Президент өз Жолдауында биыл күзде кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды. Осы орайда Марат Шибұтов сайлауды мерзімінен бұрын өткізу себептеріне тоқталып, өткізу кезеңдерін түсіндірді. Саясаттанушының айтуынша, сайлауды күзде өткізу – Президенттің өз мандатын нақтылаудан, яғни азаматтардың сенімінен туған ұсыныс. Сонымен қатар бұл ұсыныс «Президент лауазымының маңызын түбегейлі өзгертумен қатар, суперпрезиденттік республикадан қарапайым президенттік-парламенттік, бәлкім парламенттік республикаға өтетін үлкен кезеңнің бір бөлшегі де болуы мүмкін», деген ойын білдірді.
Жиын барысында Қазақстанның ұйғыр жастары одағының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев «алдағы жылы елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардағы қуатты қайта жаңғырулар күтіп тұр», деп атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге ел болып қолдау көрсету керек. «Президент Қ.Тоқаев айтқандай, «Әділетті Қазақстан құру енді ғана басталды». Ол осы жылдың күзінде Президент сайлауын кезектен тыс өткізуді және Президенттің өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жыл мерзіммен шектеуді ұсынды. Өз басым бұл ұсынысты, сондай-ақ оның ашық бәсекелестік пен барлығына тең мүмкіндіктерге ұмтылуын, Қазақстанда жұмыс істейтін Парламент пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа тетіктерін қолдаймын», дейді Р.Қайрыев. Осы орайда ол Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына ұстау туралы ұсынысқа ерекше тоқталып: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – болашақ ұрпаққа қамқорлық. Кәмелеттік жасқа жеткенде ата-аналар білім беру, баспанамен қамту сияқты көптеген мәселемен бетпе-бет келеді. Сол кезде бұл жинақтың үлкен септігі тиеді», деп атап өтті. Сондай-ақ ол нашақорлықпен күрестің жалпыұлттық сипат алуы қажеттігін айтып, әсіресе синтетикалық есірткі мәселесіне назар аударып, еріктілер, жоғары сынып оқушылары арасында үгіт-насихат, ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігіне тоқталды.
Ал «Adanaz» ЖШС директоры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Сана Жандай экономика, денсаулық сақтау, білім беру, саясат, еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты пікір білдіріп, әйелдердің 61 жаста зейнетке шығуы және бала күтіміне сәйкес жаңашылдықтың көптеген отбасы үшін үлкен қолдау екенін атап өтті.
АЛМАТЫ