова 1934 жылы 26 желтоқсанда қамауға алынып, тек 1935 жылы 26 наурызда КСРО НКВД-ның кезектен тыс отырысында «контрреволюциялық қызметі үшін» бес жылға лагерьге кесілді.
Ол тұрған пәтерде өлең дәптерлері мен блокноттар табылған. Олардан контрреволюциялық бүлікке, Сталинді құлатуға үндеген шақыруларды көрген.
Иә, Үшінші Аннаны лагерьге апарған өз өлеңдері. Ең алдымен, бес жыл (1934-1939) Қарлагта жазасын өтеді, кейін Солтүстік поляр шеңберіне жақын орналасқан Абезде сегіз жылдан аса жүрді (1948 – 1956), ақырында, жеті жыл – Сібір және Мордовия лагерлерінде (1958-1965) отырды. Ақын Қарлагта өткен азапты күндерін жазады:
«Дала мен аспан да, жабайы жел де – өлім мен азғындық сынды. Иә. Көрдім, Уа Құдай, ұлы тозақ бар. Тек ол табыттың арғы жағында емес, міне, мұнда – мен тұрған жерде. Боранның ессіздігі оттан да ыстық» (Қарағанды, 1935).
Анна Баркова жиырма жылдан астам өмірін түрмеде өткізді. Сөйтсе де, қатыгез заман ақынның азат ойын, еркін рухын сөндіре алмады. Ол 1939 жылы 26 желтоқсанда Қарабастан босатылса да Мәскеуге қайтарылған жоқ. Көп ұзамай жалған жалаға құрылған тұтқындаулар қайта жалғасты. 1956 жылдың қаңтарында да ол қайта босатылып, қайта тұтқындалды. Хрущевтік тоңның «ерігеніне» қарамастан, тергеушілер ақынның қолжазбаларын әлі де «қоғамға қауіпті» деп санады. Үшінші Аннаны аяқсыз айыптаулардан А.Т.Твардовский құтқарды. Ол 1965 жылы толық ақталып, Мәскеуге оралады. Бейбіт өмірде де ақынның жолы болмады: өлеңін ешкім баспайды, бәрі алакөзденіп, сырт айналады. Тіпті жарты ғұмырын лагерьде өткізген Барковаға «одан да өле қал» дегендер де болды. Мұндай ауыр сөздерге ақын хаттарында жауап жазады.
«Жек көрушіліктен жоғары тұру керек пе? Отыз жыл бойы құлдық, қуғын-сүргін, аңду, барлық масқаралықтан жоғары тұру үшін бе? Істей алмаймын! Мен әулие емеспін. Мен – қарапайым адаммын. Тек осы үшін тарих арбасы отыз жыл бойы мені дөңгелектің астына таптады. Алайда жанымды алған жоқ. Мүгедек қылды, бірақ тірімін».
Евтушенко Анна Баркова туралы мақаласында: «Түрме мен лагерь адамнан Құдай мен поэзиядан басқасының бәрін тартып ала алады. Өлең сөз әуені арқылы ой салатындықтан есте қалады. Бөтен өлеңдерді кітапқа қарамай-ақ оқуға болады. Қағаз бен қаламсыз да өлең жазуға болады – оймен. Поэзия тәркіленбейді, өйткені санаға қол сұғу мүмкін емес. Поэзия жаннан ажырамайтын ұждан сияқты. Ақындарды өлтіруге болады, ал поэзия мәңгілік. Ақындар қорланса да тозбайды. Ақындарды Данте сияқты қуып жіберуге болады, бірақ олардың поэзиясы қуылған жоқ», дейді. Шынында да, тарихта ақын-жазушыларға қарсы қаншама оқ атылды. Ахмет, Міржақып, Мағжандар өлді, бірақ өлеңдері қалды.