Жаңа әлемдік сын-қатерлер, геосаяси ахуал, сыртқы әсерден туындаған күрделі экономикалық құбылыстар ел экономикасына әсер етіп жатқан уақытта қабылданған стратегиялық құжатта Мемлекет басшысы қоғамда орын алған барлық түйткілді мұқият талдап қана қоймай, шұғыл шешу жолдарын ұсынды. Бұл – ең алдымен халқымыздың өмір сапасының жақсаруына, балаларымыздың білім алуы мен жастар кәсіпкерлігін нығайтуға бағытталған мақсатты жұмыстар.
Жолдауда ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамту жобасы нақты айтылды. Алдағы жылдары 650 елді мекенде медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынады. Соның арқасында ауылда дәрігерлік көмек сапасы жақсармақ. Назар аударарлық жайт, Жолдауда айтылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Ендігі жерде Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтаушы шоттарына аударылмақшы. Осы арқылы жастар болашағына жол ашамыз. Бұл – ертеңін ойлайтын жұрттың қадамы.
Ел Президентінің тағы бір маңызды шешімі – алдағы жылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу. Жаңа қатынастар жағдайында азаматтардың кең топтарының мүддесін қорғайтын және мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттыратын Парламент құрамын жаңарту өте маңызды. Ел дамуының жақын арадағы бағыттарын айқындайтын Жолдауда көрсетілген бағыттарды асқан жауапкершілікпен іске асыру ел азаматтары үшін сын екенін, ол үшін бірлігімізді бекемдеп, халқымыздың әл-ауқатының артуы үшін аянбай жұмыс істеуіміз қажет екендігін баса айтқым келеді.
Амангелді НҰҒМАНОВ,
Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы