Ахмет Байтұрсынұлы • 05 Қыркүйек, 2022

Атекем-ау!

14586 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

...Тұлымшағы желбіреп, көңілі әлденеге елжіреп, есік алдынан анадай еңіске, топтана бері бет түзеген аттылы адамдарға қарай ызғыта жөнелген кішкене қыз өз аяғына шалынып, жер сүзе мұрттай ұшты. Азанда Қызбел ауылын дүрліктіре жосыған «Міржақып көп адаммен келе жатыр екен»,  деген хабарды құлағы шалып қалған төрт жасар Гүлнәр еді бұл. Осы ауылға қайтып оралмақ боп әкесі Міржақып, біраз күн бұрын Атбасар асып кетіп еді...

Атекем-ау!

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауыл сыртында шоғырланып, қонақ­тарды күтуге сайланып тұрған біраз адам ішінде Ботагөз апасы да бар еді, Гүлнәрінің бір жері майып болмады ма деп, зыр жүгіріп қасына ұшып жетіп, ұшықтап көтеріп, үсті-басының шаңын қаққылай бастады:

– Мұның не, құлыншағым!

– Ахмет атекемді бірге қарсы аламыз деген өзің емессің бе? Мені тастап кетіп... – Өкіріп жі­­-
­б­ер­мек боп жұтқыншағын ойната, аузын лоқси кере түсіп, кілт тиылды. – Қандай кісі ол? Көрсет маған! Ахмет деген кім? Папам­ның досы ма? Көрсет, қазір!

Сол-ақ екен, аттылар күтіскен топқа жанаса кеп, сәлем алып, барша­сы қауқылдаса қауышып, ішіндегі Мір­жақып көзін таңдана алайтып жіберіп, қызын жерден көтеріп алды да:

– Бұл есімін өзіңізге сырттай қа­нық еткен Гүлнәрім ғой, – деп, ат үстін­дегі Ахмет ағасының қолына жеңіл қақпақылдай қойды.

– Үлкейіп қалыпты ғой өзі, нағыз ізбасарың болады екен, – деп Ахмет сәбидің бетінен үңіле иіскеп, құшағына сәл қысты да әкесіне кері ұмсынды.

– Менің атым Гүлнәр, – деп тақ ете қалды сонда Ахмет атасының құшағынан босағысы келмей тыпырлаған сәби. – Мен білем, сені, папам айтқан... Әйдік жақсы көрем, өзіңді!

– Ал мен ше, әкеңдей сүйі­нішпен, ыстық көрем сені!

 Бойшаң, ақсары өңді, көрікті А­х­меттің қомақты келген мұрны­на сал­ған пенснесінің қара жібек бауы оң жақ төсқалтасына, орай шалған түбіт шалмасының астына жасырынған екен, Гүлнәр соны ұстағысы келіп ұмтыл­ғанымен, әкесі атын тебініп қалып, сәл оза түсті де, Ахаң ағасына жымия көзін қысып қойды.

– Гүлнәрің болғалы тұр екен! – деген Ахмет кеуілдене жайнаң етіп, сылаң жорғасымен қапталдаса, тайпалта сырғытты.

* * *

– Ата, атеке!

– Туу, айналайын-ай, ата, атеке деген мейірімді сөздерді сенен алғаш естідім-ау! – деп Әлихан Бөкейхан атасы, жүзін кекселеу етіп көрсететін қою мұр­тын бір сипап, Ахметтің оң тізесінде оты­рып, қос қолын ұсына талпынған Гүл­нәрді өзіне икемдеп шақырды.

Гүлнәр Ахмет атасының оң тізесінен лып етіп ырғып түсті де екі-үш қадам жерде отырған Әлихан атасының қойны­на қойып кетті.

– Айналайын, сол! – деп Гүлнәрдің селкілдеген тұлым­шағынан, маңдайынан иіскелеген атасы мауқын басқандай боп, аса жадырап, шаттана күлімсіреді. – Айт­шы, Гүлнәртайым, Ахмет атаң екеуміз сені қалай жақсы көріп, еркеле­тіміз, осы? Сәби ойын сезіп-білмекке деген астарлы сөзін Ахметке қарап көзін қысыңқырап аяқтады.

