Ендігі жерде бұл бағыттағы заңдардың қабылданып, жүйелі жүзеге асуы маңызды. Жыл соңына дейін конституциялық заңдар, өзге де заң тармақтары толығымен қабылданып, жаңа көзқараспен жаңа белестерді бағындыруға ұмтылуымыз керек.
Сайлау жүйесін жаңғыртудың бүгінге маңызы зор. Жасыратыны жоқ, халық сайлауға селқос қарайды. Әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалды (партия атынан), 30 пайызы мажоритарлық негізде жасақталады. Демек үміткердің қандай да бір партияда болуы маңызды емес. Тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауына да аралас үлгі енгізілді. Аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшті. Яғни әр депутат тікелей сайланады. Бұл бәсекелі саяси орта қалыптастыру үшін маңызды. Ендігі жерде ел алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылады.
Тағы бір маңызды мәселе – сот жүйесінің жаңғыртылуы. Сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс. Мұндай іс-шаралар мен
бастамалар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Енді жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет.
Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз.
Серік АҚЫЛБАЕВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі