Бірақ оны бірден жүзеге асыру мүмкін болмады, түрлі бюрократиялық кедергілерге ұшырадым. Мен де алдыма қойған мақсатыма қол жеткізу үшін кері қайырылмадым, ілгері ұмтыла бердім. Мұндай табандылығым келесі жылы өз жемісін берді.
Сөйтіп, 2021 жылы біздің орталығымыз өз есігін айқара ашты. Бұған сол жылы құрылған «Алтын ұя – Еркеле» қайырымдылық қоры көп септігін тигізді. Аталған қор бірінші кезекте белгілі себептермен өздерінің құқықтарын қорғауға қабілетсіз, яғни аутизммен ауыратын балалардың мүддесін қорғайды.
Орталығымызда коррекциялық кабинет, балалар йогасымен айналысуға арналған бөлме, құм терапиясы, тұз шахтасы, логопед-дефектологтің кабинеті, логопедтік массаж кабинеті бар. Қазірдің өзінде орталығымызда аутизмі бар 200-дей бала тіркелген. Ал орталық мамандарының басты мақсаты – балалардың өмірін қоғамға бейімдеу, өздерін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезіндіру. Бұл жерде, әрине, мамандар мен ата-аналар арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатудың маңызы аса зор. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да жеміссіз емес.
Сөз ретінде біздің орталығымыз психикалық-физикалық дамуында ауытқушылықтары бар 6 мен 18 жас аралығындағы балаларды қабылдайтынын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Байқасаңыздар, бәрі дерлік мектеп жасындағы балалар. Демек, бізде балалардың тиісті деңгейде білім алуларына да барлық жағдай жасалған. Педагогтер де тәрбиеленушілер үшін психологиялық тұрғыдан жайлы ахуал қалыптастыруға барлық қабілет-қарымын жұмсап келеді.
Қорыта айтқанда, біздің осындай орталық құрудағы мақсатымыз – аутизмі бар ерекше балалардың өмірдегі ауыртпалықтарын, қарлығаштың қанатымен су сепкендей, сәл де болса жеңілдетуге үлес қосу.
Айнұр СОЛОТОВА,
көпбалалы ана
НҰР-СҰЛТАН