Жоғары оқу орындары басшылары университеттердің қызметін тексеру, жекеменшік ЖОО арасында кадр даярлауға мемлекеттік тапсырысты тең бөлу мәселелерін көтерді. Бұдан бөлек ректорлар жоғары оқу орындарының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты.
«Университет базасында, әсіресе өңірлік жоғары оқу орындары базасында бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді дамыту жөніндегі норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Біз академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі жоба шеңберінде өңірлік университеттердің инновациялық инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін қарастырамыз. Зерттеу жүргізу үшін ғылыми зертханаларды құрудың уақыты келді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 ғалым шетелдік ғылыми тағылымдамаларға жіберіледі. Нақты нәтижелер мен зерттеулер жүргізу үшін ғалымдарға жағдайлар жасалуда», деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ министр өңірлік жоғары оқу орындарын дамытуға, цифрландыруды күшейтуге және ЖОО оқытушылары мен топ-менеджментінің біліктілігін арттыруға баса назар аударды.