– Иә, айта ғой, – деп Ахмет те оны жауапқа жетелей түсті.

Гүлнәр еш сұраққа тосылмайтын. Әке-шешесімен еркін, ойнақы, қысыл­май сөйлесіп, ойын ашық айтуға ысылып қалған кейіппен, бұл жолы да тақ-тақ еткізіп шұбыртып жіберді:

– Мені Әлихан атекем маң­дайым­нан иіскелеп жақсы көреді, көп-көп ерке­летеді, бірақ тікенек мұртының піспе­гінен қорқам, – деп екеуін де ду күлдіріп алды да, Ахмет атасына көз қиығын сала сөзін әрі жалғады. – Ал Ахмет атекем қос бетімнен шөпілдетіп сүйіп алып, өлердей жақсы көреді!

Қос тұлғаның немере сүймеген кез­дері ғой, «атекелеген» тәтті сөзді алғаш рет осы Гүлнәрдің аузынан естігенде де жандары шырайланып, шалқып-та­сып, мәз болысқан еді. Міне, тағы масай­рап, ауыр ойдан арашаланып, кеуіл­дері көтеріліп отырған жайы бар. Ұлт тағдырын қыз­ғыштай қоритын алапат ауыс-түйіс кезеңде осылай жүйке тынық­тырып, ой сергітпектің де қажеттігіне көңіл сеніп қана емес, өздерін ұмыта «бала боп» кеткендіктеріне іштей түлеп, ширығысқандарын қайтерсіз. Мына қарашы, кішкене жүрек «өлердей жақсы көреді» деп сүйіспеншіліктің өзін жікке бөліп тұр-ау! Ахмет сәби сарабының тереңдігіне тәнті болып, бұл сөздің қадірін оның өз аузынан естімекке құмартты да:

– Гүлнәр балам, сені Әлихан атаң да мен секілді алаламай, тең жақсы көреді ғой, «өлердей жақсы көреді» деп, маған қарата айттың. Сонда екі атаңның жақсы көруінде айырмашылық бар деп ойлайсың ба?

Гүлнәр көзін бақырайта ашып:

– Иә, ойлаймын! – деп салсын тікесінен.

– Не себептен? Қалай? – Ахмет кәдім­гідей абдырап, тосыла күтті жауабын.

– Өйткені, өйткені... Сен, атекем, мені оң тізеңе отырғызып әңгіме айтып бересің ғой. – Жан-жағына алақтап Әли­­хан атасының көңілін жығып алмайын дегендей, сәл бөгеліп мырс етсін. – Бұл атекем, мені ылғи сол жақ тізесіне мінгізіп, әткеншек тепкізеді. Әңгі­месіне балбырап ұйықтап кетем.

Атекелері қосарланып, селкіл­дей күлісті.

– Ее-ее, мәніс қайда жатыр! Сүйіс­пеншілік пен жақсы көрудің де оң мен солы боларын осы бала бізге сыпайылап жеткізіп отырмаса не қылсын, бәтір-ау! – деп Әлихан күлкіден жасаураған көзін уқалап, Ахметке кәдімгідей ой тастай сөйлеп, бұрылды.

– Бала дейміз-ау!.. – Ахмет басын күлімсірей изеді...

Ал Гүлнәр тақылдауын қояр емес, Әлихан атасына үңіле қарап:

– Сенде бала бар ма? – деді де, осы сұрағын әлгіндегі ғана жадыраңқы қабағы кенет түсіп кеткен Ахмет атасына айнытпай қайталады.

Әлихан дегбірсізденіп, көзінің астымен Ахметке жанарын жүгір­те қойды... тілі күрмеліп, түнеріп кетіпті... Өзі болса, барын «бар» деп айтуға жүдә жүрексінді...

* * *

Гүлнәрдің жиырмаға жетер-жетпес шағы. Әкесі айдауда, өзі шешесімен септесіп, он жасар Әлібек інісін бағы­сып, күнелтісіп жүрген қиямет кезең. Мамыр таңы дүниені мамыражай күйге бөлеп, Алматыны ертегідей сылаң­да­тып тастағанымен, мөлдірлік те құбыл­ма­лы ғой. Табиғат тосын том­сар­ған алма­ғайып, ажарсыз бір күні Ала­таудан тү­не­ре түскен қара бұлт бұ­лар­дың боса­­ғасына қайғы шеңгелін сы­ғымдай салған.

Бетін жыртқан Ғайнижа­мал­­дың құйқа шымырлатар жан дауысы ауаны тілгілейді. «Айы­рылдым, айырылдым, жал­ғыз тұяқтан!» деп жүрек жыртқан зарымен жерге домалай түсіп, қобыраған шашын жұлымдайды. «Қой, Гүлнәрің бар, Алладан медет сұра соған!», деген басу сөздер құлағына жетер емес. Өршелене түседі, өрекпіп. Міржақыптың кіндігінен тараған Абылай, Ха­лида, Наурызбайлардың соңынан кеткен мына Әлібегін ататек жалғасына балап, бауыр етіндей көруші еді... «Кетті, кетті, Әлі­бегім! Жалғыз Гүлнәрім сау болсыншы!..» Дауысы қарлықты, ауа қармай алқына сыбырлады: «Міржақып-ау! Жүрегің үзіліп түспеді ме, не сезесің, сен? Бір сұмдықты елестетіп жатырсың ба? Әлібегің жоқ енді, жоқ енді!..»

Осы кезде есік алдына жиыл­ған Алма­тының өңкей бетке­ұстарлары әлдекімге жол беріп, сәлемдесе ығысқандай болып, дүрлігіңкіреп қалды. «Ахмет аға келе жатыр, мына қапталды ашыңдар, шегініңдер», деген ескертулерден қайғы бұлты тіптен қалыңдай түскендей болды. Жоқтау, айқай-ұйқай сәл сая­бырсып, әркім ішкі мұңға езіліп тұрды. Ғайнижамал да есін тез жиып, шашын жауып, орамалымен бетін сүрткіледі.

Ахмет баяу басып өзі Гая деп ерке­лететін сүйікті келінінің алдына келіп, бір тізесін бүге құшағына жеңіл тартып, босаған көңіліне ырық бере, қос иығын солқылдата еңкілдеп жылап жіберді. Былайғы адамдармен де жағалай қол беріп көріскеннен соң, Ғайнижамалға бұрылып қамыға сөйледі:

– Гая шырағым, қайғыңа ортақпын. Мезгілсіз солған гүл үзіліп түсті, Әлі­бек енді ортамыздан мәңгі кетті. Бәрі­міз­дің жанымызға қатты батып отыр, тағдырдың жазуына қарсы түсе алмай­сың, арты тек қайырлы болсын! – Қы­­зарған көзінің жасаураған етегіне ора­малының жиегін тигізе, дымқылын басып, сөзін жалғады. – Қалғандардың, Міржақыптың амандығын ті­лейік, ақырын сұра, ақырын сұра, сабыр ет. Баласының дүние салғанын Міржақыпқа естіртіп, жазбаңдар, өзі ауырып жүрге­нінде қиналар. Үміті үзілмесін, артымнан ерген ұл-қызым, сүйенішім бар деп жүрсін! Ал Гая қалқам, мықты бол, барлық салмақ енді өзіңе, мына Гүлнәр балама түседі! Міржақып үшін қайғыға езілмей, бекем болыңдар, еңселеріңді тіктеңдер! Келіп те қалар Міржақыбым! «Әділет қалмас жоқтаусыз, Міржақып қалмас ақтаусыз!» деп Файзолла қари айтпап па еді... Үмітті болайық!

Осы сөздерін ауыр ойдың жетегінде шырмалып отырып, жүрек күрсінісінен әзер суырт­пақтап жеткізген Ахмет төмен сырғыған пенснесін саусағымен нұқып көтеріп, анадай жердегі булыға жылап, бүрісе қалған Гүлнәрді көзімен іздеп тауып, қасына барып ошарыла жүреледі. Оның қос қолын уысына сыйдырып, саусақтарын салалап тұр­ды да, бетінен өпті. Баз баяғы кішкене кезіндегідей еміреніп сүйді.

Гүлнәр тас-түйін бекініп, тымы­райып алды да:

– Мен енді жыламаймын, Атеке! Ақырын сұраймын! Ендігі арманым – әкемді күту! – деп атасының мойнына оратыла кетті.

Ажал азғырынды деген сол, араға бес ай түскенде, «жыламайтын» Гүлнәрді тағдыр тағы талқысына салып еді. Сонау алыс Карелияның Сосновец лагерінде Міржақып әкесі көз жұмды. Елу жасына бір жарым ай жетер-жетпесте ұлтшыл жанның ұлы жүрегі тоқтады. Жыламақ түгілі, шешесі екеуі сұлап түсіп, естерінен айырылды...

Тағы сол, баяғы Әлібектің қазасына жиылған кілең жанашырлар, тіпті та­нымайтындардың да қарасы көп қайы­рылды. Орталарынан Ахмет бейнесі еңселеніп көрінеді. Үстіндегі киімі аса жұпынылау. Өңі бозарып, самайы ақ қылауланып, көзі шүңірейіп кеткен. Естері енді кірген Ғайнижамал мен Гүлнәрдің қасына келіп, иіле түсіп, ақырын басу айтты:

– Гая қарағым, Гүлнәр балам, сендер үлкен қазаның үстінде отырсыңдар! Әлібек қайтқанда, «ақырын сұра» деген едім, енді Міржақып інім өткенде не айтарымды білмей отырмын! – деп тамағын қысқан өксікке қақалып, басын төмен салбыратып жіберді. Осы кезде аянышты халдегі ұлы кісінің қиналғанын көріп, шыдас бермеген Гүлнәр:

– Атекем-ау! Біз де сізге көңіл айтамыз! Мықты болыңыз! – деп жанұшыра жалынып, бәйек қағып: «енді мен, әкемнің өмірімен өмір сүрем!»  – деді де орнынан тас-түйін атып тұрды.

* * *

Көз жасын көлдетіп, әл-дәр­мені құрыған Гүлнәрдің түн бала­сына ойына не келіп, не кет­пе­ді дерсіз. 1928 жылғы 29 жел­тоқсандағы Қызылорданың қа­қаған үскірігіндей табиғат пен адам жаны қоса жан алқымға алын­ған қыспақты еш зауалмен теңестіруге келмес. Сыртта дауыл суырып тұр. Үрейлі түн­нің түңлігін түргендей боп Мір­жа­қып, «үштіктің» күшімен қайы­рылған қолын қатты серпіп, Ғай­нижамал мен Гүлнәріне бұрылды да: «Біз әлі ораламыз!..» деп қора жақтан күңірене кісінеген Алакөз атына қарай атыла жетті...

«Біз әлі ораламыз!..» Сол түнгі өзегін тілгілеген қуатты дауыс құлағында үнемі жаңғырығып тұратындай еді. Ахмет атасымен соңғы бір қысылтаяң ұшырасқанда да әкесінің осы сөздері жүрегін тулатып жіберген. Атекесі еңсесін тіктеп: «Бару, қайту – пешенеңдегі іс!» деп әлденені жұмбақтау ғып, елеусіз айта салғандай болып, бетінен сүйген... Екі айдан соң, 1937-нің желтоқсанында атылып кетті! Қос арыстың да оралмақ үміті кесілді. Бірақ олар әулие екен, рухтары ораларын сезгендей екен.

