Атап айтсақ, Үкімет денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарайды; екі жылда еліміздегі 650 елді мекенде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімше салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі; медициналық жоғары оқу орындарының әлеуетін пайдалану кеңейтіледі, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді; балабақшамен қамтамасыз ету мәселесінің түпкілікті шешілуі; тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесінің артып, жалақысы көбеюі, үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешу туралы тапсырмалар еліміздегі әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ең төменгі жалақы деңгейін көтеру туралы, зейнетақының өсуіне, әйелдердің зейнет жасын азайтуға байланысты және бала күтімі мерзімін ұзарту туралы шешімдер де халықтың, ең алдымен, әйелдер табысының ұлғаюына тікелей әсер етпек. Бұл мәселелер Қазақстан Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның күн тәртібінде тұрғанын, тұжырымды талқылаулар мен сапалы ұсыныстар айтылғанын да атап өту керек.
Ұлттық қорға түскен қаражаттың игілігін балаларымыз тікелей көретіні туралы бастама, жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысының мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс деген Президент бастамалары – еліміздің әлеуметтік әділеттілік орнатуына бағыт алуының айшықты көрінісі.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде бұрын-соңды болмаған, Ұлттық қордан балалар алатын қаражат туралы бастаманы айта кету керек. Ең бастысы, Президент тұжырымдамалық түрде Ұлттық қордың табысы халыққа тікелей баратын механизмді ұсынды.
Жолдау – Әділетті Қазақстанды құрудың экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының болашақ жүйесі, маусымда өткен референдумда халық қолдаған конституциялық өзгерістерді нақты іске асыру бағдарын айқындады.
Президенттің пікірімен айтсақ, «Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ». Өйткені қазіргідей мемлекетіміз үшін тағдыршешті кезеңде, «мүмкіндіктер дәлізі» ашылған сәтте әрқайсысымыз бар күш-жігеріміз бен қуатымызды халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның алға басуына, адам капиталын дамытуға, жастарымыздың жарқырап өсуіне бағытталған реформалардың сапалы өтуіне үлес қосуымыз аса маңызды факторлардың бірі болмақ.
Осы жылдың соңына дейін конституциялық жаңашылдықтар негізінен заңнамаға енгізіледі. Парламент депутаттарының қазіргі мақсаты Мемлекет басшысы қойған бастамаларды заңнамалық негізде енгізуге бағытталып отыр. Референдумда қабылданған құндылықтар тиісті заңдар шеңберінде толыққанды қызмет еткенде ғана қоғамдық қатынастардың жаңаруының жүзеге асу процесі басталмақ.
«Саясаткерлер алдағы сайлау науқаны туралы, ал тұлғалар елінің келешегі туралы ойлайды», деген сөз бар. Президент Қ.Тоқаев қазақ елінің, Қазақстанның алдағы ауқымды кезеңдегі жаңару, жаңғыру процесіне бастамашылық жасап отыр, ал осы бастамаларды қолдау, жүзеге асыру үшін еңбек ету әрқайсысымызға сын және жауапкершілік.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН,
Сенат депутаты