Пікір • 05 Қыркүйек, 2022

Агроәлеуетті арттыру маңызды

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда агроөнеркәсіп кешені үшін өте өзекті ұсыныстар айтты. Жалпы, ауыл шаруашылығындағы жағдай күрделі, маңызды мәселелер көп.

Агроәлеуетті арттыру маңызды

Ең негізгі проблема – жеткілікті мөлшерде және ұзақ мерзімге беріле­тін арзан несиелердің қолжетім­сіздігі, сондай-ақ айналым қаражатының тапшылығы, техниканың, қосалқы бөлшектердің, тыңайтқыштардың, пес­тицидтердің және т.б. үнемі қым­баттауы, кадрлардың жетіспеуі. Президент айтқандай, агроөнеркәсіп кешені ұстануға тиіс жаңа әрі тұрақты ереже жұмыс істеу үшін 2025 жылға дейін қабылданған ұлттық жобаны қайта қарап, жаңа жоба қабылдау жұ­мыс­тарын бастау қажет. Алайда бұл мәселені 2024 жылы қолға алу керек.

Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін агро­өнеркәсіп саласын дамытудың мем­лекеттік бағдарламасында көздел­гендей, 2025 жылға дейін өсім­дік шаруашылығы мен мал шаруа­шылығын субсидиялау бағдар­ламасын ағымдағы нұсқада қалдыру орынды деп санаймыз. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісін форвардтық сатып алу және аванс беру (бірыңғай оператор арқылы) жөніндегі ұсыныстарын қолдаған жағдайда Азық-түлік корпо­р­ациясының нысаналы қаржы­лан­дыру көлемін халықтың азық-түлік­ке жылдық қажеттілігінің 80 пайы­зына дейін жеткізу қажет. Мал шаруа­шылығы бойынша осындай қағи­датты қолдану қажет деп санаймыз.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіне кіретін өнімдердің барлық позициясын мемлекеттік сатып алу көлеміне қосу қажет. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент машина-трактор паркін жаңарту жөнінде тапсырма берді. Себебі Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы ескірген. Техниканы жаңартпай, еңбек өнімділігін арттыру және фермерлердің табысын арттыру мүмкін емес. 2022 жылғы шілдеде Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы «Жасыл даму» АҚ-ның кәдеге жарату алымынан түскен қаражатынан отандық техниканы жеңілдікпен лизингтеу бағдарламасын қабылдау туралы ұсыныспен Президентке хат жолдады. Осылайша, 5 тамыздан бастап тиісті бағдарлама іске қосылды. Бұл бойынша фермер жылдық 6 пайызбен, төлеу мерзімін кейінге қалдыру арқылы, бастапқы жарнасыз техниканы алу мүмкіндігіне ие болды. Лизингке бөлінген қаражат сомасы 40 млрд теңгені құрайды. Әрине, біз бұл қаражат техника паркін үлкен көлемде жаңарту үшін жеткіліксіз екенін түсінеміз. Алайда алғашқы қадам жасалды деп санаймыз және егер бұл тәжірибе сәтті болса, жеңілдікті лизингке бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтуды ұсынатын боламыз.

Президент ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде агроөнер­кәсіпті әр кез назарында ұстай­тынын білдірді. Бұл осы салаға Президент тарапынан үлкен бақылау әрі қамқорлық бар екенін байқатады. Енді Президент берген тапсыр­малар­дың уақтылы әрі сапалы орындалуы маңызды. Бізде негізі үлкен әлеует бар. Сол әлеуетті пайдаланып агро­өнеркәсіп кешенін жоғары деңгейлі салаға айналдыруға болады. Ол үшін қаржы қажет, әрине. Сонымен бірге үлкен ерік-жігер, кәсіби көзқарас та керек. Соның бәрі тоғысқанда сала алға озады. Мемлекет басшысы соны меңзеп отыр.

 

Жигули ДАЙРАБАЕВ,

Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы