Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Олардың ойналу ерекшеліктері айтылды. Түсіндірілді. Балалар ойынының пайдасы туралы да зерттелді. Ұлттық спорт ойындары жөнінде де ізденістер баршылық. Ойынды педагогикалық және психологиялық таным тұрғысынан пайдалану да бар. Ойынның әдет-ғұрып, салт-санамен байланысын барлау да кездеседі. Сол ізденістер нәтижесінде дүниеге келген зерттеулердегі басым бағыт – ойынды тәжірибелік таным тұрғысынан бағалау болғаны рас. Ендігі кезекте біз ұлттық ойынтанудың теориялық тұғырын нықтап, негізін бекемдеуіміз керек.
Бұл бағыттағы іргелі ізденістер енді басталды. Соның бір айғағы – К.Матыжановтың зерттеуі (Матыжанов К. Ойын өмір. Кіт.: Ұлы дала ойындары, Алматы: Ғылым, 2022). Ғалым онда тұңғыш рет қазақша «ойынтану» терминін ғылыми айналымға қосады да әлемдік ғылымдағы ойынтану тарихына шолу жасай келе теориялық негіздеріне мән береді, әдістемелік қағидаттарына көңіл аударады. Ұлттық ойындарды зерттеудің жаңа концепциясын ұсынады. Ғалым ойын туралы ғылыми танымның әлемдік тамырынан тартып, бүгінгі көкжиегіне дейін көктей барлап шығады. Ол ойынның табиғатына тән ерекшеліктерді қазақ ғалымдары ішінде алғаш рет алға тартады. Ойындарды жанрларға, түрлерге, топтарға бөлудің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, жалпы, ұлттық ойындарды ірі-ірі топтарға бөледі. Сөйтіп, ғалым К.Матыжанов бұл зерттеуінде қазақ ойындарын ғылыми таным теориясы қағидаттары бойынша зерттеудің әдістемелік негізін қалап береді.
Осы бастауларға үн қосқан кейінгі зерттеулерде қазіргі ғылымдағы синергетикалық әдіспен лингвистика, фольклор, этнография, археология, тарих, психология, әлеуметтану бағыттары бойынша ойынға барлау жасалды. Әлбетте, болашақта ойынды аталған ғылым салаларының әрқайсысының теориялық негіздері бойынша жеке қарастырған әлдеқайда тиянақты болары хақ. Ендігі кезекте академик С.Қасқабасов зерттеуіндегі «мифтік уақыт пен мифтік сана; мифтік ұғым мен мифологиялық ойлау» ұлттық ойындарда қаншалықты орын алады деген сұраққа жауап іздеу де қызықты. Й.Хейзинганың ойын мен поэзияның өзара байланысын екшей келе: «эпос бұқараның алдында айтылудан қалған кезде, тек оқуға ғана арналады да ойынмен астасуы жоғала бастайды» [Хейзинга Йохан. Homa Ludens, В тени завтрашнего дня. М., 1992, стр. 165.] дегенінің қазақ эпосына қатыстылығы қаншалықты деген сауал төңірегінде ойлану да керек секілді. Шындығында, ХХ ғасырдың басында өмірден өткен әрі ақын, әрі жыршы, әрі күйші Бөлтірік Атыханұлы жыр басталарда күй тартады, аздан соң күйін жырға жалғастырады, жырын термеге сабақтастырып, қайта күйге ауысу барысында бір орнында отыра алмай малдас құрған күйі төрден босағаға, босағадан төрге жорғалап кетеді екен. Яғни оның жыр айту, күй тарту мәнері ойын секілді өткен. Осылай эпосты айтудың өзін ойынға айналдыру арқылы көрермені мен тыңдаушысын қызықтыра білген жыршылар тәжірибесі ойынтану қағидаттары арқылы таразыланса құба-құп. Осы сұраққа жауап іздей отырып, бұрынғы фольклор мен бүгінгі фольклордың ойынмен сабақтастығын ажырату да пайдалы. Күй демекші, күй – музыкалық шығарма. Осы шығарманы тыңдаушының назарына ұсынып отырған күйшінің орындауы ойын секілді көрініс беретін кездері бар. Қырғыздың комузшылары аспапты аударып-төңкеріп, бірде алдына, енді бірде иыққа, келесі кезекте аяқтың ұшына қойып, мың құбылта тарту – әлбетте ойындық көрініс. Демек ойын мен музыка арасындағы байланысты бағамдау да ойынтану ғылымы үшін тартымды тақырып. Телевизиялық ойындардың өзі арнайы зерттеуді қажет етеді. Қазіргі ақпараттық технология қарыштаған замандағы электронды құрылғыларда бар ойындардың ұлттық таным безбені арқылы таразылануы қажет-ақ.
Ұлттық ойын философиясын және психологиясын арнайы зерттеу арқылы да халықтық болмысымыздың табиғатын тереңірек таныр едік. Ойынның адамды жан-жақты жетілдіру, жан дүниесіндегі сұраныстарды қанағаттандыру, физиологиялық және психологиялық шығындарының орнын толтыру мүмкіндіктерін де қарастырған ләзім. Әлемде ойын зерттеушілер педагогика және психология бағытында ойын концепциясының бірнеше теориясын ұсынды [Рубенштейн С.Л. Основы общей психологии. – Санкт-Петербург: издательство «Питер», 2000. Стр.58]. Гросс тұжырған «түйсіктілік теориясы» ойынның адам болмысын жетілдіру қызметіне байланысты өрбіген. Бұл назария негізінде ойын адамның алдағы өмір сүру үдерісіне дайындық есебінде қаралады. Яғни бала ойын арқылы жаңа жағдайға бейімделеді, білмеген нәрсесін біледі, тіршілік ету машықтарын үйрене жүріп жетіледі. Есейгеннен кейін ол ойнауды мүлдем қойып кетпейді, жаңа түрлерін меңгереді, сөйтіп, ойын оның өмірлік тыныс-тіршілігін, қызметін толықтыратын құндылыққа айналады. Ұлттық ойындардың табиғатын осы теория бойынша да зерттеген еңбек керек-ақ. Ойынның Карл Бюлер қорытқан «қанағаттылық теориясы» да ұлттық құндылықтар мен таным-түйсіктер таразысы арқылы зерделенсе, құба-құп.
Ал енді Фридрих Шиллер идеяларының ықпалымен Спенсер Герберт жасаған «өтемелдік теориясы» ойынды адам бойындағы күнделікті тіршілікте пайдаланылмаған күш-қуаттан арылтатын және оның орнын өтейтін құрал ретінде қарастырады. Ойынның осы қызметі – қазақ ойынтану ғылымында қарастырылмаған тың тақырып. Әлбетте, қазақ ойынтану ғылымы ойынның оқытарлық, дамытарлық, емдерлік қызметтерін әлі де зерттейтіні анық.
Ойынтану Еуропада ерте қанат жайған ғылым болған соң біз олардың теориялық және тәжірибелік қорытындыларына назар аудармай тұра алмаймыз. Бірақ бізге батыстық теорияларды өзіміздің ұлттық таным таразысына салып барып пайдаланғанымыз ұтымды болмақ. Кейде еуропалық ойынтану өлшемдері біздің ұлттық таным мен талғам таразысына сәйкес келмей жатады, кейде еуропалық таразы біздің ұлттық құндылықтарымызды өлшеуге қауқарсыздық танытады. Сондықтан ұлттық ойындарды алдымен ұлттық таным қалыптарымен өлшеген дұрыс болмақ.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты