Руханият • 05 Қыркүйек, 2022

Ғасыр үнін жеткізген

2444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кезінде республикаға ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге дейін танылып, ұлт өнерін асқақтатып, ел ме­рейін өсірген айтулы өнер ұжымының бірі – 1974 жылы бұрынғы Торғай облысы филармониясы жанынан құрылған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі. Оның құрылуына сол жылдары жаңадан ашылған облыста партия комитетінің үшінші хатшысы болып жауапты қызмет атқарған халқымыздың ардақты азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков тікелей қолдау көрсетті.

Ғасыр үнін жеткізген

Қарт Торғай өңірінде «Шер­тер» десе елең етпейтін жан жоқ. Әсіресе жасы келген үлкен кісілер бірегей ұжым, онда өнер көрсеткен әншілер туралы там­санып айтады. Алғашқы құ­рылғаннан ансамбль сырнай, қамыс сырнай, шаңқо­быз, асатаяқ, тұяқтас, қобыз секілді халқымыздың көне музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртуды мұрат тұтты. Әрине, ансамбль атауына ие болған көне шекті музы­калық «Шертер» аспабы басты аспап саналды.

Негізінен, «Шертер» фольк­­лорлық-этнографиялық ан­сам­блінің іргетасын 1971 жы­лы «Торғай әуендері» атты эстра­да­­лық ансамблін құрған өнерлі жас­тар қалады. Алғашқыда оның негізгі құрамына – Қайыржан Мақанов, Қыпшақ Қойғарин, Қазымгүл Бозанова, Айжан Настаева секілді дарынды өнер иелері алынды. Одан кейін өнер ұжымы Жақсылық Қазықанов, Сапарғали Қодаров, Тойған Ізім, Шотпай Жолдасбеков, Сайлау Ордабаев, Отаркүл Мұқатова, Әбжан Сәрсенбаев, Кеңес Бір­ма­ғамбетова, Ғалымжан Құр­манов, Дариға Құрманова, Мол­даш Файзуллин, Тұрсынбек Әлма­ғамбетов, Жақсыгүл Бөлтірікова, Мейрамғали Жұмабаев, Жа­рыл­қасын Әбілтаев және т.б. талантты жастармен толығып, ансамбльдің арнасы кеңейіп, репертуары ұлттық нақышқа бай ән-күй, би, терме және монолог, көркем сөз оқу секілді түрлі жанрлармен жандана түсті. Бастапқы кезде өнер ұжымы облыстың Амангелді, Жангелдин, Есіл, Жақсы, Қима, Жарқайың секілді аудандарына гастрольдік сапармен шығып, жергілікті халықтың ықыласына бөленді.

Белгілі биші, педагог, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім «Шертерді» халық жақсы көргендігін айтады.

«Қазірде фольклорлық ансамбльдер жетерлік, бірақ олардан шыққан бөгде дыбыстар мен металдың үні құлақ жарады. «Шертерде» ондай артық ды­быс болған емес. Таза музыка­лық аспаптардың үні естілетін. Өнерпаздар ұрмалы аспап­та­ғы ырғақты ұстап, сүйемелдеп отыратын. Ансамбльдің репер­туары да бай болды. Оны Өзбекәлі ағаның өзі қадағалады. Әсіресе ол кісі халық ән-күйі мен жергілікті өңірге арналған туындыларды айтуға мән бер­ді. Мысалы, Қазымгүл Боза­нова «Ағажан-Ләтипа», «Ар­қалықтың ақ таңы», «Қыз қуу» деген әндерді шырқағанда кө­рермендер орнынан тұрып кететін. «Шертерде» алғашында Сапарғали деген жігіттен басқа музыкант болмады. Сонда да қарап қалған жоқпыз. Өзағаң Амангелді ауданынан қобызшы Сапар Әбенов ағамыз­ды алдырды. Жангелдин ауданынан Шотбай Жолдасбаевты та­уып алып, оған концерт жүргі­зіп, сатириктердің скетчін оқытты. Ауылдарды жиі аралаймыз. Ансамбль құрамындағы жалғыз биші болғандықтан, бір концертте сахнаға 8-9 рет шығамын. Ел адамдары бізді құрақ ұшып қарсы алып, жаны қалмай күтеді. Ән-күйімізді ұйып тыңдайды. Осылай «Шертердің» аты Тор­ғайға ғана емес, Қазақстанға танылды» дейді ол кісі өткен күндерден сыр шертіп.

Жалпы, «Шертердің» даңқы Қазақстанға ғана емес, басқа да елдерге кең танымал болуы­на Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз зор үлес қосты. Ол кісі ансамбльдің репертуарынан бастап, әртіс­тердің киіміне дейін маңыз бе­ріп, әрбір репертуарды сараптап отырды. Өнерпаздар көне музыкалық аспаптарды шебер меңгеріп, оның тарихын терең білу үшін белгілі музыкатанушы Болат Сыбановты шақырып, дәріс өткізді. Тіпті Мәскеуден танымал хореограф Ольга Всево­лодская-Галушкевичті арнайы алдырып, қазақ би өнерін зерттеп, оны дамытуға жағдай жасады.

1974 жылы сол кездегі елі­міздің бас қаласы – Алматыда Торғай облысының күндері өтіп, соның аясында өнер көрсеткен «Шертер» ансамблін көруге келген жұртшылықтың қарасы көп болып, «Қазақконцерт» залында ине шаншар орын болмаған деседі. Содан бастап арқалы ансамбльдің аты шығып, рес­публиканың барлық өңірін аралап, көрермендерінің риза­шы­лығына бөленді. Бұдан бөлек, Ресей, Үндістан, Иран, Польша, Болгария, Вьетнам, Корея, Фи­липпин, Жапония секілді шет мем­лекеттерге гастрольдік сапармен барып, солардың сахнасында халқымыздың көне музы­калық аспаптарының үнін жаң­ғыртып, ұлт өнерін асқақтатты.

Бір сөзбен айтқанда, ұлты­мыздың ұлы перзенті, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев кезінде «Шертердің» өнеріне тәнті болып, оны «Қазақстандағы фолькорлық-этнографиялық ан­самбльдердің әкесі» деп баға­лапты. Қазақтың көне музы­ка­лық аспаптары арқылы ғасыр үнін жеткізіп, даңқы біраз елге жайылған бірегей өнер ұжымына бұдан артық баға да жоқ секілді...