Турнирді өткізуге Қазақстан Республикасы Бильярд спорты федерациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов мұрындық болды. Спорттық іс-шараға жанкүйерлер қызығушылық танытып, көптеп жиналды. Ең алдымен, федерация басшысы Серік Қасымбекұлы сөз алып, Қабдеш аға туралы естелік айтты.
– Бұдан үш жыл бұрын Зайсанда Баймұрат батырға ескерткіш ашылғанда жазушы ағамыз ерекше қуанып, аудан тұрғындарын құттықтаған болатын. Алдағы уақытта турнирді республикалық деңгейге көтеру ойда бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының бос уақыттарын мәнді өткізіп, денсаулықтарының мықты болуы үшін бұқаралық спортпен тұрақты шұғылдануына назар аудару қажеттігін айтқаны белгілі. Бильярд спорты адамдардың тез шешім қабылдап, ми қабілетін арттыруына ықпал жасайды. Қазіргі кезде бильярд спортымен өңірде мыңға жуық адам шұғылданады, – деді федерация басшысы.
Сөз кезегі Алматыдан ат терлетіп келген Қабдеш ағаның жақын досы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықовқа берілді. Ұлықпан Есілханұлы турнирді өткізуге мұрындық болған федерация басшысына, ел азаматтарына алғысын білдірді. Алдағы уақытта миллиондар ұнататын спорт түрінің ауқымы кеңейетініне сенім білдірді.
Турнир бәсекелері он сағатқа созылды. Уақыттың қалай өткенін білмей де қалдық. Арасында жиналғандар Қабаң туралы естеліктер айтты. Ән шырқалып, өлең оқылды. Ал тұңғыш рет өткізілген турнир қорытындысында Жанболат Сейітқазин жеңімпаз атанды. Оған федерация президенті Серік Қасымбекұлы арнайы диплом мен Алғысхат тапсырды. Екінші орынға Рүстем Қыдырбаев, екі үшінші орынға Ринат Алимов пен Владислав Цой ие болды. Олар да дипломмен марапатталды. Түсіпхан Түсіпбеков «Жеңіске деген жігері үшін», ал Қайрат Әділбеков «Әдіскерліктің жоғары деңгейі үшін» белгісімен аталып өтті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қызметкері
ӨСКЕМЕН