Гүлнәр төсегіне тіктеліп отырды да су алғызып ішті. Іштегі жалын өртін ештеңе баспасын сезді. Қуаныш пен қайғыдан қатар сығымдалған жүрегі үзіліп, үзіліп ... әрең тірілетіндей. Тек «Ақталды! Ақталды!» деген өз дауы­сы ғана көңіліне медет. Мына қай­та­лаулардан жағы тал­­майтындай: «Ақ­талды – Шәкәрім Құдайбердіұлы!»; «Ақ­талды – Ахмет Байтұрсынұлы!»; «Ақталды – Жүсіпбек Аймауыт­ұлы!»; «Ақталды – Мағжан Жұма­байұлы!» Қуаныштан еңіреді! Қолқасын суырған бір сұрақты Тәңірге қойғандай боп аңыраған күйі қос қолымен көк сауды:

– Менің Міржақып әкем неге ақтал­мады, Құдайым-ау?! Неге осы арыста­рымның қатарында ақ­тал­мады?! Неге кешіктірді? Не жазып еді, қазағын оят­қаннан басқа?! Енді қайттім, айтың­дар­шы?! «Халық жауының қызы» боп көрге түсуден басқа не амалым қалды, Тәңірім-ау! Тәңірім-ау!..

* * *

1988 жылғы 4 қараша. Ше­лектеп жауған жауыннан мына Алатау өмірін­де тұңғыш рет жарқырап жуылып, шайылған шығар, бәлкім? Дәл осы ту­ған күнінде Гүлнәр Міржақыпқызы да сәбидей пәк күйінде осынау кірі аралас өмірге саф алтындай таза құймасымен қайта келгендей еді. Жүрегіндегі «Халық жауының қызы» қаралы жамылғысын мәңгілікке сыпырып тастап, қайта жара­тылғандай боп еді... «Тәубе, Ақталды – Міржақып Дулатұлы!»

«Біз әлі ораламыз!» деп еді әкесі, оралды бәрі! Гүлнәр енді жыламайды! Тай-таласса, Тағдырды жылатады!..

* * *

1991 жылдың маусым айы. Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының күндері өтіп жатыр. Қос арысқа әдеби-мемориалдық музей ашылып, жұрт енді ақ жамылғы астын­дағы кеуде мүсіндердің ажарын қызықтамақ болып ынтығулы. Міне, сыпырылды. Көтеріңкі, қуанышты дауыстар шапалақ тарсылын жұтып жіберді.

– Ахаң мен Жақаң!

– Пай-пай азаттық үшін жан қиған қос арыс!

– Ұлтының рухани көсемі Ахаң! Қаза­ғын оятқан Жақаң!

Қошемет сөздерден құлақ тұнады. Көптің ішіндегі Ахмет­тің бауырына бас­қан қызы Шолпан, Міржақыптың Гүл­нәрі, Жүсіпбектің Лизасы әдейі ұсын­ған, жан-жақтан лақтырылған гүл астында қалды.

– Бақыттан бас айналды деген осы шығар! – Шолпан Гүлнәрға әлсіз күлім­сіреді.

Гүлнәр әрең тіл қатты:

– Шолпан апа! Апа десем,өңім бе бұл, түсім бе?

Беті жаспен айғыздалған Лиза қосар­ла­нып: «өңің, өңің» дей берді де, шал­қалай талықсып кетті. Нығыздала лық­сыған халық оны сүйемелдеп қалды. Сәтте көзін ашып алған Лиза:

– Осы қызықты Мағжан ағам­ның Зылихасы көргенде ғой! – деп басын шайқады.

– Айтып едік, денсаулығы сыр берді ғой, – деп Гүлнәр дірілдеген иегін әрең басты. Сосын назарын қос бәйтерекке тіктеп, еріксіз кем­­сең­дей түсті. – Атекем-ау! Әкем-ау!

...Ахаң мен Жақаң Торғайдағы тас тұғырынан күллі қазаққа шапағатын шашып тұрғандай еді!

...98 жыл ғұмырында аузынан «Ате­кесі» бір түспеген Гүлнәр апай, Ахмет атасына деген сол сәби кезгі іңкәрліктің, сүйіспеншіліктің туын сәл еңкейтпей тік ұстап, дүниеден озып еді-ау!

 

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері