Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2022

Батыл шешімдерге толы бағдарламалық құжат

2851 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ең алдымен ойға келген жайт, Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл жасаған қос Жолдауының арасында бір диалектикалық байланыс бар. Сондықтан да күзгі Жолдау көктемгі Жолдаудың заңды жалғасы деп айтуға әбден болады. Өйткені жыл басындағы Жолдау ел өміріне ауадай қажет саяси шешімдер мен жаңа мемлекеттік құрылымның схемасын белгілей алуымен есте қалса, қазіргі Жолдауда негізінен елдің экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне көбірек көңіл бөлінді. Президент өз саясатының айқын әрі ойының қашанда жүйелі екенін тағы да дәлелдеп берді. Мұның өзі оның сындарлы саясаты дұрыс жолға құрылғанын айғақтайды.

Батыл шешімдерге толы бағдарламалық құжат

Президент конституциялық реформа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғанына тоқтала келіп, еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс екенін қадап айтты. Осы орайда «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қаты­­насты түбегейлі өзгертудің алғы­шарт­­­тарын анықтап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мемлекеттік саяси фор­муланың ең басты бес бағдары бойынша алдағы уақытта атқарылуға тиіс кесек мәселелерге кеңінен тоқталды.

Меніңше, ең басты  бағдар «Жаңа экономикалық саясатқа» арналды. Әлі де шикізатқа тәуелді, өнімділігі төмен, инновациясы жеткіліксіз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білетін Президент барлық күрделі мәселелерді  шешудің нақты жолдары макроэкономикалық тұрақтылықты қам­тамасыз етуде, экономиканы әртарап­тандыру мен цифрландыруда, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, сондай-ақ заң үстемдігін орнықтыруда жатқанын саралап берді. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағ­дары­мыздың басты басымдығы мемле­кеттік капитализмнен, басқаша кестелесек, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуда жат­қаны­на акцент жасады.  Осы орайда эко­но­микада бәсекелестікті дамыту, бәріне бірдей мүмкіндік беру және ұлттық табысты әділ бөлу мәселелерін де кесіп айтқаны көңілге үлкен сенім ұялатты.

Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы баға белгілеу ісіне мемлекет ара­ласудан бас тартатынын, бірақ монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болатынын тағы да ескертті. Осы орайда монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвес­тиция салуды қамтамасыз ету ара­сында тепе-теңдікті сақтаудың да  маңыздылығына айрықша тоқталды.

Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажеттігіне, фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексін әзірлеу керектігіне, салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына,  кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға, еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көр­сетуге көңіл бөле отырып, мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керектігін Үкіметке тапсырды.

Сонымен қатар бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басу үшін Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітілетін болды. Президент елімізде несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отырғанын да тілге тиек етті.  Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін қарастырудың да күн тәртібінде өткір тұрғаны рас. Осы кесек мәселелерді де Жолдауда ерекше айтып өткен Мемлекет басшысы аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетініне назар аударды.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Жолдауда екінші бағдар нақты секторды дамытуға арналды. Бұл бөлімде де Президент көптеген өзекті мәселелерге егжей-тегжей тоқталды. Жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету мәселесін айрықша көтергені көңілден шықты. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. Қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отырған Қазақстанның транзиттік қуатын арттыру мәселесі де Жолдауда дұрыс қамтылды. Президент «Қазақстан темір жолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылатынын жеткізді.

Ұлттық экономика құрылымындағы құрылыс секторына ерекше назар аударып отырған Мемлекет басшысы Үкімет­ке Қала құрылысы кодексін қабылдауды тап­сырды. Енді әрбір қаланың жер телім­дері мен коммуналдық желілердің схе­масы көрсетілген функционалды инте­р­ак­­­тивті картасы жасалатын болады.

Президент еліміздің ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру мәселесін стратегиялық міндет етіп қойды. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуі керек екенін ескертті. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап шаруалар аңса­ғандай жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін жерге қатысты халықтың табысын арттыратын нақты шешімдер қабылдауы қажет.

Мемлекет басшысы ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына да аса ерекше көңіл аударды. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын айтқан Президент сырттан келетін судың азайып бара жатқанын, жер үсті және жер асты суларын кеңінен пай­да­лану керектігін, бар судың өзін тиім­сіз пайдалану жағдайды одан әрі ушық­тырып отырғанын, бұл салада  инфра­құрылымның әбден тозғанын және авто­маттандыру мен цифрландыру дең­гейі өте төмен екенін жеткізді: «Бұл мәсе­лелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді, тәжірибелі сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн». Мемлекет басшысы су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуді Үкіметке жүктеді.

«Ел болашағына арналған стратегия­лық инвестиция» деп аталатын үшінші бағдарда еліміздің басты құндылығы адам екенін астын сызып айтқан Президенттің ойлары мен тұжырымдары да көңілден шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның басты мақсаты ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру екенін тілге тиек етті. Ол ең төменгі жалақы деңгейінің 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтерілетінін, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыратынын жеткізді. Сонымен қатар Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды: «Жинақ­талған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады».

Президент өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету  мемлекеті­міз­дің басты міндетінің бірі екенін айта келе еңбекпен қамтитын түрлі шара­лар арқылы келесі жылы 100 мың жас­қа жұмыс беру керектігін тиісті атқару­шы органдарға тапсырды. Осылай­ша, жас­тардың кәсіпкерлік бастамалары­на қол­дау көрсетіле бермекші. Оларға жеңіл­детіл­ген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Жолдауда белгіленген бес бағдардың тағы екеуін Президент мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту мен заң және тәртіп мәселесіне арнады. Бұл жердегі ең басты мәселе – Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажеттігіне жүгініп отырған Мемлекет басшысының бұл шешімі – оңай шешім емес. Бірақ мемлекет мүддесін бәрінен де биік қоятын Қасым-Жомарт Кемелұлы өкілеттік мерзімін қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ ол Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді, оған қоса қайта сайлануға тыйым салуды ұсынды. Шын мәнінде бұл конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтатыны даусыз.

Ел тағдырын өз тағдырынан да көбірек ойлайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл батыл шешімі халықтан қолдау табатыны даусыз.

Қорыта келгенде, Мемлекет басшысы өзінің негізгі ұстанымдары заңдылық, бірлік, адалдық, жауапкершілік, еңбек­қорлық, халықтың сенімін ақтау екенін шегелеп айтқаны да Жолдаудың құнды­лығын арттыра түсті деп санаймын.

 

Бердібек САПАРБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері